• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қазан, 2020

Орыс қызы қазақ тілінен сабақ беріп жүр

2730 рет
көрсетілді

«Баласымен орысша сөйлесіп бара жатқан қазақты көрсем, таң­ғаламын» дейді Надежда Шу­­шаникова. Қазақшаға судай На­деж­да Өскемендегі Л.Гумилев атын­дағы №38 мектепте орыс сы­ны­бына қазақ тілінен сабақ береді.

Өзге ұлт өкілі қазақшаға ағып тұрса, әлі таңғаламыз. Таңғалатынымыз заң­ды да. Өйткені кейбір қазақтың өзі ана тіліне мұрын шүйіре қараған соң өзге ұлт не қылсын дейміз іштей. Ал Зай­сан қаласының тумасы Надежда Алек­сандровна орысша балабақшаға барып, мектепте орысша оқыса да қазақтың тіліне деген құрметі ерекше. 

– «Тілін білмеген түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жылатады». Міне, Ғабит Мүсіреповтің осы сөзі жаныма жақын. Қаншама мән жатыр?! Қазақ болып тудың ба, қазақ­ша сөйлеуге тиіссің. Ал әр балаға ана тілі ана сүтімен дариды. Соны естен шығар­мауымыз керек, – дейді Надежда.

Филология факультетін тәмамдаған Надежда Шушаникова қызмет жолын аудармашы болып бастаған. Бүгінде ол – ілеспе аударманың да білікті маманы. Оның қазақ тіліне деген қызығушылығы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ арт­қан. Сөйтіп өзінің дегеніне жетіп, орыс сыныбының оқушыларына сабақ беріп жүр. Бұ­ған дейін ол облыс орталығындағы линг­вистикалық орталықта да ұстаздық еткен.

– Оқушылардың қазақ тіліне деген құлшынысы, қызығушылығы жоғары. Көбі сабақты жақсы оқиды. Бірақ былай шыға орысша сөйлеп кетеді. Қазақ тіліне деген қажеттілік артса, олай болмас еді, – дейді қазақ тілінің ұстазы.

«Қай елде тұрсаң, сол елдің тілін білуіміз керек» дегенді жадына жақын ұстайтын Надежда үйінде де өзінің екі қызына қазақ тілін үйретеді. 8-сынып оқитын тұңғыш қызы қазақ тілінен жоба қорғаған. Биыл жобасын жалғастырып жатыр. Ал жолдасы Дмитрий қазақша сөйлей алмағанымен, жақсы түсінеді.

Қазақша мақалдап сөйлегенде қазақ­тың өзін жаңылдыратын Надеж­даның ендігі арманы – түрік тілін меңгеру. Өзге тілдің бәрін біліп өз тілі­не, қазақ ті­лі­не құрметпен қарайтын орыс қызы шә­кірт­теріне ғана емес, иісі қазақ­қа үлгі.

 

Шығыс Қазақстан облысы