Пошта – мемлекеттік байланыс жүйесінің маңызды мекемесі екені даусыз. Қызметі сан салалы болғандықтан да, облыс орталығындағы пошта бөлімшесі адам аяғы үзілмейтін орын.
«Казпошта» акционерлік қоғамы Астана филиалының Көкшетау қалалық бөлімшесі қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет етуде. Облыс орталығындағы 15 бөлімше өз қызметтерін тиімді ұйымдастырудың арқасында барлық жұмысты сәтті жүргізіп келеді. Қала тұрғындары өздерінің қажетіне орай заттарын жеткізу, ақпарат алмасу қызметтерін пайдаланады. Мекеме басшыларының айтуына қарағанда, қазіргі күні бандероль, үлкен өлшемді ауыр жүктерді жіберу және жеткізу, мерзімдік басылымдарға жазылу, оларды сату, арнайы байланыс қызметін пайдалану сұранысқа ие. Пошта желісі – бизнес және халық үшін электронды сауданы, көлік-логистикалық сервисті, қаржылық қызметтерді алға жылжыту үшін тиімді құрал.
Негізінен қала тұрғындарына көрсетілетін қызмет түрлерінің бірі – зейнетақы мен жәрдемақы тарату. Бұл орайда, іркіліс жоқ. Жаман тұмау жан алқымнан алған кезде де пошта қызметкерлері көпшіліктің көңілінен шығатындай қызмет істеді. Сондай-ақ әртүрлі хат-хабарларды уақтылы жеткізіп беру. Бұл арада арагідік арыз-шағым да айтылып қалатын тұстары болады екен. Оның өзіндік себебі бар. Мәселен, көпқабатты үйлеріндегі пошта жәшіктерінің көпшілігі кілтке жабылмайды. Түсіп қалуы да, ойын балаларының алып кетуі де ғажап емес. Дегенмен пошта қызметкерлері жауапкершілік жүгін жете түсінеді. Сондықтан да ұжымдағы 120-ға жуық адам осы мақсатта өз міндеттеріне мұқият қарап, халық талабына сай жұмыс істеуде. Орташа жалақы 80 мың теңге төңірегінде.
– Пошта қызметін пайдалану жыл өткен сайын азайып келеді. Ол заңды да. Қазіргі күні электронды хабар тарату әбден жетілдірілді. Сондай-ақ онлайн байланыс та бар. Қызмет ауқымын кеңейту үшін жаңалық болып есептелетін тың дүниелерді ойластырудамыз. Мәселен, екінші дәрежелі банктермен келісімшарт жасасып, несие беруді ұйымдастырудамыз. Жүзден астам адам несие алып үлгерді. Сондай-ақ сәлемдемелер жолданған мекенжайға дейін жеткізіледі. Осы орайда, ірі көлемді заттарды қабылдап, еліміз бойынша жөнелту қолға алынған. Мұның барлығы соңғы уақытта заман талабына сай ұйымдастырылып, тыңға түрен салып отырған дүниелер, – дейді бөлімшенің бас маманы Бауыржан Жүсіпов.
Мекеме басшыларының айтуына қарағанда, қолбайлау болып отырған жайлар да аз емес көрінеді. Мәселен, пошта тасушылардың қызметінде жүйкеге жүк түсіретін, көптен бері айтыла-айтыла әбден жауыр болған мәселе аз емес. Айталық көпқабатты үйлердің сыртқы есігі кілтпен жабылады. Қауіпсіздік үшін ол да керек шығар. Бірақ соның өзі пошта салатын жәшіктер іште болғандықтан, көп-көрім қиындық тудыруда. Ал қаланың шеткері орналасқан аймақтарындағы жекеменшік үйлердің жолы сын көтермейді. Бос жүрген бұралқы ит көп. Бұрнағы жылдары оқыс оқиғалар да орын алған. Бірақ соның бәріне қарамай, пошта тасымалдаушылар өз жұмыстарын мінсіз атқаруға тырысады.
– Ендігі бір мәселе – баспасөз тарату жайы. Өткен жылғы жоспар жүз пайыз орындалған. Биыл індетке байланысты жағдайдың күрделі болатын түрі бар, – дейді қалалық бөлімше басшысының орынбасары Әлима Балтабаева.
Қала тұрғындары тарапынан газет-журналдардың сатылуы туралы өтініштер жиі айтылатындығын да айта кеткеніміз орынды болар. Мәселен, облыс орталығындағы бұқаралық ақпарат құралдарын сататын дүңгіршектерде негізінен шетелдік басылымдар көбірек сатылады. Әсіресе темір жол мен автобекет маңында жергілікті ұлт тіліндегі басылым іздегендер көп-ақ.
Тұтастай алғанда пошта қызметінде заман талабына сай жаңалық аз емес. Соның барлығы байланыс жүйесінің маңызын арттыра түсуге бағытталған.
КӨКШЕТАУ