• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Қазан, 2020

Игерілмеген жерге ие табылады

407 рет
көрсетілді

2018 жылдан бастап, Шығыс Қазақстан облысы бойынша құрылысқа арналған, жалпы ауданы 335,98 гектар пайдаланылмайтын жер учаскесі анықталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздегі құрылыс үшін берілген, алайда пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтарып алу жөнінде айтқан болатын. Біздің өңірде де осы бағытта бірқатар жұмыс атқарылды.

Бұл туралы облыс бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Сейсенғазы Чукаев айтып берген еді.

Сейсенғазы Жұмағалиұлының айтуынша, 2016 жылдан бастап облыста пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып пайдаланылып жатқан жерлерді алып қоюды қамтамасыз ету бойынша облыс әкімі Даниал Ахметов бекіткен жол картасы жұмыс істеп келеді. Бұдан бөлек, 2018 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайда­ла­нылмайтын жерлерді, сондай-ақ құ­рылысқа берілген, әлі бос жатқан жер­­­лерді алып қою жұмыстарын жүр­гі­зу­дің ұқсас алгоритмі әзірленген. Бұл құ­­жаттар мемлекеттік органдардың пай­­­да­ланылмайтын жерлерге қатысты шара­­ларды анықтау және қабылдау бойын­ша нақты іс-қимылын айқындайды.

– Жол картасы және алгоритм шең­берінде басқарма жергілікті атқару­шы органдармен, прокуратура орган­дарымен, жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, Жер және кәсіпкерлік кодекстерінің талаптарына сәйкес пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлер бойынша шараларды анықтау және қабылдау бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізуде. Бірлескен жұмыс нәтижесінде 2018 жылдан бастап, облыс бойынша құрылысқа арналған, жалпы ауданы 335,98 гектар болатын пайдаланылмайтын 632 жер учаскесі анықталды, – деді басқарма басшысы С.Чукаев.

Жер учаскелерін мақсатты пайдалану керектігін тұрғындарға түсіндіру үшін тиісті басқарма халықпен көшпелі кездесулер түрінде, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін басқарманың және бірінші басшының ресми аккаунттарында жер заңнамасын түсіндіру бо­йынша ақпарат орналастырылған.

Басқарма басшысы жер учаскелерін пайдаланбаған жағдайда тұрғындар үшін оның салдары қандай болатынын да тарқатып айтып берді.

С.Чукаевтың мәліметінше, Жер кодексінің 92-бабының талаптарына сәй­кес, егер құрылысқа арналған жер учас­кесі оны беру туралы шешім қабыл­дан­ған күннен бастап үш жыл ішінде (егер жо­ба­лау-сметалық құжат­тамада неғұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) мақ­саты бойынша пай­даланылмаса, онда жеке тұрғын үй құры­лысы үшін Қазақ­стан Республикасы аза­мат­тарының же­ке­­меншігіндегі жер учас­кесін қос­па­ған­да, мұндай жер учаскесі осы ко­декс­тің 94-бабында көзделген тәр­тіп­пен мәж­бүр­леп алып қоюға жатады екен.

Басқарма мамандары берген ақпаратқа сүйенсек, Жер кодексінің 94-бабына сәйкес жер ұзақ уақыт пайдаланылмаған жағдайда бұзушылықтарды бір жыл мерзім ішінде жою туралы нұсқама беріледі. Аталған қосымша нұсқама жер учаскесіне құқық ауыртпалығы ретінде «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» заңға сәйкес мемлекеттік тіркелуге жатады.

– Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген нұсқаманы орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылады. Бұл субъектінің санатына қарай 5-тен 500 АЕК (13 890 – 1 389 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салуды көздейді (әкімшілік істерді мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың судьялары қарайды). Осыдан кейін басқарма сотқа жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қояды. Бұдан бөлек, нұсқамалар Салық кодексінің 509-бабы, 4-тармағында көзделген қосымша 10 еселенген салық салу үшін мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі. 2015 жылдан бастап жіберілген нұсқамалардың негізінде облыстық бюджетке қосымша 55,5 млн теңге түсті, – дейді С.Чукаев.

Бұдан басқа, Жер кодексінің 94-бабына сәйкес пайдаланбаған жер учаскесін мәжбүрлеп алып қойған меншік иелері (жерді пайдаланушылар) арнайы «Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалардың» тізіліміне енгізіледі, содан соң олар 3 жыл ішінде жер учаскесін ала алмайды.

Жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойыл­ған тұлғалардың тізімін қалып­тас­тыруды және жүргізуді, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі уәкі­летті орган, аудандық (қалалардағы аудан­дардан басқа) атқарушы орган, об­лыс­тық маңызы бар қаланың жергілікті ат­қа­рушы органы ұсынатын ақпараттың не­гі­зінде орталық уәкілетті орган жүзеге асы­рады. Қазіргі таңда басқарма жолдаған ақ­па­рат­тың негізінде облыс бойынша 259 меншік иелері (жер пайдаланушылар) тізімде тұр.

Басқарма өкілдері берген ақпарат­тарды алға тартсақ, қазіргі таңда облыста 2018-2019 жылдары анықталған, пайдаланылмайтын жер учаскелерінен басқарманың талабымен жалпы ауданы 61,15 га болатын 323 жер учаскесі қайтарылып алынып, жалпы ауданы 17,45 га 29 учаскені алып қою бойынша талап-арыздар сот органдарының қарауында жатыр.

Өтеусіз негізде берілген алып қо­йыл­ған жер учаскелері оларды одан әрі беру үшін арнайы жер қорына есепке алынады. Егер мәжбүрлеп алып қойылған жер учаскесі мемлекет­тен сатып алынған жағдайда, онда Жер кодексінің 94-бабының 3-тармағына сәйкес мұндай учаске азаматтық іс жүр­гізу заңнамасында және Ат­қару­шы­лық іс жүргізу және сот орын­дау­шы­ларының мәртебесі туралы заңнамада белгіленген тәртіппен сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатылады. Жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою жөніндегі шығыстар шеге­рілген соң және міндеттемелер бойынша талаптар мөлшерінде кепіл ұстаушыға төленгеннен кейін түскен сома жер учаскесінің бұрынғы меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға төленеді. Бір жыл ішінде кемінде үш сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) өткізілгеннен кейін мұндай жер учаскесін немесе оған жер пайдалану құқығын өткізу мүмкін болмаған кезде жер учаскесі сот шешімі бойынша арнайы жер қорына (мемлекетке) есепке алынады екен.

Құрылысқа арналған пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықтауды басқарма жергілікті атқарушы, прокуратура органдары немесе заңды және жеке тұлғалардың өтініштерінің негізінде тексеру барысында анықтайтын көрінеді.

Тексеру нәтижесінде Алтай ауданында – 83,0 га алаңдағы 80 учаске, Глубокое ауданында – 27,51 га алаңдағы 33 учаске, Үржар ауданында – 8,52 га алаңдағы 14 учаске және Өскемен қаласында – 181,54 га алаңдағы 449 учаске, Семейде – 25,93 га алаңдағы 30 учаске, Риддерде 2,06 га алаңдағы 13 учаске анықталды.

Басқарма басшысы атап көрсет­кендей, ең көп пайдаланылмайтын жер учаскелері Өскемен қаласында тір­келген екен, ауданы 181,54 га болатын 449 учаске. Одан соң Алтай ауда­нын­дағы Бұқтырма су қоймасының жаға­лауындағы ауданы 83 гектарды құрайтын 80 учаске.

Ал басқарма арқылы осы уақытқа дейін сот тәртібімен нұсқамаларды орын­да­мағаны, жер учаскелерін пайда­ланбағаны үшін Өскемен қаласында ауданы 49,09 га болатын 303 учаске, сондай-ақ Глубокое ауданында ауданы 1,93 га болатын 12 учаске мәжбүрлеп алынған. Сондықтан аймақтағы жер иелері өз учаскелерін уақыт оздырмай мақсатына сай пайдаланып, іске жаратқандары абзал. Болмаса, жоғарыда айтылған ережеге сәйкес, мемлекет меншігіне қайтарылатын көрінеді.