• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2020

Мұрат Әйтенов ардагерлерді қарттар күнімен құттықтады

646 рет
көрсетілді

1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай Наштайұлын қарттар күні мерекесімен құттықтады. Кездесуде қала ардагерлерінің жағдайы мен кеңестің қоғам өміріндегі маңызы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz

Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады. Бүкіл өмірін қажырлы еңбекке арнаған қарттарға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар тарту етті. Қоғам қайраткері Нұрмаханбет Әжіметұлын мерейлі мерекемен құттықтай келген қала басшысы аға буынның Отанға деген сүйіспеншілігі жас ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге боларын айтты.

Нұрмаханбет Әжіметұлы 1927 жылы Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылында дүниеге келген. Партия, кеңес қызметкері, қоғам қайраткері. Оңтүстік Қазақстан облысының және Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас, Алғабас, Келес аудандарының Құрметті азаматы. Жұбайы Нұрекенова Рабигүл — Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері. Ұл-қыздары жоғары білімді мамандар.Мұрат Әйтенов тыл ардагері Нина Лычагинаның да отбасында болып, ардагер апамызға жылы лебізін білдірді. Шаһар басшысы әр ісi ізеттілік пен үлгi-өнегеге толы қадiрмендi қариялардың елге сiңiрген ерен еңбегі ұрпақ санасында мәңгі сақталарын жеткізді.

Нина Лычагина 1927 жылы Воронеж облысы, Грибанов ауданында туған. Оқуды бітірген соң 1946 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына жолдама алып, мұнда 1946-1960 зоотехник мамандығымен жұмыс істеген. Ал, 1974-1986 жылдары облыстық меминспекцияда ауыл шаруашылық өнімдерін сатып алу жөніндегі бас мемлекеттік инспектор болып қызмет етті. Қария сол жылдардағы ерен еңбегінің арқасында «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен наградталған. Бүгінде немересінің отбасында тұрады.Айта кетейік, бүгінгі күні Шымкент қаласының мәслихат хатшысы мен қала әкімінің орынбасарлары және аудан әкімдері 70-тен астам ардагерлердің отбасына барып құттықтайтын болады.