• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қазан, 2020

Ақсайдың ажары ашылды

243 рет
көрсетілді

Біраз жыл бұрын республикада моноқалаларды дамыту бағдарламасы қабылданды. Соған сәйкес оның тізбесі жасалып, моноқалалардың жай-күйін жақсарту үшін қазынадан қажетті қаражат бөлінді. Мемлекет тарапынан жасалған мұндай қолдау белгілі бір деңгейде тиісті нәтижесін берді.

Екі жыл бұрын еліміздегі моно­қалаларды дамыту жөніндегі дербес бағдарлама алдына қойған мақсатын орындап, ел өңірлерін дамыту жө­ніндегі дербес бағдарламаның шең­беріне енгізілген еді. Бұл бюджет қа­ра­жатын тиімді жұмсау тұр­ғысынан туындаған түзету болатын. Бұдан моноқала тізімінен орын алған 53 қа­ла ұтылыс тапқан жоқ па? Рас, 2019 жылы республика бойынша ай­мақтарды дамыту бағдарламасына сәй­кес моноқалаларға небәрі 7 млрд тең­ге бөлінгенін ескерсек, аталған сома­ның жеткіліксіздігі айқын көрі­неді.

Сонда моноқалалар алдағы уақытта дамудың қандай жолына арқа сүйегені жөн? Бұл сауалдың жауабын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан хал­қына Жолдауынан табуға болады. Президент тұжырымына сүйенсек, моноқалаларды дамыту ісіне тың серпін беру аса маңызды. Бұл ретте қала құраушы кәсіпорындарға зор жауапкершілік жүктеледі. Атал­ған кәсіпорындар атсалыспаса, бұл міндет орындалмайды. Яғни жо­ғары және жергілікті атқарушы орган жетекшілерінің алдында тұрған міндет барынша ашық айтылған. Бұл бұған дейінгідей моноқалаларды дамытуға мемлекет есебінен аста-төк мол қаражат бөлінбейді деген ұғымды білдіреді. Керісінше, Мемлекет бас­­шысы алға қойған тапсырмада қала құраушы кәсіпорындардың арқалайтын жүгі барынша салмақты, жауапкершілігі барынша жоғары болатыны көрсетілген.

Сондықтан да әңгімемізді рес­пуб­ликадағы моноқалалар тізбегінің бел ортасынан орын алған Ақсай қала­сының мысалында әрі қарай өрбіт­кенді жөн көреміз. Бұл ретте кеншілер қа­ласы атанған Ақсайдың қала құраушы кәсіпорындар жөнінен бағы бес елі. Оның ең басында КПО б.в. альянсы мен осы компания­мен еншілес «Ақсайгазсервис», «Ақсайавтотранс», «Қазбургаз» АҚ және өзге де үлкенді-кішілі кәсіп­орындар тұрады. Аталған қала құрау­шы ұйымдардың моноқаланың өсіп-өр­кендеуі мен дамуына, көшелер мен кәріз құбырларының жөнделуіне, әлеу­меттік-тұрмыстық нысандардың бой көтеруіне тигізіп отырған көмегі мол.

Бүгінде Ақсайда 43 мыңға таяу адам тұрса, экономикалық тұрғы­дан белсенді халықтың 30 пайызы жоғарыда аталған КПО б.в. компаниясында, өзге де қала құраушы кәсіпорындарда қызмет атқарады. Мұнда төленетін еңбекақы мөлшері өте жоғары екенін айтуға тиіспіз. Са­лыс­тырмалы түрде кейбір дерек­терді алға тартсақ, орташа жалақы мөлшері облыс бойынша 160 мың теңгені құраса, бұл көрсеткіш кеншілер қаласы Ақсайда 400 мың теңгенің төңірегінде. Ал Қарашығанақ кен орнында жалақының орташа көлемі 1,5 млн теңгеден айналатын көрінеді.

«Соның әсері шығар, жергілікті тұрғындардың жүргізуші және қара­пайым жұмысшы секілді қызметтерді атқаруға құлқы соға бермейді. Айта­лық, қала тазалығымен айналысатын бір мекеме жүргізушіге айына 150 мың, жұмысшыға 200 мың теңге ұсын­са, жұмыскерлер оны атқарудан бас тартады. Сөйтіп Ақсайда осы санатқа кіретін адамдарды еңбекке тарту өте қиынға соғып отыр. Бұған өзге өңірлерден келетіндер де бар. Әйтсе де аталған ақы олардың пәтер жалдауына және азық-түлік тауарларын тұтынуына, сондай-ақ әрлі-берлі жолақы шығындарын төлеуге жырымдалып кететін болғандықтан, бұл жұмыстан бас тартатындар жет­кілікті», деді қала әкімі Амангелді Тоғызбаев.

Әрине, жоғарыда айтылған мәсе­ле мұнда жұмыссыздық жоқ деген ұғымды білдірмейді. Бұл қай кезде де болатын әрі бола беретін үде­ріс екеніне ешкімнің таласы бола қой­мас. Гәп басқада. Гәп биржаның, яғни жұмыспен қамту орталығының есебінде тұрса да тұрғындардың 150-200 мың теңге төңірегіндегі жалақыны азсынуында. Жұмыссыз ретінде тіркелген 3 ай уақытта олар жәр­демақыға төленетін 70 мың тең­гені місе тұтып, сонымен бір мез­гіл­де аңысын аңдып, қалай дегенде де шетелдік немесе отандық компа­нияның біріне жұмысқа кіріп, жоғары жалақы алуға қол жеткізуге жанталасады.

Осы уақытта отбасының бір мүшесі қала құраушы кәсіпорында ең­бек етіп жүрсе, қаржыдан тарыға қой­майтынын да тұрғындар жақ­сы түйсінетін сыңайлы. Бөр­лі ауда­нының әкімі Миржан Сат­қа­нов айтқандай, ақсайлық тұрғын­дардың бәріне қаражатты мол тө­лей­тін компанияларға орналасу тіпті де мүмкін емес. Сірә, мұны моно­қа­ладағы кереғар бір көрініс деп тұ­жырымдаудың жөні бар секілді. Осы орайда қала тұрғындарының бойына сіңіп қалған барды бағалай ал­мауға саятын теріс психологиялық тұр­мыстық көңіл күйді өзгертуге қам-қарекет жасау қажеттілігі қылаң беріп қалады.

40 мыңнан астам тұрғыны бар мо­ноқалада бүгінгі таңда басты проблеманың бірі – дәрігер мен мұ­ғалім мамандығы бар жоғары білімді мамандар мен орта буындағы медицина кадрларының жетіспеуі. Әсіресе, қала мектептерінде мате­ма­­тика және физика пәндері мұға­лімдерінің жетіспеушілігі айқын сезілуде. Ең басты қауіп, мұндай жағдайда білім сапасына елеулі нұқсан келмек. М.Сатқановтың ай­­туынша, бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып келеді. Айталық, 1 жыл бұрын дәрігер кадрлар тап­шылығы 45 адамды құраса, қазір оның саны 27-ге төмендепті.

– Моноқала өзіндік ішкі заңды­лығымен ғана тыныстай алады. Мысалы, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына моноқала қатарын­дағы Ақсай қаласы қатыса алмай­ды. Яғни жоғары оқу орнын бітіріп келген жас мамандарға тиісті жеңіл­діктер қарастырылмайды. Кадр тап­шылығының бір сыры осында. Дегенмен қолда бар ресурс көздерін пайдалана отырып, жас мамандарға тиісті жағдай жасауға ұмтылып келеміз. Бұл үшін қалада бос тұрған бір ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, 30 маманды баспанамен қамтуды ойластырып отырмыз, – дейді аудан басшысы.

Елімізде моноқалаларды дамыту бағдарламасы бекітілген жылдары Бөрлі ауданының орталығында «Ақсай қаласының әкімдігі» деп аталған жергілікті басқару құрылымы құрылған-ды. Ақсай қаласының әкімі Амангелді Тоғызбаевпен әң­гіме барысында моноқұрылымды қар­жыландыру мәселесі екі-үш жыл бұрын қабылданған төртінші дең­гейлі бюджет шеңберінде ше­шімін тапқанын білдік. Қала ша­руашылығын жүргізудің тағы бір өзгешелігі – негізінен жергілікті өзін өзі басқару жүйесін алға ұстауында. Ай­талық, қосымша құн салығынан, сонымен бірге жергілікті және әлеуметтік салықтардан құралатын қала бюджетінің қаражаты 600 млн теңгенің үстінде екен.

– Қала басшысы ретінде мен мұның бір теңгесін жеке-дара өз еркіммен немесе өз шешіміммен жұмсай алмаймын. Маған мұндай құқық берілмеген. Меншікті қара­жатымыздың әр теңгесін тиісті мақ­сатқа жұмсау мәселелері жергілікті қауымдастық жиналысы (ЖҚЖ) мүшелерімен талқыланып, ортақ шешім қабылданады. Бұған ЖҚЖ-ға мүше болып кірмейтін қала тұр­ғындары да қатыса алады, – деді бізге Ақсай қаласының басшысы.

Көңілге түйген тағы бір жайт, биыл Ақсай қаласы бюджетінің бүйі­рі бұған дейінгі болмаған деңгейде «бұлтиып», республикалық трансферт есебінен табаны күректей 1,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл – бәрі­нің басын қосқанда 2 млрд 100 млн теңге қаражат деген сөз. Аталған со­ма қаланы абаттандыруға және қосымша 14 көшеге күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалған. Сөз жоқ, бұл 40 мың тұрғыны бар қаланың тақиясына тар келе қоймайды. Жұмсалған мол қаражат қаланы одан әрі дамыту мен абаттандыру жұмыстарына тың серпін бергені, соның нәтижесінде Ақсайдың ажары ашыла түскені іссапар барысында айқын аңғарылды.

Ақсайда шешімін тапқан мәселе­нің бірі – қаланы күл-қоқыстан және қат­­ты тұрмыстық қалдықтардан тазар­ту жөнінде атқарылған ке­шен­­ді іс-шаралар. Бұл мәселеде қа­лада былтыр күз-қыс айларында күрделі ахуал қалыптасса, биыл оның ізі де байқалмайды. Қала тазалығы көзге бірден шалынады. Ілкімді іс тұр­ғындардың санын анықтаудан, тұрмыс мәдениетін көтеріп, төлем төлеу жүйесін ретке келтіруден бас­тау алыпты. Соның нәтижесінде бұ­рын күл-қоқысты жинайтын кәсіпорынға айына 1,5 млн теңге түскен болса, қордаланған мәселе жаңаша көзқарас жағдайына көшкеннен кейін оның көлемі 8,5 млн теңгеге дейін өсті. Тұрғын үй аумақтарына қосымша 500 контей­нер қойылғаны да мәселенің оң шешілуіне септігін тигізді.

Міне, қатпары қалың моноқала  Ақсайдың бүгінгі даму барысының кейбір қырлары осындай.

 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

 

Батыс Қазақстан облысы,

Ақсай қаласы