• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Білім 06 Қазан, 2020

Қашықтан оқыту жағдайында ұстаздардың біліктілігін көтеру ерекшеліктері

691 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде өркениетті елдердің білім беру саласы мектеп түлектеріне ХХІ ғасыр дағдыларын меңгертуге арналған шараларды қолға алып отыр. ХХІ ғасыр дағдыларының бастыларының бірі – ақпараттық-коммуникациялық технологияны қолдана білу, цифрлы сауаттылықты қалыптастыру. Биылғы бүкіл әлемді жайлаған пандемия бұл дағдылардың қажеттілігі мен өзектілігін еселеп арттырды. Ұстаздардың тез арада оқушыларды қашықтан оқыту технологиясын меңгеріп, оны практикада жедел түрде пайдалана білу қажеттігі туындады.

Мұның үстіне оқытудың дәстүрлі емес бұл жаңа формасы оқу процесінің басты екі тұлғасы – мұғалім мен оқу­шының біршама жоғары деңгейдегі ақпараттық-коммуникациялық сауат­тылығын талап етіп қана қоймай, за­манауи цифрлы құралдар мен ин­тернет платформалар, цифрлы білім ресурстары мен шапшаңдығы жоға­ры интернет байланысын және т.б. ал­ғы шарттардың болуын талап етіп, жағ­дайды күрделендіре түсті.

Бір ғажабы, халықаралық экс­перт­­­тердің пайымдауынша, білім са­ла­сындағы мұндай цифрлы оқу ортасына шұғыл бет бұрған өзгеріске қазіргі ұстаздардан гөрі «Z» ұрпаққа жататын мектеп оқушылары мейлінше бейім келеді екен. Америкалық ғалымдар Нейл Хоув пен Уильям Штраустың «ұрпақтар теориясына» сәйкес адамның тұлғалық және мінез-құлықтық қа­сиеттері оның жасөпірімдік, яғни 12-14 жасқа дейінгі тәрбиеленген ортасы мен өмір сүру кезеңінің ерекшеліктеріне байланысты болады екен. Қазіргі «Z» ұрпақ күнделікті өмірімізге цифрлы технологияның дендеп еніп келе жатқан кезеңінде өмірге келіп, тұлға ретінде қалыптасуда. Осы себептен белгілі ресейлік ғалым А.Асмолов «ХХІ ғасырдағы білім сала­­сының бас­ты қайшылығы – бұл біз­дердің, яғни ұстаздардың цифрлы қоғамға бейім­делуі жағынан цифрлы ақыл-ой (digital mind) жағдайында өмірге келген балалардан қалып қоюы», деп атап көрсетті.

Сондықтан біздің алдымызда ұс­таздарды жоғары цифрлы сауат­­ты­лыққа, қазіргі ақпараттық-комму­ни­кация­лық технологияны оқу проце­сіне тиімді пайдалана білуге үйрету міндеті тұр. Тек сонда ғана біз бәсекеге қабілетті ұрпақ, әлем елдері ұмтылып отыр­ған стратегия – «5.0 қоғамы», яғни суперинтеллектуалды қоғам мүшелерін тәрбиелеп шығара аламыз.

Цифрлы оқу ортасында жұмыс іс­теу – ұстаздардан мүлдем жаңа білік­тілік­тер мен дағдыларды талап етеді. Қа­шық­тан оқытуды «субъект-субъект» қатынасында ұйымдастыру үшін ұстаз­дардың төмендегідей кәсіби құзы­рет­тіліктері қалыптасқан болуы керек:

1) цифрлы технологияның дидак­ти­ка­лық мүмкіндіктерін жетік меңгеріп, оны оқу процесіне тиімді пайдалана білуі;

2) қашықтан оқытудың интернет платформаларын меңгеріп, оны цифр­лы оқытуды ұйымдастыруға қолдана білуі;

3) цифрлы білім ресурстарын іздеу, іріктеу, өз бетімен дайындау және оқу­шы­лармен бірге пайдалана білуі;

4) цифрлы оқу ортасында оқу­шы­лармен «субъект-субъект» тұрғыда кері байланыс орната білу және олардың оқу жетістігін объективті, критериалды баға­лай білуі;

5) цифрлы құралдарды пайдалана отырып оқушылардың өз бетімен бел­сенді танымдық іс-әрекет етуін қа­лып­тастыру;

6) цифрлы сабақты жоспарлап, оны интернет-платформаны пайдалана отырып өткізу дағдыларын меңгеруі қажет.

Ұстаздар аталған арнаулы дағды­лармен қоса дәстүрлі форматта қолда­нылатын кейбір әдіс-тәсілдерді де жаңа негізде пайдалана білуге машықтануы қажет. Мысалы, қашықтан оқытуда оқушылардың ынтасын арттыру және олардың өз бетімен белсенді түрде танымдық іс-әрекет жасай білуі аса қажет. Оқушылардың оқу мотивін қа­лыптастыруда дәстүрлі оқытуда қол­данылатын проблемалық жағдаят қалыптастыру әдісін кеңінен қолданған жөн. «Кез келген ізденіс таңғалу мен ой­дағы қайшылықты шешуден басталады» деп ұлы ойшыл Сократ айтқандай, оқушылар өз ізденісін проблеманы шешуден бастайды.

Өзіме мектепте физикадан сабақ берген Жұлдызбай Есбосынов ағай әр жаңа сабақты проблемалық ситуация құру­дан бастайтын. Кезекті бір сабақта ағайымыз сыныпқа кіріп келіп электр шамын жағып жіберіп, «күнде кешкісін электр шамын жаққанда, балалар, Майкл Фарадейге рақмет айтыңдар», деді. Фарадей деген кім, оған неге рақ­мет айтуымыз керек деп бәріміз елең ете қалдық. Сөйтіп физиканың ең бір күрделі тақырыптарының бірі электромагниттік индукция заңын тео­риялық жағынан да, практикалық маңызы жағынан да мән-мағынасын терең ұғынып, Фарадейге не үшін рахмет айтуымыз керек екенін түсіндік. Мұндай ынтамен оқылған, теориясы мен практикасы ұштасқан сабақтар өмір бойы есте қалатыны, оқушыларда функ­ционалдық сауаттылық қалыптас­тыратыны даусыз.

Жалпы А.Маслоудың «қажет­ті­лі­к­­тер теориясынан» туындайтын мо­тив­тер таксономиясына сүйенсек, көш­­басшы болуға, өзін қоршаған ор­таға жақсы жа­ғы­нан мойындатуға ұм­тылу – әр тұл­ғаның жан-дүниесінде бар қасиет. Демек ұстаз оқушының осы қасиетін дамыта білуі, сырттай ұйым­дастырылған мотивтің ішкі мотивке айналуына ықпал етуі тиіс.

Берілген оқу материалын өз бетімен терең ұғынуда Б.Блум таксономиясы мақ­саттарын игеруге бағытталған дең­­гейлік тапсырмалар жүйесін қол­данған тиімді. Бұл кезде оқушылар «білу» деңгейінен «түсінуге», одан әрі «қолдану» деңгейіне жетіп, қара­пайым­нан күрделіге қарай жеке даму траек­ториясымен көтеріле отырып, беріл­ген оқу материалын өз беті­мен терең иге­реді.

Жалпы қашықтан оқытуды ұйым­дас­­тырғанда тиімді педагогикалық технологияларды: кейс-технологиясы, «төңкере оқыту» және «үш өлшемді әдістемелік жүйе» технологияларын пайдаланған жөн. Ұстаздарды қашық­тан оқытудың әдіс-тәсілдерін үйретуге арналған вебинар, онлайн курстарды, сондай-ақ І тоқсан үшін барлық сынып пен барлық пәннің екі тілдегі цифр­лы сабақтарының контентін жасау­да «Өрлеу» БАҰО» өзінің ұстаздардың біліктілігін қашықтан арттырудағы тәжірибесін пайдаланды.

Ұлттық орталық 2012 жылдан бері «Blended Learning» – аралас оқыту фор­ма­тындағы курстарын өткізіп келді. Бұл форматта 2012-2019 жылдар ара­лығында 7014 ЖОО педагогикалық маман­дықтарының оқытушылары, 2017 жылдан бастап 2500 орта мектеп ұстаз­дары біліктілік арттыру курстарынан өтті.

Біліктілікті арттыру саласын цифр­ландыру аясында «Роботтехника негіз­дері», STEM, STEAM оқытуға арналған курстар өткізілді.

Биыл Білім және ғылым ми­нистрі­нің бұйрығына сәйкес 18 наурыз­дан бас­тап барлық курстар онлайн форматқа көшірілді. Бүгінге дейін он­лайн форматта 18 916 тыңдаушыны қам­тыған 803 қысқа мерзімді онлайн курс, жа­ңар­­­тылған мазмұн бойынша 13 580 ұс­таз­ды қамтыған 527 онлайн курс өтті.

Осы мерзім ішінде ұстаздарды курс­­тан кейінгі әдістемелік қолдау мақ­­­сатында онлайн форматта 35 конференция, 287 вебинар, 30 дөңгелек үстел, 39 шеберлік сынып, 10 тренинг өт­кізілді.

Ұстаздардың цифрлы ресурстарды сабақта пайдалана білу және заманауи­ сабақтарды өткізе білуі шеберлігін арт­тыру мақсатында 2017 жылдан бе­рі «Педагогикалық идеялар панорама­сы» атты республикалық конкурс өт­кі­зіліп келеді. Конкурс негізінде 2500-ден астам білім саласының бар­лық деңгейінің үздік сабақтары мен дәрістері «Өрлеу» білім каналына орналастырылды.

Бұдан бөлек жаз айларында Ұлт­тық орталықтың оқытушылары мек­теп­тердің үздік ұстаздарымен бір­лесе отырып жаңа оқу жылының І тоқ­­саны үшін 5 мыңға жуық цифрлы сабақтың контентін дайындады. Бұл цифр­лы ресурстар – ұстаздарға цифр­лы сабақтарды жоспарлай білуге, са­баққа қажет цифрлы материалдар­ды жасай және қолдана білуге, оқу­шы­лармен кері байланысты құра білу­дің әдіс-тәсілдеріне үйрететін әдіс­­теме­лік нұсқаулық. Бүгінгі таңда бар­лық сабақ «Өрлеу» білім каналына орна­лас­тырылған, қолжетімді. Канал­дың қазіргі кезде 225 мың тіркелген тұ­рақ­ты пайдаланушысы және 27 млн көр­сетілімінің болуы (бұл цифрлар күн сайын өсуде) – ұстаздардың аталған цифрлы ресурстарды кеңінен пайдаланып жатқанының дәлелі.

Осылайша «Өрлеудің» You Tube-тегі білім каналындағы бұл видеоматериалдар республика ұстаздарының қашықтан оқыту кезіндегі күнделікті сабаққа пайдаланатын бірден бір жүйеленген цифрлы оқу-әдістемелік құралы болып отыр.

Ұстаздардың цифрлы біліктілігін арттыру, озық тәжірибелерімен бөлі­суде және институт тренерлерімен үне­мі байланыста болуында ұлттық орта­лықтың әлеуметтік желілердегі «Онлайн вебинар», «Курстардағы қы­зықты сәттер», «Ұстазға көмекші ре­сурс­тар», «Тренерлермен онлайн кез­десу», «IT фишка» т.б. рубрикалар ұстаз­дардың кәсіби өсуіне қажет әдістемелік нұсқаулықтарды қамтитын маңызды дидактикалық құралдар болып саналады. Аталған әлеуметтік желілердің 30 мыңнан астам түрақты пайдаланушысы бар.

Ұстаздардың қашықтан оқыту бо­­йын­­ша біліктілігін жан-жақты қа­лып­­тастыру мақсатында «Өрлеу» БАҰО» АҚ «Қашықтан оқыту: сабақ­ты әзірлеуден білім беру процесін ұйым­дастыруға дейін» атты ашық он­лайн курс бағдарламасын жасап, қыр­күйек айының 5-ші жұлдызынан бас­тап қолданысқа енгізді. Екі аптаның ішінде онлайн курсқа 8 мыңнан астам тыңдаушы жазылып, 4 мыңнан астам ұстаз сертификат алды.

Биылғы оқу жылының І тоқсаны қашықтан оқыту форматында өтетін болғандықтан «Өрлеу» БАҰО тамыз айының 10-30 жұлдыздары аралығында ұстаздарға арналған 533 вебинар, ата-аналар және оқушыларға арналған 588 вебинар өткізді. Вебинарға 260 мың педагог, 780 мың ата-ана мен оқу­шы­лар қатысып (You Tube-те орна­ласқан материалдарды өз бетімен оқып, игер­гендердің саны бұдан екі есе көп) қа­шық­тан оқытудың ерекшеліктері мен осы форматта білім алуға қажетті нұс­қаулар алды.

Мұның сыртында Ұлттық орталық ұс­таздар қашықтан оқыту платформа­ларымен жұмыс істегенде бөгде тұл­ғалардың сабақ процесіне араласып, кедергі келтірмеуі, оқушылардың оқу материалынан бөлек әртүрлі оқу мен тәр­биеге жат цифрлы ресурстарды пай­даланбауы т.б. онлайн сабақ өт­кізуге кері әсер ететін факторлардан қор­­ғау мақсатында «Қашықтан оқыту ке­зін­дегі киберқауіпсіздік» атты онлайн вебинар ұйымдастырып, оны «Өрлеу» білім каналына қолжетімді түрде орналастырды.

Бұл материалдармен бір аптаның ішінде 700-ден астам ұстаз танысып, қажетті нұсқаулар алды.

Осылайша Ұлттық орталық пандемия кезінде ұстаздардың біліктілігін қашықтан оқыту форматында тиімді өткізіп қана қоймай, ұстаздардың күн­делікті сабақты осы формада өткізуге қажет барлық әдіс-тәсілдері қамтылған заманауи цифрлы-әдістемелік нұсқау­лармен қамтамасыз етіп отыр.

Әрине бұл індет те өтіп, оқушылар дәстүрлі формада, ұстазымен тікелей қа­рым-қатынасқа түсіп, өз сыныптас­тарымен бірлесе сапалы білім мен са­­налы тәрбие алатын күн де алыс емес деп сенеміз. Әйтсе де, «Өрлеу» БАҰО» жасап шығарған цифрлы оқу мате­риал­дарының дәстүрлі формадағы сабақтарды да тиімді өткізуге қажет екені даусыз.

 

Жауымбай ҚАРАЕВ,

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, педагогика ғылымының докторы