• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қазан, 2020

Қостанайда сегіз ауылға карантин енгізілді

1361 рет
көрсетілді

Эпизоотияға қарсы және эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруды үйлестіру үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан ахуал орталығы құрылды. Бұл туралы Қостанай облысының ӨКҚ өткен онлайн-брифингінде Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет айтып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

"Осыдан он күн бұрын Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы елді мекендерде өлген құстардың патологиялық материалдарын диагностикалық зерттеуден өткізді. Соның нәтижелері бойынша облыс аумағында "жоғары патогенді құс тұмауы" диагнозы қойылды", дейді Бауыржан Бекет.

Бауыржан Бекеттің айтуынша, осыған байланысты ветеринарлар инфекция ошақтарында эпизоотологиялық тексеру жүргізіп, актілерін АШМ ветеринария басқармасы облыстық аумақтық инспекциясына ұсынған.

Қостанай облысының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы бойынша Меңдіқара ауданының Красная Пресня, Сарыкөл ауданының Маяк, Тағыл, Ұзынкөл ауданының Сокол, Арқалық қаласының Родина, Фурманов, Алтынсарин ауданының Приозерное, Қарабалық ауданының Михайлов ауылдарында карантин белгіленген.

Сондай-ақ ол аталған елді мекендердің кіреберісінде блок-бекеттер орнатылғанын және құстар мен құс шаруашылығы өнімдерін шығару тоқтатылғанын хабарлады.

Бүгінде Республикалық қордан құс тұмауына қарсы вакцинаның 366218 данасы келіп түскен. Құстарды вакциналау елді мекендерден 25 километр радиуста буферлік аймақта жалғасады.