Қазіргі таңда елімізде қандай іс қолға алынса да, жаһанды бір жайпап өткен індеттен айналып өте алмайды. Қайталануы мүмкін пандемияның екінші толқыны барлық салада ескерілмек. Ал ел экономикасында елеулі орны бар, төтенше жағдай кезінде айтарлықтай шығын көрген Алматыда індет қайта өршитіндей жағдай болса, қала оған қаншалықты қарсы тұра алады?
Шаһар басшысы тоғызыншы рет тұрғындармен тікелей эфирде кездесіп, қалалықтардың өзекті сұрақтарына жауап берді. Қалыптасқан дәстүр бойынша алдымен Б.Сағынтаев санитарлық-эпидемиялық ахуалмен таныстырып, COVID-19 пандемиясының ықтимал екінші толқынына қаланың дайындығы туралы баяндады.
Алматыда денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін бірқатар пәрменді шара қабылданғаны аян. Мұнда жедел қызмет пен алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысын күшейтуге басымдық берілді. Бұдан өзге, ауруханалардағы орын саны біртіндеп көбейтіліп жатыр. КВИ-мен күресте ашылатын медициналық мекемелерді ескере отырып, 7 226 орынды 32 стационар дайындалған.
Бұрын жоспарланғандай, қазан айында жалпы қуаттылығы 1 мың орын болатын жаңа мекемелер ашылады. Мысалы, 500 орынды РВ-90 жаңа инфекциялық аурухана дайын. 300 орынды екінші модульді инфекциялық госпиталь пайдалануға беріледі. Бұдан өзге, жеке инвестициялар есебінен 215 орынды екі толыққанды клиника құрылатын болады. Қала әкімі инфекциялық ауруханаларда жұмыс істейтін кадрларды даярлау туралы да айта келе, Қоғамдық даму басқармасына бағынышты 74 ұйым, 20 республикалық және 93 жекеменшік медициналық мекемелер бар екенін атады. Бұл ұйымдарда 38 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.
1 тамыздағы жағдай бойынша COVID-19 індетін емдеуге денсаулық сақтау жүйесінің 27 ұйымы жұмылдырылып, 6 200 төсек-орын қойылды. Сол кезде инфекциялық стационарларда 4 035 қызметкер жұмыс істеді. Дегенмен, эпидемиялық ахуалдың тұрақтануына байланысты көпсалалы клиникалар өздерінің әдеттегі жұмыс режіміне көшті. Коронавирус инфекциясын емдейтін емханаларда қазіргі кезде 93 науқас бар. Онда 400-ге жуық дәрігер, медбике мен медициналық қызметкер жұмыс істейді.
Пандемияның жаңа толқыны пайда болған жағдайда 5,5 мың медициналық қызметкер резервте тұр. Медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары, резиденттері мен интерн-дәрігерлер арасынан резерв құрылды, олардың саны 450-ге жуық. Жаңа клиникаларды кадрлармен қамтамасыз ету үшін кадрлар ресурстарын жоспарлау және болжау бойынша жұмыстар жүргізілуде, жаңадан қосылатын инфекциялық клиникалардың штаттық кестесі есептелуде. Мысалы, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының базасында жаңадан ашылған 500 төсектік инфекциялық стационардың жұмыс істеуі үшін штат кестесіне сәйкес 587 штат бірлігі қажет, бүгінде оның кадрлармен жарақтануы 70%-ды құрайды. «Халық Арена» базасындағы клиникада 700-ден астам медицина қызметкері іріктеліп алынды.
Жаңадан әрі жедел салынып жатқан модульді стационарға 300 төсек-орын, 280-ге жуық медицина қызметкері қажет. Бүгінде штаттық кесте жасалып, кадрлық резерв арасынан мамандар іріктелуде. Қазіргі таңда медициналық ұйымдарға реаниматолог, инфекционист, эпидемиолог, пульмонолог сияқты мамандар жетіспейді.
Сонымен қатар қала әкімінің мәліметі бойынша ұйымдардың материалдық-техникалық базалары айтарлықтай күшейтілді. Мәселен, 52 УЗИ аппараты, 38 рентген, 269 ӨЖТ аппараты, 5 КТ, 2 МРТ аппараты сатып алынды. Бұларға қоса, көпсалалы медициналық төсектер, 250 төсек жанындағы монитор, зертханалық құрылғылардың 43 бірлігі, 1050 оттегі концентраторы алынды. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі 35 автомашинаға жаңарды, жыл соңына дейін жедел жәрдемнің тағы 100 көлігі алынатын болады. Бірінші эшелондағы сегіз стационарға медициналық газдың 24 мың орындық орталықтандырылған жүйесі орнатылуда. 17 стационарда стоктарды зарарсыздандыру, ал 13-інде медқалдықтарды утилизациялау жүйелері салынуда. Б.Сағынтаев мүгедек жандарға әлеуметтік қолдау көрсету, жұмыспен қамтудағы әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру және қолжетімді орта құру жөнінде қойылған сұрақтарға жауап берді. Тұрғындар бұдан өзге жылу маусымының басталуы, қоғамдық көлік, инженерлік инфрақұрылымдар мен жолдардың салынуы туралы сауалдарына жауап алды.
Тікелей эфирдің алдыңғы сегіз бағдарламасы барысында қала әкімі 129 сұраққа жауап берді. Сондай-ақ «Алматы» телеарнасының Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирі редакциясына түскен 226 сұраққа нақтылы жауаптар беріліп, олар аталған телеарна сайтында, «Вечерний Алматы» және «Алматы ақшамы» газеттерінде жарияланды.
АЛМАТЫ