Францияның зілзалаға төзімді құрылыс қауымдастығы (AFPS) Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) ынтымақтастық туралы ұсыныспен ресми хат жолдады.
AFPS құрметті президенті Пьер Соллогуб (Pierre Sollogoub) Қазақстан Республикасының зілзалаға төзімді құрылыс қауымдастығының төрағасы, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаровты зілзалаға төзімді құрылыс саласындағы бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.
Тараптар ынтымақтастық шеңберінде ғимараттар мен құрылыстардың зілзалаға қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тәжірибе алмасып, жаңа құрылыс технологияларын зерттеп, қолдана алады, жас мамандарды бірлесіп оқытуға және ортақ теориялық және тәжірибелік зерттеулер ұйымдастырады.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың шілдесінде Қазақстан Халықаралық зілзалаға төзімді құрылыс қауымдастығына (IAEE) кірді. Осыған байланысты Ералы Шоқбаровқа Қазақстан Республикасынан IAEE ұлттық делегаты атағы берілді.
Айта кетелік, Қазақстанның зілзалаға төзімді құрылыс қауымдастығы Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) базасында құрылған. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ – аса күрделі инженерлік-геологиялық жағдайдағы аудандар мен зілзалаға қауіпті өңірлерді қоса алғанда, Қазақстан құрылысын дамыту саласындағы еліміздегі жалғыз мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты. Институттың 89 жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Ал Францияның зілзалаға төзімді құрылыс қауымдастығы French Earthquake Engineering Association (AFPS) – 1983 жылы құрылған коммерциялық емес ұйым. Қауымдастық зілзала және оның топырақ, құрылыстар мен қоршаған ортаға салдарын зерттеумен, сондай-ақ төтенше жағдай салдарын жою және адам өмірі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында зерттеумен айналысады.