• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 06 Қазан, 2020

«Бір өліп, бір тірілген»

812 рет
көрсетілді

Майдангердің тағдыр тәлкегіне ұшырағаны аздай, нақақтан-нақақ жабылған жаланың жазықсыз құрбаны болып кете барғаны өте өкінішті. Қан майданда жанқиярлық ерлік көрсетіп, елге ауыр жараланып оралғанына қарамастан қоғамдық ортадан шеттеті­ліп, сенімсіздік көрсетілген соғыс арда­гері Нұрбай Бәженов жайлы ұрпақ­тарының айтары аз емес.

Күлзара ДАЙЫРОВА, келіні: – Менің жолдасым Қайролла да, әкесі де бір кіндіктен жалғыз ұл болған. Атам Есіл ауданы Қарағай ауылы маңындағы «Қырық үй қонған» деп аталатын қоныста 1896 жылы туған. Балалық шағы ел өміріндегі қилы кезеңдермен тұспа-тұс келген. «Ақ кетіп, қызыл келген» аумалы-төкпелі заманды да, ашаршылықты да, саяси қуғын-сүргін нәубетін де көрген. «Соғыс» деген суық хабар тұла бойды тітіркендіріп, атамызға да шақыру қағазы келгенде кемсеңдеп жылай бастаған кемпірін шалы «жаманшылық шақырып бұл не қылғаның!» деп тыйып тастаған. 1941 жылдың аяғында әскер қатарына алынып, «Беларусь жеріндеміз, майданға ендік» деп қысқа ғана жазылған тілдей хаттан кейін хабар-ошар пышақ кескендей үзілген. Бірде үлкен атам мен бұғанасы қата қоймаған Қайролла екеуі сиыр жегілген арбаға отын тиеп, үйге жақындай бергенде шоғырланып тұрған бір топ адамды көреді. Бұларды көзі шалған әжеміз дауыс салып, аңырап қоя береді. Сөйтсе, пошташы Аман «қара қағаз» әкелген екен. Атамыз «Көз жастарыңды тыйыңдар, түге. Балам тірі. Құдай түсімде аян берген жоқ» дегенде жиналған жұрт сілтідей тынады. Ананың аты ана ғой. Әжеміз жылаудан көз ашпай қос жанары көруден қалады.

1944 жылы қақаған қыс күндерінің бі­рінде үйге сүріне-қабына кірген пошташы «Нұрбайдан хат келді, сенбесеңдер, міне!» деп бар даусымен айғай салған. Хатта «мен аман-есенмін, бәрі жақсы» делінген. Мұның бәрі – құйма құлақ, зердесі мықты Қайролладан естігендерім. Алақандай ғана ауылдан жаумен шайқасу­ға кеткен 33 боздақтан 16-сы ғана аман-есен орал­­ған. Солардың бірі Қайрекеңнің әке­сі 1945 жыл­дың аяғында отбасымен қауыш­қан.

Қымбат САЛАМАТОВА, қызы: – Әкем­ әскери комиссариаттың тізіміне кір­­ге­німен, ондағылар шақыруға асыға қой­майды. «Мені майданға жіберіңіздер» деген арызы да аяқсыз қалады. Хабардың кешігу себебін білмек болып аудан орталығына барады. Сөйтсе, «анасы жоқ үш балаңды кім асырайды? Кәрі әке-шешең және бар» деген жауап алады. Әйелі дүниеден өтіп, зарын тартып жүрген кезі. Бұлай бала-шағаның ортасында көзге күйік болып жүргенше от пен оқтың арасында шейіт кеткенім артық, деп намысқа булығады. Содан не керек, сөз байласып жүрген Рахима есімді әдемі бойжеткенді келін етіп түсіріп, әскери комисариаттағыларды дегеніне амалсыз көндіреді. 45 жастағы оның өжет қимылы, тосын әрекеті талайларды тәнті етеді. Өйткені аяқ-қолы балғадай адамдардың броньды сылтау етіп, тылда қалып қойғандары қаншама!

Енді көпке дейін неге хабар-ошарсыз кеткеніне тоқталайын. Алма-кезек толассыз шайқастардың бірінде алдыңғы шептегі кеңес әскерлері жау қоршауында қалып, көбі қырылады. Зеңбіректер үздіксіз атқылап, әуеден бомба тасталып, жер-дүниені тамұққа айналдырып жібергендей болады. Әкем бір топ қаруласымен жау қоршауын бұзып шығып, орманға жасырынады. Бар ойлары – әскери бөлімді табу. Бірақ «білмеген жердің ой-шұңқыры көп» демекші, адасып, көп жүреді. Қайда барса да, айнала аш бөрідей анталаған жау. Қарын аш, киім жұқа. Ұйқы көрместен, дамыл таппастан бірнеше күн қалың ну ағаштың ішін кезеді. Белгісіз бағытты бетке ала отырып, өлдім-талдым дегенде бір селоға кезігеді. Мұнда белорустің қартаң әйелі үйіне әкеліп, тамақтандырады. Жараларын таңып, береді. Алайда немістер бұлардың жасырынғанын сезіп қойып, атыс бас­талады. Екі жақтан бірталай адам оққа ұшады. Әкем тірі қалған бір жолдасымен кері шегініп, орманда бой тасалайды. Арада бірталай уақыт өткеннен кейін ғана әскери бөлімге барып қосылады. Сол-ақ екен, «неміс тұтқынында болды, соғыстан қасақана қашты» деген күдікке іліндіріп, ақ-қарасын айырмастан айып батальонына жібереді. Жарақаты жазылмай жатып алдыңғы шепке қайта салады. Осылайша «опасыз», «сатқын» деген айыптауды оп-оңай таңа салатын кеңестік қызыл саясатты бастан өткерген қатардағы жауынгер жеңісті Венгрия жерінде қарсы алады. Соғыс біткен соң елге қайтамын деген қуанышы қойнына сыймай жүргенде тиісті орындар тағы да тергеп-тексеріп, біраз әуреге түсіреді. Шыбын жанын шүберекке түйіп, оқ пен оттың арасында жүргені, мемлекеттік марапаттары – бірі де ескерілмейді. Шаш ал десе, бас алатын ұрда-жық әпербақандар бұл әрекеттерінен түк өнбейтінін біліп, босатуға мәжбүр болады. Кеңес өкіметіне титтей де өкпесі жоқ, керісінше, отан үшін басын кез келген қатерге тігуге әзір адамға бұдан асқан қорлаудың түрі жоқ шығар, сірә! Мұндай әділетсіздікке сүйегі мықты, рухы күшті әкем төтеп бергенімен, біразға дейін сенімсіздік көрсетіліп келген. Қаңқу сөздерді ел ішіндегі сұқ көздер мен бейпіл ауыздар отқа май құйғандай өршітіп жіберетін. Содан болар, кей жеңіс күндері ешқайда шақырылмай, елеусіз қалатын. Бірақ «аққа – құдай жақ» дегендей түбі шындықтың жеңеріне, ақиқаттың орнайтынына имандай сенетін. Солай болды да.

Жанат ҚҰСАЙЫНОВ, немересі: – Биыл Ресейдің podvignaroda.ru интернет-сайтын қарап отырып, атам туралы тың деректерді кездестіргенде өз көзіме өзім сенбедім. Қатты толқығаным соншалық, көпке дейін жүрек толқынысын баса алмадым. Жақсы хабарға туған-туыс­тарымның бәрі ортақтасып, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты. Табылған мә­ліметтер бойынша атамның қанды қасапта екі рет жараланып, өліммен талай мәрте бетпе-бет кездескен хас батыр ретінде мақтан етемін. Марапат парақшасында жазылғандай Батыс, Воронеж, 9-шы Украин майдандары бағытында небір жойқын жорықтарға қатысқан. 1945 жылы 30 сәуірде болған кескілескен шайқаста жаудың 6 солдатын жайратып, 4-уін тұтқынға алған. Өзі ауыр жарақаттанып, госпитальға түскен. Осы ерлігі үшін Б. Хмельницкий атындағы 606-шы атқыштар полкінің командирі П. Булдаков «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынған. Ал есеп кәртішкесінде жоғарыдағы ерлігі атап жазылып, үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені көрсетіліпті. Соған қарағанда осы мемлекеттік марапат берілген болуы керек. Бұл хабар бізге араға 75 жыл өткен соң жетіп отыр. «Игіліктің ерте-кеші жоқ» деген.

Атамыз кәсіпқой аңшы болған, бүркіт ұс­тап, аңға салған. Өзінің аталас туысы, Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов­пен жақын араласқан.

Гүлнәр БӘЖЕНОВА, кенже қызы: – Әкем дүниеден озғанша адалдығынан айнымады. Елге қадірлі, сыйлы, қолы ашық жомарт жан болғанын замандастары, ауылдастары үнемі айтып отыратын. Кін­дігінен тараған 11 ұл-қызынан 50-ге жуық немере, шөбере өсіп-өрбігеніне шүкір­шілік дейміз.

Жуырда әкем жайлы тың мәлімет­тер табылып, өлгеніміз тірілгендей, өшкені­міз жанғандай күй кештік. Құжат­қа қара­сақ, мемлекеттік марапатқа ұсыну туралы бұй­рық 20 мамырда шығып, полк коман­дирі қол қойған. Демек, әкемнің ерлігі атау­сыз қалмағаны, бір наградаға іліккені дау­сыз. Менің бұл ойымды наградалар тізі­мі тұсында /22.05.1945 ж./ үшінші дә­­ре­­желі «Даңқ» орденінің көрсетілуі айғақ­тай түседі. Оның тапсырылмай қалуы­ның басты себебі, жоғарыда айтылған жал­ған айып­тау­лардың сызы ма деймін. Бір өкініштісі, 1945 жылы 28 сәуірде жасаған ерлігі ай­тыл­­­май қалған.

Бәженовтер әулеті жоқ іздеген жолау­шыға ұқсаймыз. Дәлірек айтқанда, әке аруағының разылығы үшін оған тиесілі мемлекеттік марапаттың отбасымызға тапсырылуын қалаймыз. Осы үміт жетегімен қорғаныс істері жөніндегі департаментте болып, тілегімізді жеткізген едік. Нақты ерліктері жайлы сыр шертетін қолымыздағы аз-маз деректермен бөліскенбіз. Марапат қазақ жеріне қайтарылып, төрімізде ілулі тұрса деген басты арманымыз орындалса, мерейіміз өсер еді. Індете іздесе, әкемізге қатысты басқа да деректердің табылып қалуы ғажап емес. Тиісті орындар біздің жанайқайымызға құлақ түріп, ескерусіз қалдырмайды деген сенімдеміз.

Облыстық қорғаныс істері жөнін­дегі департаменттің әскери-патриот­тық тәрбие және Ұлы отан соғысы арда­герлерімен жұмыс жөніндегі қызмет бастығының орынбасары Борис Сапенковпен сөйлес­кенімізде Бәженовтер әулеті ауызша өтінішпен қайрылғанын растады. Соғыс біткелі 75 жыл өтсе де, хабар-ошарсыз кеткендер мен олар туралы деректерді іздестіру шаралары бір бәсеңдеген емес. Қазір интернет желісі көмегінің арқасында бұл шаруа біраз жеңілденді. Көмек сұрап жатқандар қатары көп. Бұл отбасыға да жәрдемдесуге дайынбыз. Тек өтініш беруші адамның туу туралы куәлігі мен жазбаша арызы болса, жеткілікті. Осы құжаттар негізінде Ресей Федерациясының тиісті ведомостволарына арнайы хат жолдаймыз, деді біздің сауалымызға орай мән-жайды түсіндірген Борис Федорович. 

  

Солтүстік Қазақстан облысы