Қаланың күнделікті күйкі тірлігінен бір сәт арылып, табиғаттың ғажайыбын, құдіретін сезінгісі келетін жандарға арналған заманауи IT-технологиямен жабдықталған «Борис Щербаковтың жасыл үйі» есігін ашты.
«Жасыл үйдің» Борис Щербаковтың есімімен аталуында үлкен мән бар. Ол – ғалым-орнитолог, табиғат зерттеуші, қоршаған ортаны қорғауға ерекше үлес қосып жүрген жанашыр, саяхатшы, дарынды жазушы, Өскеменнің және Вьетнамның Хошимин қаласының құрметті азаматы.
Ғалым-орнитолог елімізде мекен ететін 25 құстың түрін анықтаған. Бірқатар құстың қайдан шыққанын, құс қанаты мен қауырсынының қалай пайда болғаны туралы ғалымның болжамы жақында әлемдік деңгейдегі жаңалыққа айналуы мүмкін.
Біреу білер, біреу білмес. Борис Щербаковтың бастамасымен Батыс Алтай, Марқакөл қорықтары, Құлжа және Тарбағатай қаумалдары ашылып, Тархан және Риддер аумағындағы ағаш кесу тоқтатылған. Ғалымның барлық еңбектері туған жер мен елді сүюге, ұлт құндылықтарын қадірлеуге, табиғатты тануға, қорғауға шақырады.
Бүгінгі таңда табиғаттың жылдан-жылға тозып бара жатқаны, адамдардың қоршаған ортаға деген немқұрайлы көзқарасы өте өзекті мәселе. Жобаның түптеп келгендегі мақсаты да қалалықтарды Б.Щербаковтың және басқа да табиғат зерттеуші-жазушылардың еңбектері арқылы табиғатты тануға, қоршаған ортаны қорғауға шақыру еді.
Жұртшылықты жақсылыққа шақырар «Жасыл үй» табиғат жанашырлары бас қосатын, экологиялық тақырыптарда түрлі шаралар өткізетін ерекше орынға айналары анық.
ӨСКЕМЕН