Қазақстандағы ең ірі базарлардың бірі карантин салдарынан 6 ай бойы жабық тұр, деп хабарлайды Egemen.kz
Фермерлер 6 айдан бері сауда орындарында мал сатып ала алмайды, не оны сата алмайды.
Қарабұлақ ауылындағы мал базардың жанына күнде ондаған сатушы жиналады.
Олардың айтуынша, базар ашылмағандықтан, саудагерлер шығынға батып отыр.
"Несиелеріміз бар. Әрең төлеп отырмыз. Біз мал сатумен ғана айналысамыз. Отбасымызды да осылай асыраймыз. Енді мұнда жұмыс жоқ. Жұмыс істейін десең не фабрика, не зауыт жоқ. Бұл базар Қазақстандағы ең ірі мал базар еді, 7 мыңға дейін мал сыятын. Еліміздің әр түкпірінен жылқы, сиыр, қой әкелетін. Қазір базар жабық тұрған соң саудагерлер шығынға батып жатыр", деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Бахадыр Мамасалиев.
Ал Тараздық кәсіпкер Ержан Тоғысбек бұл жағдай еттің бағасына айтарлықтай әсер ететінін атап өтті.
"Бәрі қымбаттайды. Себебі енді біз бұл жерден малды арзан бағаға сатып ала алмаймыз. Бұл негізгі базар еді, бірақ ол жабық тұр", деді ол.