Қазіргі кезде эпидемиялық жағдайға байланысты қауесет көбейіп кетті. Соның бірі Алматының карантинге қайта жабылатыны туралы еді. Дүйсенбі күні қаланың Бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мұндай ақпараттардың жалған екенін мәлімдеді.
Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы, Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мегаполистің эпидемиялық ахуалы, КВИ, ЖРВИ және тұмауға шалдығу жағдайы туралы баяндай отырып, соңғы күндері қабылданған қаулының жай-жапсарын түсіндірді.
Оның айтуынша, Алматыдағы коронавирус инфекциясының эпидемиялық жағдайы тұрақты. Тәуліктік өсім көрсеткіші 0,006% құрайды, таралу индексі 1 пайыздан төмен. Биылғы қыркүйек айында барлығы 165 КВИ жағдайы тіркелсе (106 симптоммен және 59 симптомсыз), сондай-ақ 194 этиологиясы белгісіз пневмония табылды. Эпидемиялық зерттеулер барысында КВИ ошақтарында 305 байланыс анықталды, оның 3 жағдайы ПЦР әдісімен анықталды.
Озық зертханалық зерттеу әдістерін қолдана отырып, бұрын анықталған пневмонияның 48,4%-ға жуығы, яғни 247 пациенттің қорытынды сараптамалары тереңірек зерттелді. Зерттеу барысында 35 COVID-19 диагнозы (14%) анықталса, 87 бактериялық пневмония (35%) нақтыланды.
Ал 4 қазанда қалада симптомсыз КВИ жұқтырған 1 науқас және этиологиясы белгісіз пневмонияға шалдыққан 1 адам анықталған.
Індеттің таралуын тоқтату үшін қашықтан оқыту форматы енгізілгені белгілі. Бірақ ата-аналары қадағалауға мүмкіндігі жоқ балалар үшін 178 мектепте 11 942 оқушыға арналған 917 кезекші сыныптарда барлық профилактикалық іс-шараны сақтай отырып білім алуға жол берілді (9,8% бастауыш сынып оқушылары). Сондай-ақ оқушылар саны аз 10 мектеп пен 8 мектеп-интернат қалыпты жұмыс істеуге рұқсат етілген. Оқу басталғанға дейін арнайы мобильдік топтар білім беру нысандарына дайындық актілерін берді. Тексерулер кезінде анықталған карантиндік режім бұзу фактілері сабақ басталғанға дейін жойылған.
Қыркүйек айында мектеп оқушылары арасында КВИ-дің 7 жағдайы тіркелді, олардың барлығы қашықтан оқыған кезде ауруға шалдыққан. Эпидемиялық тергеу қорытындысында 4 оқушы ауруды өз туыстарынан, 2 оқушы медициналық мекемелерге ЖРВИ белгілерімен жүгінген кезде жұқтырғаны анықталды. 1 оқушы бронх демікпесінен санаторлық-курорттық емделу алдында профилактикалық тексеру кезінде індетке шалдыққан. Ал мектепке дейінгі балалар арасында КВИ табылған жоқ.
Бас санитардың мәлімдеуінше, Алматыда ЖРВИ-мен сырқаттанудың эпидемиялық жағдайы да тұрақты. Эпидемиялық маусым басталғалы бері, яғни 2019 жылдың 1 қазанынан 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейін ЖРВИ-дің 85 975 жағдайы тіркелді. Бұл өткен эпидемиялық маусымның кезеңімен салыстырғанда 3,6% төмен. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 48 478 жағдай тіркеліп, олардың үлесі 56,4%-ды құрады. Бұл – алдыңғы эпидемиялық кезеңмен салыстырғанда 8% төмен. Ал 1 жасқа дейінгі балалардың үлесі соңғы эпидемиялық маусымға қарағанда (11,2% немесе 6 098 жағдай) 17,7%-ды (8 614 жағдай) құрады. Жүкті әйелдер арасында ЖРВИ-дің 856 (0,9%) жағдайы тіркелді, өткен маусымда 750 (0,88%) жағдай болған еді.
ЖРВИ-мен ауырған 11 852 науқас ауруханаға жатқызылды, оның 656-сы жүкті әйел болса, 506-сы – 1 жасқа дейінгі балалар.
– Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен «қауіп тобындағы» адамдарға вакцина егіледі. Осы жылы «қауіп тобына» Ресейден 130 мың доза көлемінде шығарылған үш валентті «Гриппол Плюс» вакцинасы сатып алынды. 300 мың дозаға қосымша тапсырыс берілді, оның 186 мың дозасы келіп түсті. Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының қоймасына 1 қазанда 300 мың дозаның 56 820 дозасы қабылданды, – дейді Алматының Бас мемлекеттік санитары.
Қалада тұмауға қарсы вакциналау 10 қыркүйекте басталды. 30 қыркүйектегі жағдай бойынша тек 122 669 адам вакциналанды, бұл қаланың жалпы халқының 6,1%-ын құрайды, оның 116 935-і (89,9%) «қауіп тобына» кіреді (оның ішінде денсаулық сақтау қызметкерлері – 24 866, 14 жасқа дейінгі балалар – 21 101, жүкті әйелдер – 6 192, созылмалы аурулары бар адамдар – 98 573, балалар үйі, қарттар үйі сияқты жабық мекемелер контингенті – 3 019).
Жеке медициналық орталықтарда тек 5 734 адам вакциналанды, оның ішінде 1 342-сі жұмыс берушілер есебінен, 4 392 адам өз қаражатына екпе жасатты.
Алматының Бас мемлекеттік санитары халықаралық әуежайда санитарлық-эпидемиялық бақылау күшейгені туралы мәлімдеп, оның тәртібін түсіндірді.
Қазақстан азаматы емес адамдар еліміздің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 72 сағаттан ерте емес іріктелген ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеуден өткені туралы анықтама болмаса, елге кіре алмайды. Ал анықтамасыз оралған отандастарымыз ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарға 2 тәулікке оқшауланады. Өз кезегінде Алматы қаласының туризм басқармасы мен Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы шетелден келетін тұлғаларға қойылатын талаптардың өзгергені туралы туроператорларды хабардар етуі тиіс.
АЛМАТЫ