Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталған Заңға қол қойды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес («Пара беру») мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
«Азаматтық кодекстің 509-бабымен көзделген норманы Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің нормаларымен сәйкес келтіру тура келді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады», - деді О. Бектенов.
Спикердің атап өтуінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып саналады. Құны 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сыйлық әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, құны 2 айлық есептік көрсеткіштен жоғары сыйлық қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.