Ерекше балалардың мүмкіндіктерін дамытуда абилитацияның маңызы зор. Абилитацияның бір түрі – бейімдік дене шынықтыру және спорт. Бұл бағытта Қазақстанда «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Бейімдік дене шынықтыру мен спорт мүмкіндігі шектеулі балалардың жүйелі жаттығуына, шынығуына жағдай жасап, өздігінен әрекет етуге бастайды. Мұндай балалардың тәуелсіз болуына, өзін өзі бағалау және коммуникативті дағдыларын арттыруға септігін тигізетін іс-шараларды ілгерілету үшін өңірлерде «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы қолға алынған. Игі бастамаға «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры мұрындық болып отыр.
Кез келген спорт түрін мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеуге болады. Мысалы, аталған жоба аясында бейімдік каратэ, бейімдік жүзу, бейімдік таэквондо, бочча, голбол, инклюзивті хореография бойынша Нұр-Сұлтан қаласында спорт үйірмелері ашылып, оған 160 бала қатысады. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалармен қатар сау балалар да бар. Сондықтан бұл тәсіл инклюзивті деп аталады.
«Тең мүмкіндіктер әлемінің» директоры Нұргүл Ұлжекова бейімдік спорт, ең алдымен, денсаулығының мүмкіндігі шектеулі немесе психикалық ауытқушылығы бар спортшының шама-шарқынша максималды мүмкіндіктерге жетуге тырысатын және өзінің спорттық техникасын жетілдіретін бәсекелі әрекеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2019-2020 жылдары жоба шеңберінде атқарылған жұмыс жаттығулардың тиімді болғанын көрсетті. Атап айтқанда, жас спортшылардың 97%-ның координациялық қабілеттері жақсарды, 95%-ы төзімділік, 75%-ы икемділік көрсеткіштерін жақсартты. Балалардың 65%-ның күші артып, 54%-ның ептілігі дамыды. Жобаның көптеген қатысушысы халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жатыр.
Ата-аналар да өз балаларының әлеуметтік дағдылары жақсарғанын байқады. Балалар көпшіл және тәуелсіз бола бастады. Сондай-ақ балалардың зейіні ашылып, тәртібі жақсарып, есте сақтау, тіпті сөйлеу қабілеттері артты.
«Менің ұлыма ақыл-ойдың артта қалу диагнозы қойылған. Біз екі жыл бойы адаптивті таэквондо мен бочча секцияларына қатысамыз. Нәтижесі керемет. Бұл оның спорттық дамуына ғана емес, жалпы жағдайына да қатысты. Ол белсенді, мұқият болды. Жақында балам 15 минут ішінде құрлықтар мен мұхиттарды жаттап айтып, бәрімізді таңғалдырды. Мұның біз үшін үлкен жетістік екенін сенімді түрде айта аламын», дейді 14 жасар Нариманның анасы Анар.
Талай жанға жігер берген жобаның аясы да кеңейіп жатыр. Биыл қыркүйектен бастап «Саламатты болашақ» еліміздің барлық аймағына тарала бастады. Бүгінде бұл бағытта Қарағанды облысында, Павлодар мен Шымкентте бейімдік, инклюзивті спорт үйірмелері ашылды.
Мұндай үйірмелердің ашылуына көбіне ерекше балалардың ата-аналары бастамашы болып жатады. БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы жобаның сәтті жүзеге асып жатқанын бақылап отырған отбасылар бейімдік спорт түрлері бойынша бөлімдер ашуды өтініп, жергілікті атқарушы органдардан көмек сұрап, хат жазады. Мысалы, Павлодардағы секциялар аутизммен ауыратын балалардың ата-аналары бастамасымен және «Шекарасыз әлем» ҮЕҰ-ның сұрауы бойынша ашылды. Бүгінде Павлодарда ашылған адаптивті жүзу, инклюзивті хореография, адаптивті футбол және бочча секцияларына 50 бала қатысады.
Сондай-ақ секциялардың ашылуын тренерлер де құптап отырады. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында орналасқан С.Сейфуллин атындағы орта мектептің бочча секциясына мүмкіндігі шектеулі 10 оқушы қатысады. Бочча секциясының жаттықтырушысы – осы мектептің дене шынықтыру мұғалімі Қасым Асылан. Ол бейімдік дене шынықтыру бойынша Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысқаннан кейін осы спорт түріне қызығушылық танытты. Бұған қоса Қарағандыда инклюзивті хореография, бейімдік жүзу, бочча және бейімдік таэквондо секциялары жұмысын бастады.
Сондай-ақ Шымкентте 20 баланы қамтитын адаптивті дзюдо, бочча секциялары ашылды, жақында адаптивті жүзу мен адаптивті футбол секциялары да жұмысын бастамақ. Бұл ретте Алматыда құрылатын бочча секциясын да атап өткен жөн.
Аталған бастама бойынша алдағы уақытта ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Бастамашылар жоба аясында спортшылардың санын 560-қа дейін жеткізуді, бейімдік дене шынықтыру бойынша кем дегенде 40 маманның біліктілігін арттыруды және бейімдік спорт түрлерін әрбір ерекше балаға мүмкіндігінше қолжетімді етуді көздейді.