Көрген жоқ ешкім түр-түсін,
Көрген жоқ ешкім тілдесіп,
Естіртпей үнін, күлкісін,
Ғайыпта жүрді күн кешіп.
Әркім тек сырттай сенді де,
Әулие тұтып сиынды.
Келіңдер деген жеріне
Кешікпей бәрі жиылды.
(«Көктемір», І. Мәмбетов).
Ойыл-Қиыл бойын жайлаған Мәтен есімді беделді кісінің қызы Сапура 1775 жылдың көктемінде Қобда өзенінің Елекке құяр сағасында жасақ құрғанда, оның қолына келіп қосылған сарбаздардың саны екі мыңға жетеді. Патшалық езгіге қарсы күресте тез арада қуатты күшке айналған Көктемір (Сапура) қолы Нұралы ханның билігіне де елеулі қатер төндірді. Көктемір Сарытауға (Саратовқа) дейін жаулаймын деген жоспар құрды. Бұл – Пугачев көтерілісі аяқталған кезең болса да, Еділ бойының әр жерінде ошақтары тұтанып жатқан кез еді. Көктемірдің қолы Орынбор шебінің бойындағы – Жоғарғы Жайық, Қызыл, Таналық, Ор бекіністері мен Ильинск және Елек қорғанысы қамалдарына бірнеше дүркін шабуыл жасайды. Оның сарбаздары қаша соғысу және партизандық күрес тәсілдерін жетік меңгергендігі сондай, бір жыл бойы жазалаушы отрядтарды әбден адастырып келді. Көктемірдің негізгі тұрағы – Қобда мен Електің арасында болса да, жылдам орын ауыстыратын жинақы әскери күшті Досалы сұлтан да қолдаған.
1776 жылдың жазында көтеріліс басылды. Осыған дейін «жын-перімен байланысқан, темір сауытты пәле» деп қарсыластарына қорқыныш үрейін туғызған қыз ұшты-күйлі ғайып болды. Кеткенін ешкім көрмеді, көшкенін ешкім көрмеді, өлгенін ешкім көрмеді.
Қасқыр терісін жамылған қыз
Өлкетанушы Нұрлыбек Қалауов Ойыл ауданы Амангелді ауылының қарттары – Есмұханов Оразғали, Меңдіғалиев Төрехан, Көтібаров Меңдіғалиден 1983 жылы Көктемір туралы аталарынан жеткен әңгімелерді жазып алған. Қарттардың айтуынша, жұрттан саяқ жүретін жас Сапураны ел «Пірі – бөрі, темір қыз – шу асаудың перісі» атандырған. Бұл көтерілістен бұрынғы жағдай болса керек.
«Шу асаудың перісі» дегеннің мәнісі – апамыздың орақ және жарақ жылқыны тай күнінде танитын ерекше қасиеті бар екен. Орақ – күнделікті шаруаға мінетін жай тұғыр ат болса, жарақ – сезімтал, өте төзімді, қажырлы, жауға шапқанда мінетін тұлпар. Қаншалықты асау жылқы болса да, Сапура жақындаған кезде аяқтары дірілдеп, жуасып қалғанда, батыр жалы мен шоқтығынан тартып тұрып жадағай мініп кете береді екен.
Ал «пірі – бөрі» дегенді қасқырды жалаңаш қолымен ұстайтын қайратына бола айтқан. Ол заманда да малға қасқыр шауып маза бермейді ғой. Содан қасқыр аулауға шыққанда, абадан көкжалдар далаға безіп кеткенде, жандары қысылған ұрғашылар апанға қашып тығылады. Сапура апандағы қасқырды тірілей жалаңаш қолмен суырып алып шығады екен. Бұл – былай. Қасқыр апанының аузы кең болғанымен, біртіндеп тарыла береді. Адам қолы жарақаттанбауы үшін қыл шылбырды қалың етіп орап түседі. Тар ін, сасық иіске қарамай, түбіне дейін еңбектеп жетіп, бетпе-бет келген адамнан қасқыр тайынбайды. Қолын алға созғанда, бір атылады да, содан қарысып алып жібермейді. Қасқырды сүйрелей сыртқа алып шығады. Тірі бөрілерді жалаңаш қолмен суырып алатын жүректілігіне қарай Сапура «бөрінің пірі» атанған».
Ол ұзын бойлы, ірі денелі, қарасұр қыз екен. Үнемі жалғыз, саяқ жүретін болса керек. Жер жағдайын өте жақсы білген. Бір жолы мынадай айламен құтылып кеткен. Көктемір жорыққа аттанып бара жатқанда ұрғашы қасқырды тірілей ұстап алып, құйрығын екі аяғының астынан өткізіп, қозғалмастай етіп тұмсығына ораған күйі бір сайдың түбіне байлап кетеді. Шабуылдап қашып келе жатқанда әлгі жыраға түседі. Соңынан жеткен қуғыншылар сай-жыраны түгел қоршағанда, үстіндегі шекпенін байлаулы қасқырдың үстіне жабады да, құйрығын шешіп қоя береді. Қуғыншылар оны жаяу қашып бара жатыр деп ойлап, шекпен киген қасқырдың соңынан кетеді. Маған дерек берген үш кісінің айтуынша, Көктемір қыз иығына тістері ақсиған екі қасқырдың басын байлап жүреді екен. Бұл дұшпанға айбат шегу үшін жасалған әрекет болса керек», дейді Нұрлыбек Қалауов.
Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы «Сапура – қазақша айтқанда аруақ қонған адам. Ол жөнінде Нәйла Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» деген үлкен еңбегі, Ізтай Мәмбетовтің «Көктемір» және «Пугачевтің нөкері» деген поэмалары бар. Екіншісінде, Пугачевпен анттасып дос болып, Қазанды алғанда қазақ жасағын басқарып, Царицындағы Пугачевтің соңғы шайқасында ауыр жараланған Кәрім туралы жырланады. Кәрім кім? Қай жердің адамы? Білмейміз. Егер Пугачев көтерілісін індетіп қаза берсе, қазақтарға қатысты да көп жайттың беті ашылары анық. Ол үшін Омбы, Орынбор архивтеріндегі Құпия Кеңестің жазбаларын, әскери есептерді қарау керек», дейді.
«Бекінді Пугач Берді
қыстағына...»
«Орынбор Гурьевтің арасына
Қазақтар болды күзет
әр асуға».
(І.Мәмбетов. «Пугачевтің нөкері»)
1774 жылдың басында Пугачевтің орыс-казак, қалмақ, башқұрт, қазақ, татар ұлттарынан құралған қалың әскері Орынборды алты ай қоршап тұрғанда, оның тұрағы қазіргі Бердяев ауданында болған. Бұл – Пугачев заманындағы Берді қыстағы.
1774 жылдың қара күзінде Царицынның шығысында тас-талқан болып жеңілген Пугачев Еділден өтіп, қазақ даласына сіңіп кеткісі келген. Содан Суворовтың әскерімен қаша соғысып, он шақты казакпен Еділге шегінгенде, оны қасындағылар ұстап берген. Ізтай ақынның айтуынша, бұл жолы
«Шайқаста қаза тауып
Овчинников,
Құлады Кәрім аттан
жараланып».
Поэманың соңындағы эпизод: Көктем. Ел Ырғыз жағасына жайлауға қонып, үй тігіп жатқанда, олардан саяқ сақал-шашы ақ күмістей 100 жастағы қарт төбеде ойға шомып отыр. Ол – Пугачевта қазақ жасағын басқарған Кәрім. Царицын түбіндегі айқаста құлаған ол жаралы күйде қаша жүріп, «қалмақ жерін кезіп, үй көрсе бірде барып, бірде безіп саяқ жүріп», Жайыққа жүзетін пароходқа мінген. Қырда жасырынып жүргенде хиуалықтар ұстап алып, құм ішімен айдап апарып, құлдыққа сатады. 20 жыл құлдықта жүріп, елге оралған. Ізтай Мәмбетовтің кейіпкері Ырғызда жатыр.
Тарихтан аңыз болып келіп, аңыз болып жоғалған батыр қыз жазалаушы отрядтың құрбаны болды ма, белгісіз. Ұрпақтары туралы да айтылмайды. Пугачев көтерілісінен кейін бір жылдан соң өршіген Сапура қыздың көтерілісі ел жадында сақталмады. Тек сол кездің оқиғаларының куәсі Ойыл-Қиыл бойындағы жер-су атаулары, қорымдарға беттері жасырылған күйі шаһидтер төмпешік болып қалған шайқас алаңдары ғана. Үш жүз жылдан бері мұндай орындар сол күйі қарауытып жатыр.