Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы «Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады» дегенін оқыған соң, бірқатар азаматтың есімі еріксіз еске түсті. Азаматтар деймін, қай елдің азаматтары?
«Жел тұрмаса шөптің басы біздің жақта қимылдамайды». 2017 жылы Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк Ресейдің азаматы екен деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей ескен.
Сайттардың бірінде жарияланған мақалада «1998 жылдың 12 тамызында Головатюк Владимир Михайлович есімді азамат Ресей Федерациясының «Азаматтық туралы» заңының 3-бабының негізінде Астанадағы Ресей елшілігінің консулдығында Ресей азаматтығын алады. Тиісінше, төлқұжат рәсімдемеген, тек өзге елдің азаматтығын алған. Сөйте тұра Қазақстан азаматтығынан бас тартпаған» деп жазылған.
Мақала шықты. Ұлардай шулады ел. Сонымен қош, ешкімнің мұртын балта шаппады. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Ал В.Головатюк әлі күнге дейін облыстық мәслихаттың хатшысы. Демек, Ресей азаматы облыстың билігіне араласып отыр. Әлде мәслихат жұмысының мемлекетке, мемлекеттік қызметке қатысы жоқ па еді? Кім біледі, Владимир Михайлович кейін Ресей азаматтығынан бас тартқан да шығар. Бас тартып, Қазақ елі үшін жанын беріп еңбек етіп жүрсе игі ғой...
Биыл да «Жергілікті жердегі баспасөз билігі кімдердің қолында?», «Шетелдік азамат Шығыс Қазақстан облысын қолында ұстап келеді» деген мақалалар желіні шулатты. Мақала шыққанымен, ресми өкілдер халыққа ләм-мим деп ауыз ашпады. Кімнің кім екенін ашып айту керек еді.
«Жергілікті жердегі баспасөз билігі кімдердің қолында?» атты мақалада «Қазақтан басқа ұлт өкілдері, әсіресе орыстар жиі қоныстанған, Ресеймен шекаралас Шығыс Қазақстан облысының идеологиялық және ішкі саясат мәселесіне Игорь Завгородний деген шетелдік азамат (бір деректер бойынша Украинадан келген) «көзге көрінбей» жетекшілік етуде» деп жазған.
Мақала авторы Украинадан келген деп жақшаға алыпты. Ал Завгороднийдің қолымызда бар төлқұжатының көшірмесіне үңілсек, «УКРАІНА, М.ДНІПРОПЕТРОВСЬК» деп көрсетілген. Ал керек болса, Украина азаматы Шығыстың, ұлттың идеологиясына араласып отыр. Қызметін «жасырын» атқаратындықтан, дәл қазіргі уақытта оның аттан түскен-түспегенін дөп басып айту қиын.
Қалай дегенмен, мемлекеттің ішкі саясатына, идеологиясына жат елдің азаматын араластыру ақылға қонбайды. Түптеп келгенде қазақтың тіліне, діліне, дініне қазақтың ғана жаны ашиды. Шетелдің азаматы ше, қазақ халқының мүддесі үшін еңбек етеді дейсіз бе?
Шығыс Қазақстан облысы