Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің оңай келмегені мәлім. Бұл соғыс қаншама қандасымызды қыршынынан қиып, халқымызды селдіретіп тастағанымен рухымызды тұншықтыра алған жоқ. Керісінше, соғысқа дейінгі кезеңде қудалауға ұшыраған ұлттың ұлдары қан майданда өздерінің қайсарлығын дәлелдеп, елдің еңсесін көтерді. Сол майдангерлердің қатарында Қызыл Ту және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерінің иесі Бах Пернешов те бар.
Өткен шаққа, тарихымызға, ата-бабаларымыздың өмір жолына құрметпен қарау, олардың ерлік істерімен мақтанып, оны үлгі тұту бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі болуы керек. Бах Пернешов Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы. 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеуге аттанады. Отан алдындағы үшжылдық жауынгерлік борышын өтеп, 1941 жылдың маусымында әскерден босап, елге қайтып келе жатқанда соғыс басталады да елге жетпей немістердің қоршауында қалады. Үш жылдай әскери борышын өтеген сержант қоршауда қалған өзі сияқты әскерилердің басын қосып, орман паналап, талай қиыншылық көріп, қоршауды бұзып шығып өз жауынгерлеріміздің қатарына қосылады... Сонымен Кеңес әскерінің құрамында тағы да бес жыл соғысқа қатысып, оны аяқтап елге оралады.
Елге аман-есен келіп, үйленіп, ауылда бригадир және ферма бастығы болып өмірінің соңына дейін жұмыс істеді. Елге аса қадірлі болды. Шахматтан ауылдың чемпионы еді. Соғыс туралы көп айта бермейтін. Оқта-текте жора-жолдастарына қоршаудан қалай шыққандарын айтып отыратын... Днепрден бөренелермен өткендері туралы айтқандары есімде... Орден-медальдары толып тұратын. Ол кезде баламын, олардың қандай ордендер екенін, қалай алғандығын сұрамаймыз да. Райымбек деген баласы екеуміз оларды кеудемізге тағып алып ойнайтынымыз есімде.
Ағамыз қырғын соғыстан аман келіп, төрт ұл, екі қыздың әкесі атанды. Сол қан майдандағы бастан кешкен қиындықтарының зардабы болса керек, 1966 жылы өңеш ағзасының обырына шалдығып 49 жасында дүние салды.
Қазір Екінші дүниежүзілік соғыстағы қаһармандар туралы түрлі мәліметтер белгілі болып жатыр. Біз де тиісті орындарға хат жазып, Бах Пернешов туралы мынадай мәліметтер алдық:
Бах Пернешов 1938 жылдың қыркүйек айында Ташкент қаласынан әскерге алынып, батыста үшжылдық борышын атқарып елге қайтып келе жатқанда қоршауда қалады. 1942 жылдың 1 қазанынан бастап Кеңес әскерінің қатарына қайта қосылып, Батыс майданда соғысқа араласыпты.
Соғысты сержант болып бастап, гвардия лейтенанты дәрежесінде аяқтайды. Ерлігінің арқасында батарея командирі болады. Алған негізгі марапаттарының қатарында Қызыл Ту және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері бар. Соғысқа 1942 жылдың қазан айында Батыс майданынан кірісіп, оны І Украин майданында аяқтаған.
Тарқата айтар болсақ, 1942 жылдың 26 сәуірінде Б.Пернешов Редцы және Михалькино деревняларында немістің үш танкісін жояды. Бұған дейін Литвадағы ұрыста тағы екі неміс танкісін дәл көздеп атып, қатардан шығарады. Міне, осы ерліктері үшін оған бөлімше командирі атағы және Қызыл Ту ордені беріледі. Шенау, Казимир, Ровен және Доберсдорф деревняларын жаудан қайтарып алу үшін болған соғыстарда танкіге қарсы батареяның командирі Б.Пернешов оннан астам қарсылық аймақтарын, жаудың 5 автомашинасын жояды. Сондай-ақ дұшпанның бір взводын жер жастандырады. Осы ерлігі үшін ол 1945 жылдың 28 наурызында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
Қай кезде де: «Сен құрметте оны! Түсіндің бе қарағым! Ол ақшаға сатқан жоқ, тізеден кесіп аяғын», деген ақын Әбу Сәрсенбаевтың өсиеті ардагерлерге деген құрметтің символы болып қала бермек.
Тағдырға қарамайсыз ба? «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген мәтелдің ақиқат екендігіне осы кісінің өмірі дәлел. Бір отбасының жалғыз ұлының сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, аман-есен елге оралып, отау құрып, бала-шағалы болып, артына бір қауым ұрпақ қалдыруы Құдайдың құдіретімен болған игілік демеске лажымыз жоқ. Қазір Бах Пернешовтің кіндігінен тараған төрт ұл, екі қыздан 25 немере және 43 шөбере өрбіп отыр.
Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат баласы үшін ұмытылмайтын ұлы қасірет. Ал өткенге тағзым – бейбіт күннің қадірін еселеп арттыратын ұғым. Біздің мақсат – ұмыт қалған ардагерлеріміздің есімдерін дәріптеп, олардың ерліктерін жас ұрпаққа таныстыру.
Әбдісабыр ӨМЕШҰЛЫ,
профессор