• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2020

Көкшетауда қарттарға құрмет көрсетілуде

281 рет
көрсетілді

Заманында табаны тастан таймаған тарланбоздай бар жұмысты еңсеріп, қоғам байлығын еселеуге үлес қосқан қазыналы қарттар қандай құрметке болсын лайық. Жалғыз айлық шеңберінде ғана емес, жарық күннің әрбірінде жастардың жүрек жылуына бөленіп жүрсе, шіркін!

Арасында қаланың құрметті азаматтары, мәдениет саласының ардагерлері бар 145 қарияны қалалық мәдениет бөлімінің қызметкерлері құттықтап, сый-сияпаттарын тарту етіп, ізгі тілектерін білдіруде. 

–Тоқсанға толған жасымда еңбегіме сай аз құрмет көрген жоқпын,–дейді Көкшетау қаласының құрметті азаматы, ақын Шәмшия Айтжанова,–халқымызда «атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дейтін аталы сөз бар. Егдесін ескеріп, қартын қадірлеген қоғамның ізгілігі біздің жүрегімізді жылытып, қуат бере түседі.

Мереке қарсаңында жүзден аса іс-шаралар ұйымдастырылады. Карантин талаптарына сай барлық шара онлайн түрінде өткізіледі. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитованың айтуына қарағанда, ізетті шаруа бүгіннен басталмақ. Облыс орталығында 27 мыңнан астам зейнеткер тұрады екен. Олардың әрқайсысы құрметке бөленбек.

 

Көкшетау қаласы.