Қырғызстан Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты қырғызстандықтарға тағы да үндеу жасады, деп хабарлайды Egemen.kz Президенттің аппарат ақпараттық саясат бөліміне сілтеме жасап.
"Қымбатты отандастар!
Қырғызстан ең қиын кезеңді бастан өткеруде.
Ешқандай билік немесе лауазым адам өмірінен жоғары бола алмайды.
Өздеріңіз білетіндей, мен адам өміріне қауіп төндірмедім және "Ақ үй" ғимаратына кіргендерге қарсы күш қолдануға бұйрық бермедім.
Сол күндері наразылық білдірушілерді күшпен басу туралы шұғыл ұсыныстар да келді. Мен оны мүлдем қабылдамадым. Бұл қақтығыстарға әкелуі мүмкін.
Сол себепті, мен төтенше жағдай режимін енгізу туралы жарлыққа қол қойған жоқпын.
Өңірлерде мені қолдап, митингіге шығып, сөз сөйлегісі келетін отандастар да аз болмады. Мен олардан бұлай жасамауын өтіндім. Себебі, осы күндері халықты бөліп-жарудың қаншалықты қауіпті екенін өз көзімізбен көрдік.
Құрметті отандастар, қызметке орналасқысы келгендер мақсатына жетті. Енді көшеде акция жасауды жалғастырып жатқан жақтастарыңызға тоқтау салу керек. Мен тағы да акцияны ұйымдастырушылар мен саяси лидерлерді бәрін заңды тұрғыда шешуге шақырамын.
Мен осы қиын сәтте жоғары азаматтық ұстаным көрсеткен жастарымыздың еңбегін зор ризашылықпен атап өткім келеді. Түн ұйқысын қиып, елдегі бейбітшілікті, азаматтар мен мемлекеттің меншігін сақтау үшін қызмет еткендерге дән ризашылығымды білдіремін.
Соңғы күндері кімнің нені көксеп жүргеніне көз жеткіздік. Осы ретте, жас қырғызстандықтар, Сіздер билік үшін күрескен үлкендерге үлгі болдыңыздар. Билік емес, Қырғызстан қымбат екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсеттіңіздер. Ел мүддесі бәрінен маңызды екенін шын дәлелдедіңіздер.
Мен барлық тарапты ұстамдылыққа шақырамын. Мемлекет мүддесі жеке бастың амбициясынан жоғары екенін тағы да еске саламын.
Біз бірлесе жүріп бұл қиындықты жеңеміз деп сенемін.
Құрметті отандастар, қазіргі өзекті мәселе - Қырғызстанда бейбітшілік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету!
Қырғызстанға Жаратқан жар болсын!»
Еске сала кетейік, кеше Қырғызстан Республикасының Президенті мәлімдеме жасады.