Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте айтты, - деп хабарлайды Egemen.kz
"Індетке қарсы күрес үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданған. Ең бастысы, тәжірибеміз бар. Осы кезеңде денсаулық сақтау саласын нығайту үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар жүзеге асырылуда. Өңірлердің дайындығын айқындайтын индикаторлар жүйесі енгізілді. Жергілікті жерлерде жедел штабтар құрылып, жұмыс істеуде. Бұл штабтар іс-қимыл шараларын орталыққа жалтақтамай, өздері қабылдай алады. Құзырлы органдардың барлығы індетпен күреске дайын. Еліміздің біртұтас биоқауіпсіздік жүйесін құру жұмысы басталды. Халықаралық қауымдастық ұлттық вакцина әзірлеу жөніндегі жұмыстарымызға қолдау білдіріп отыр. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізілуде. Бұл еліміздің ғылым саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Бірақ, елдегі жағдай тұрақталғанымен, босаңсуға болмайды. Жаз айларындағы күрделі ахуалдың зардаптарын естен шығармағанымыз жөн. Өкінішке қарай, азаматтарымыз, тіпті, жергілікті билік өкілдері сақтық шараларын ұмыта бастады.
Эпидемияны ауыздықтау – оңай шаруа емес. Оның экономикаға және халықтың әл-ауқатына тигізетін салдарын барынша азайту – маңызды міндет. Біз жан-жақты ойластырылған және нақты шаралар қабылдауымыз керек", деді Президент.