Осы уақытқа дейін тат басқан құбырдан су алып келген тұрғындардың өтініш-арызына бейжай қарау мүмкін болмады. Жарты ғасырдан бері ауыстырылмаған құбырлардың тозығы әбден жеткені анық еді.
Сөйтіп құбырларды жаңарту үшін мердігер ұйым анықталып, білек сыбана іске кіріскен. Жобаның сметалық құны 745,77 млн теңгеге бағаланды. Су құбыры желілерін жаңартумен айналысқан «Эсма ХХІ» ЖШС биыл жұмысты аяқтап, халықтың игілігіне тапсырды.
– Су құбырының жалпы ұзындығы 18,9 шақырымды құрады. Құбыр тарту жұмыстары 2018 жылдың қыркүйегінен осы жылдың сәуіріне дейін созылды. Ең бастысы, халық енді таза ауыз суды тұтынып отыр, – дейді «Эсма ХХІ» ЖШС басшысы Дамир Қайрат.
Елу жылдан бері жөндеу көрмеген ауыз су құбырлары 215 үйге, мектепке, ауруханаға, мешітке және мәдениет үйіне тартылды. Тұрғындар да дән риза.
Дәл осындай жұмыстар Семей қаласының Мұқыр ауылында да атқарылды. Мұндағы жұмыстармен «DK Proekt» ЖШС мердігерлік ұйымы айналысты. Жобаның сметалық құны – 477,264 млн теңге.
Өткен жылы жобаны жүзеге асыруға 160 млн теңге бөлініп, игерілді. 2020 жылы жоба бойынша жұмыстарды аяқтауға 317, 264 млн теңге бағытталды. Бөлінген қаражатқа тұрғын үйлерге 20,8 шақырым желі, екі сорғы стансасы және су тарту құрылыстары салынды.
Айта кету керек, ауылда тұрғын үйлерден бөлек екі орта мектеп, қос дәрігерлік амбулатория, ветеринарлық және фельдшерлік пункттер, мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік қызмет нысандары бар. Халық осыған дейін тозығы жетіп, апатты жағдайда тұрған екі құдықтан су алып отырған. Ауыз суға қатысты мәселелер де орын-орнымен шешіліп келеді.
Биыл өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету 91,5 пайызға дейін артуы мүмкін. 1 қыркүйектегі мәліметтер бойынша, облыс тұрғындарының 90,5 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Ауылдық елді мекендерді қамту – 67,1 пайыз, яғни 689 ауылдық елді мекеннің 462-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Шығыс Қазақстан облысы