Полиция қызметкерлері, эпидемиологтар, еріктілер мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен құралған мобильді топтар карантин режимін бұзушылықтарды анықтауды жалғастыруда. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары ойын-сауық мекемелері, тамақтану орындары, сауналар мен моншаларға кіріп, иелеріне қолданыстағы шектеулер туралы ескертеді, сонымен қатар бұзушылықтарды анықтайды.
«Таңғы сағат 05:00 шамасында полицияға тұрғыннан түнгі уақытта барлық нормаларды бұза отырып, Шевченко көшесіндегі «Угол 4/1» кафесі ашық тұрғаны туралы қоңырау түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу жетті. Тексеру кезінде кафеде он келуші болды. Карантин шараларын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, «Угол 4/1» иесі бас санитарлық дәрігердің талаптарын елемеген», – делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Меншік иесіне қатысты әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша – халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың, сондай-ақ гигиеналық нормалардың талаптарын бұзу бойынша тағы бір әкімшілік іс қозғалды.
Демалыс күндері барлығы 34 карантин тәртібін бұзушылық анықталды. Айта кетейік, мұндай рейдтер апта сайын өткізіледі.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті азаматтарды жауапкершілік танытуға және санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.