• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Оқиға 07 Қазан, 2020

Пошташы мәртебесі

800 рет
көрсетілді

Өркениет дәуірінде жойылып кетуі тиіс мамандықтар тізімінде пошташының кәсібі бірінші тұратын сияқты көрінетін еді. Алайда елімізде байланыстың бұл саласына деген сұраныс әлі де жоғары екен. Бұлай деуімізге пошта байланысын тұтынатын тұрғындардың пікірі арқау болып отыр.

Әсіресе ауыл тұрғындары үшін пошташының мәртебесі зор. Өйткені елімізде интернет желісі түгілі телефон байланысы толықтай қолжетімді болмаған елді мекендер көптеп саналады. Ал бұл ауылдар үшін негізгі ақпарат тасымалдаушының жүгін пош­ташылар көтеріп тұр. Бірақ осы пошташының әлеу­меттік жағдайы тағы мәз емес. Жала­қысы аз жұмыс бол­ған­дықтан, бұл міндетті атқаруға өз ісіне құ­лай берілген адам болмаса, екі­­нің бірі тәуекел етіп келе қой­­май­ды. Дерек бо­йынша, қа­зір ауыл­дағы пошташы 15 000 теңге мен 25 000 теңгенің ара­лы­ғын­да айлық жалақы алады. Яғни пош­та­шының еңбекақы­сы еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшерінен де төмен болып отыр. Мұндай жағ­дайда үй-үйді аралап, хат-хабар, газет-журнал тарататын қыз­­меттің сапасы туралы айту қиын. Бұл мәселе биыл жыл ба­сын­да Мәжіліс қабырғасында да көте­рілген болатын. Мысалы, Шай­мар­дан Нұрымов Үкіметке депу­тат­тық сауал жолдап, аймақ­тар­дағы пошташылардың әлеу­мет­тік жағдайын жеткізген болатын.

– «Қазпошта» компания­сы қызмет көрсетудің көп­теген түр­лерін жүзеге асырады. Қаржылық операция­лар, тауарлар тасымалы, төлем­дер, банктік қызметтің кейбір түр­лері және тағы басқа қыз­меттерді жүзеге асыратын бұл ұйым табыстан, әрине, кенде емес. Осылай бола тұра, пош­ташылардың жалақысы өте төмен деңгейде қалып қойғаны ақылға сыймайды, – деген болатын депутат өз сөзінде.

Халық қалаулысы бұл мәселеге Алматы облысына жа­са­ған сапары барысында көз жеткізіпті. Тұрғындар хат-хабар мен газет-журналдардың екі аптадан артық уақытқа де­йін кешігіп жететінін айтып шағымданған екен. Яғни аудан­дарда пошташылардың же­тіспеуінен осындай қиын­дық туып отырғаны жасырын емес. Ал адамдар жұмыссыз жүр­геніне қарамастан пошташы болуға құлықсыз. Оның басты себебі жалақының төмендігінде болып отыр. Шындығында, Алматы облысының аудандары бойынша анықталған мәліметке сүйенсек, ауылдағы пошташының айлық жалақысы аз және ала-құла. Мысалға, Ең­бек­шіқазақ ауданында пошта­шы 15 000 теңге мен 28 000 теңге алса, Панфилов ауданында бұл сома 18 000-20 000 теңге аралығында-мыс. Ал ең төменгі жалақы Ұйғыр ауданында екен: 12 000 теңге мен 15 000 теңге шамасында ғана. Ал осын­дай жалақысы бар пошташы­дан ауылды жаяу аралап, газет-журналды, хат-хабарды кешіктірмей жеткізуді талап етудің өзі әділетті болмас еді...

Сондай-ақ аймақтағы пош­та бөлімшелерінің жұмы­сы­на қатысты да сын көп айтылады. Ал ауылдық жер­дегі «Қазпошта» бөлімшесі тұр­ғындардан түрлі төлем қабылдайтын орынның мін­детін атқарады. Зейнетақы да осы пошта бөлімшелері арқылы таратылады. Жұрт ауылдағы маңызды мекеме­нің бірі болып саналатын пош­та бөлімшелері қоныстанған ғимараттарда қызмет көрсетуге мүмкіндік жоқ екеніне наразы. Мәселен, Жетісудағы көптеген елді мекендердегі пош­та ғи­мамараттарының тозығы жеткен. Соның бірі Талғар ауданы­на қарасты Талдыбұлақ ауылындағы жағдай.

– Ғимарат «Қазақтеле­ком­ның» иелігінде, жалға алын­ған осы екі бөлмеде еңбек етеміз, 20 жылдан асты. Тал­ды­бұлақта тұрғындар саны жыл­дан-жылға өсіп келеді. Қазір­дің өзінде 7 мыңға жуық­тап қалды. Тұрғындарға зей­нетақы, жәрдемақы түр­лерімен қоса, сәлемдемелер, төлемақы түрлерін қабылдап, тапсырамыз. Бөлме тар, компьютерлік техникаларымыз ескі. Жұмыс орнымыз қыста суық, электр жылытқыш қосып отырамыз, – дейді пошта бөлімшесінің қызметкерлері.

 

Алматы облысы