Орал қаласындағы «ДайвПромТехСервис» ЖШС елімізде өте сирек кездесетін кәсіппен айналысады. Атап айтқанда, жекеменшік кәсіпорын су астындағы техникалық жұмыстарды сапалы түрде атқара алады. Оның жетекшісі, жаңашыл инженер Светлана Лакееваның су астындағы жұмыстың маңызы мен ерекшелігін дәлелдеп берген тың жобасы мемлекеттік грантты жеңіп алыпты. Оған өз қаражатын қосқан меншік иесі арнайы құрал-жабдықтармен өздерін толық жабдықтаған.
Орал қаласындағы «ДайвПромТехСервис» ЖШС елімізде өте сирек кездесетін кәсіппен айналысады. Атап айтқанда, жекеменшік кәсіпорын су астындағы техникалық жұмыстарды сапалы түрде атқара алады. Оның жетекшісі, жаңашыл инженер Светлана Лакееваның су астындағы жұмыстың маңызы мен ерекшелігін дәлелдеп берген тың жобасы мемлекеттік грантты жеңіп алыпты. Оған өз қаражатын қосқан меншік иесі арнайы құрал-жабдықтармен өздерін толық жабдықтаған.
– Біз су астында құбырлар мен кабельдер жүргіземіз. Металл құрылғыларын құрастырамыз. Гидротехникалық нысандарды да жөндей алатын серіктестік теңіз түбіндегі жағдайға мониторинг те жасап бере алады. Бұл ерекше жұмыстардың бәрі тиісті келісімшарт пен тапсырыс бойынша атқарылады, – дейді ЖШС жетекшісі.
Бізді тағы бір қызықтырған жайт, «ДайвПромТехСервистің» суда өздерін балықтай еркін сезінетін мамандары сонымен бірге өзен, көлдер мен теңіз түбінде не болып жатқанын тексеріп бере алады. Бұл жұмыстарды жүргізетін арнайы мамандандырылған сүңгуірлер бар. Олар су асты әлемін түсіретін арнайы бейнекамералармен жабдықталған. Осы арқылы қарасаңыз су асты қоқысқа толы екеніне әркім көзін жеткізе алады. Мұнда нелер жоқ дейсіз? Кәдімгі тұрмыстық қалдықтардан басқа баяғыда суға батып кетіп, су астын мәңгі мекен еткен қайықтар мен катерлерді көрер едіңіз.
Айталық, Жайық өзенінің экологиялық жағдайы жөнінде жиі айтылғанымен, оны тазарту жұмыстары әлі күнге дейін қолға алынбағанына С.Лакеева үлкен қынжылыс білдірді.
– Сүңгуір – елімізде өте сирек кездесетін мамандықтардың бірі. Мұндай кәсіп иелері кез келген жерден таптыра бермейді. Осындай зәрулік пен тапшылықты қалай реттеп жүрсіз? Біз көкейге келген осы сауалды арнайы мамандандырылған кәсіпорын иесіне қойдық. Ол бұған тосылмай төмендегіше жауап қайтарды.
– Оның ешқандай құпиясы да, қиындығы да жоқ. Мен «ДайвПромТехСервистен» басқа «Лакеева Ж.К.» мен «Жеке оқыту мекемесіне» жетекшілік етемін. Оның біріншісі жұмысшы мамандарды даярлау және қайта даярлау, кәсіби деңгейлерін көтеру мәселелерімен шұғылданады. Ал, екіншісі оларды аттестациядан өткізеді. Заң талаптары бойынша өзім даярлаған мамандарды өзім аттестациядан өткізуге болмайды екен. Сондықтан, белгіленген ережеге сәйкес жеке оқыту мекемесін құруға тура келді. Сөйтіп, өзім даярлаған мамандарды «Жеке оқыту мекемесі» арқылы аттестациядан өткізіп жүрмін. Осы арада айтайын дегенім, орталық сүңгуірлерді де өздері даярлайды. Сондай-ақ, су астындағы техникалық жұмыстарды атқаруға дағдыландыру үшін арнайы курстар мен нақты тәжірибелік шаралар жүргіземіз, дейді С.Лакеева.
Иә, су астындағы сан алуан жұмыстарды атқаруға бастамашы болып жүрген Светлана Лакеева ханымның ісіне таңғалмасқа, тәнті болмасқа лажың жоқ. Мұндай іс-әрекет батыл, ерік-жігері мол адамдардың қолынан ғана келсе екен. Солардың бірі, бірі емес-ау бірегейі әйел заты болғанына қарамастан, өткірлік пен тапқырлық әрі кәсібилік үлгісін көрсетіп жүрген бүгінгі кейіпкеріміз екені хақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.