• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2020

Жұрт жәрмеңкені күтуде

220 рет
көрсетілді

Дәл осы көкөністер жиналған кезде Павлодар қаласында апта сайын дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтетін. Онда тұрғындар өнімдерді арзан бағаға сатып алса, өндірушілер де барын сатып, нәпақа табатын. Биыл ол жоқ. Нұр-Сұлтан қаласында жәрмеңкелер өткізіліп жатқанда, Ертістің Кереку өңірінде мол өнім неге саудаға шығарылмайды? Тұтынушыларға тамақ, өндірушілерге табыс керек емес пе? Эпидемиялық жағдай жақсы бола тұра, рұқсат берілмеудің сыры неде?

Павлодар өңірі өзінің картоп-сәбіз секілді көкөніс өнімдерімен республикаға танымал. Жыл сайын 500 мың тоннадан астам мөлшерде картоп жиналады, биыл­ғы түсім одан да артық. Яғни 564 мың тоннадан артық болады деп болжануда.

Фермерлік шаруашылықтар кар­топ, көкөніс өнімдерін молы­нан жинап жатқанда, жылда­ғыдай жәрмеңкеге апарып сау­далауға мүм­кіндік берілмей келеді. Әуелде 17 тамыздан бас­тап карантиндік шаралар бәсең­детілген кезде шаруалар «Енді сөрелерге өнім апарармыз», деп үміттеніп қалып еді. Павлодар облысының Ақсу қаласындағы Ев­геньевка ауылының көкөніс­шілері осыған дейін бір түптен 2,5 кило қы­занақ алып жатқанын, алайда қалаға апарып сатуға мүм­кіндік жоқтығын айтып шағым­данған еді. Ол кезде де ауыл ша­руашылығы басқармасының өкілдері санитарлық дәрігердің тиісті қаулы-рұқсаты жоқтығын көлденең тартқан. Сонда дән еккен ағайынның нәпақасын кім ойлайды? Олар да күзде жәрмеңкеге өнім апарып саудалауды жоспарлап қойған еді ғой. Міне, қазан айы да келіп жетті. Өнім қатары ұлғайып келеді, қырыққабат та жиналады. Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында, өзге де облыстарда ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өт­кізіліп жатқанына 1 айдай уақыт болса да, Павлодар өңірі неден секемденіп отыр? Жағдай бұлай жалғасып, жиналған өнім тұрып қалса, көп кешікпей бұзыла бастайтыны анық. Дәл осы сәтте жәрмеңке ұйым­дастырылса, шаруа­шылықтар облыс орталығына өнімдерін әке­ліп, арзан бағаға жылдам өткізіп жіберер еді. Жақында облыстық әкім­дікте өткен жиында «Ақтоғай-Агро» ЖШС-ның бас директоры Алек­сандр Терентьев көкөністі сырт­қа өткізе алмай, тығырыққа тіре­ліп отырғанын жасырмады. Ай­мақ­тағы ірі шаруашылықтар ты­ғырықтан шығар жол таба алмай отырғанда, орта және ұсақ  шаруашылықтардың мүшкіл халін бағамдай беріңіз.

Жыл сайын жәрмеңкеден қыс­қа жетерлік қор сатып алатын тұтынушы қауым да арзан бағалы өнімдерді өндірушілерден тіке­лей сатып алуды әлі күтуде. Қан­ша күтері де беймәлім.

– Азаматтардың денсаулы­ғы­нан асқан байлық жоқ, ережеге бағы­нуымыз керек. Бірақ қазір жағ­дай тұрақталды ғой. Нағыз жәр­мең­ке ұйымдастырылатын уақыт. Са­нитарлық талаптар сақ­талып өт­кізілсе, кімге зиян? Шаруаларға да, біз сияқты аз ғана зейнетақысын үнемдеп отырған қарияларға да тиімді емес пе? Әйтпесе қазір сауда орындарында барлық азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбат. Егер жәрмеңке жұмыс істей бастаса, өнімдерді әлде­қайда төмен бағаға сатып алатын едік, – дейді облыс орталығының тұрғыны, зейнеткер Айтжамал Молдаханова.

Тұрғындардың базынасын Пав­ло­дар облысы әкімінің ауыл шаруа­шылығы жөніндегі орынбасары Асайын Байхановқа жеткіздік.

– Иә, жәрмеңкенің қайта өткізілгені дұрыс болар еді. Бірақ облыстың бас мемлекеттік сани­тарлық дәрігерінің қаулысына бағынамыз. Нұр-Сұлтан қала­сын­да ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкеге сатып алушылар бір жерден кіріп, бір жерден шы­ға­ды. Дезинфекциялық тоннель орнатылып, өзге де санитарлық ере­желер қатаң қадағалануда. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Дей тұрғанмен, келер аптадан бастап жәрмеңкені өткізу мәсе­лесі қарастырылуда. Көкөніс өсірушілер өнімін өткізе алмай жатыр дегенге келісу қиын. Чернояркалық шаруалар картоп пен сәбізді Ресейге, елі­міз­­дің өзге де өңірлеріне жө­нелтуде. Қоймаларда да сақтауға мүмкіндіктері бар, – дейді А.Бай­ханов.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының маманы Татьяна Нагуланың мәліметінше, Павлодар облысында 2019 жы­лы 616 жәрмеңке өткізіліп, онда  2 млрд 233,1 млн теңгенің өнім­і саудаланған. Тек облыс орталығында 50 жәрмеңке ұйым­дастырылып, 1 млрд 716 млн теңгенің тауары сатылған. «Негізінен, облыста өндірілетін көкөніс, картоп өнімдері, да­қылдар, қара мал, ұсақ мал еті, құс еті, бал, жұмыртқа, тағы бас­қа өнім­дер саудаланған. Биыл, өкі­нішке қарай, көктемнен бері бұл шара тоқ­татылды. Ендігі жер­де бұл мәселе аса өзекті. Жәр­­меңкеден жұртшылық қысқа қажетті азық-түлік қорын сатып алады. Бұл жағдай өндірушілерге де аса тиімді», дейді басқарма маманы.

Сөздің түйіні, дәстүрлі сен­бі­лік ауыл шаруашылығы жәр­меңкесін санитарлық талаптарды сақтай отырып, Павлодар облысында неге қай­та өткізбеске? Осы мақаланы жазу барысында басқарма өкілдері хабар­ласып, қазір аудан-қалалармен келіс­­сөз жүргізіліп жатқанын хабар­лады. Шаруашылықтарды ұйым­дас­тыру арқылы осы сенбі, 3 қазан күні алғашқы жәрмеңке өткізілуі мүмкін.

Шынымен, жәрмеңке қайта жал­­ғасын тапса, ұзақ күткен жұрт­шы­лыққа да, өндірушілерге де бірдей тиімді болары сөзсіз. Дегенмен, бас­қарма өкілдері келу­шілерге сақтықты қа­таң сақтау, бақылау шаралары туралы барынша ескертілетінін айтуда. Әрине, келіспеске амал жоқ. Бастысы, күздің берекесі қалалық­тар­дың дастарқанына жетуі тиіс. Им­муни­теттің көкесі де осы дәруменді өнім­дерде.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

 

ПАВЛОДАР