• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Қазан, 2020

Тілін құрметтеген, елін де құрметтейді

323 рет
көрсетілді

Жергілікті ұлт тілін өз ана тіліндей мейлінше терең меңгеріп, тамаша дәстүрі мен мазмұнды салтын өз көңілі қалағандықтан дәріптейтін өзге диаспора өкілдерін көргенде ішіңнің жылып қалатыны бар. Өзі ғана меңгеріп қоймай, қазақтың бай тілін барынша насихаттап, өзгеге оқытып, үйретіп жүргендер мың алғысқа әбден лайық.

 

Қай тарапқа қарасаң да, ұқыпты қолдың табы анық байқалатын шоқ жұлдыздай шағын ауылдың қотанына табан іліктірген соң білім ошағын ізде­генбіз. Жол шетінде кезіккен баладан жөн сұрадық. Әуелі біздің өңірдің салтымен орыс тілінде.

– Екі көшеден өтіп, оңға бұрыл­са­ңыз, алдыңыздан көрініп тұрады, – деді бала таза қазақ тілінде.

Баланың алдында ұятқа қалдық. Сол кінәмізді жуып-шайғандай жалма-жан сұрақ қойып жатырмыз.

– Көп рахмет, бауырым, – дедік біз, – қазақ тілінде таза сөйлейді екенсің. Қайдан үйрендің?!

– Мектептегі мұғаліміміз Палада Бек­­­каевнадан. Ол кісі қазақшаны өте жақ­­сы біледі.

– Өзің нешедесің, ұлтың кім?

– Он үштемін, ұлтым чешен, – деп орнықты жауап қатты жасөспірім.

Жасөспірімнің жатық тіліне разы болып қалдық. Қазақ тілін қапысыз меңгерген ұлағатты ұстаз туралы аудан орталығында естіп едік. Ендігісі ел мақтаған мұғаліммен тілдесу. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Палада Да­шаева Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педа­го­гикалық колледжінің түлегі екен. Тілді бала кезінде меңгеріпті. Кейін облыс орталығында оқып жүргенінде же­тілдірсе керек.

– Колледжде қазақ тілі мен әдебие­тін терең оқып үйренуге мол мүмкіндік болды, – дейді бірінші санатты мұ­­ға­лім, – тілдік орта да бар еді. Соның арқасында үйрендік. Жалпы, өзім өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйретудің жолдарын іздеу үстіндемін. Менің ойымша, ойын элементтерін пайдалана отырып үйретсе, көбірек ұғады. Ендігі бір мәселе, аса бай тілдің бар бояуын балалардың бойына сіңіру. Мәселен, қазақ тілінде тұспал, емеурін басым. «Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда» дегендей астарына мол мағына сыйғызып айтады. Ал қазір көпшілік ауызекі тілді ғана меңгерген. Архаизм сөздерді назардан тыс қалдырмау керек. Ол да тілдің байлығы. Әйтпесе, тура мағынасында сөйлеп, тура мағынасында жазатын болсақ, жұтаң тартып кетуі мүмкін.

Он жылдан астам тәжірибе жинақ­таған білікті мұғалім мектептегі әдіс­керлік бірлестіктің отырыстарында талай рет тіл туралы толғанып, тамаша пікірлерін білдірген екен. Ұлағатты ұс­таздың еңбегі де лайықты бағалануда. Қабілетті оқушыларының арқасында. Үш жыл қатарынан оқушыларды ғылыми жобаларға дайындап, байқауларда топ жарған. Аудандық, облыстық өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылған тіл байқауында жүлдесіз қалған кезі жоқ. Өзінің айтуына қарағанда, мәселе жүлдеде де емес, бірақ бала­ның аты бала, топқа түскен соң алдың­ғы лектен көрінгісі келетіндер де бар. 2018 жылы ұлағатты ұстаз «Үштұғырлы тіл – кәсіби табыстың кепілі» тақырыбындағы облыстық байқауда эссе жазудан елдің алдына түскен. 2019 жылы «Біздің қоғам­­ның болашағы» тақырыбындағы республикалық конкурста екінші орын алған.

Жалғыз өзі ғана алға ұмтылмай, тұң­ғиық тілдің тұнығына шәкірттерін де сүңгітуде. Жергілікті ұлттың жаны сүйетін, көңілі қалайтын тілін ғана емес, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін де жетік білсе екен дейді. Әр жыл сайын тұрақты өткізілетін «Тілі бірдің – тіле­гі бір» байқауына және Абай, Махам­бет оқуларына оқушыларын дайында­ған­да, әр сөздің мағынасын түсінді­ріп, шұғыласын жас жүрекке дарытып, көкіректеріне сіңіреді екен. Соның арқа­сында қазір Краснополянский орта мектебінің оқушылары тілді тәп-тәуір меңгеріп қалған. Негізінен көпұлтты болып саналатын білім ошағының бар­лық шәкірттері жергілікті ұлт тілін тәп-тәуір меңгеріп отыр.

– Осы әлденеше ұлт жеткін­шек­терінің туған жерге деген балалық махаббатын алаулатып тұрған ортақ тіл – қазақ тілі деп білемін, – дейді ұлағатты ұстаз Палада Беккаевна, – тілді білмек парыз. Өйткені біз адамының жаны жомарт, даласының ырыздығы мол қазақ жерін мекен етеміз ғой. Біздің мектепте чешен балалары көп оқиды. Оларға өткен тарихтың аталарымыздан естіген естелігін жиі айтып отырамын. Біздің ұлттың басына күн туғанда, қазақ жеріне зорлап көшірілгенде қолдарындағы бір үзім нанмен бөлісіп, аман алып қалған осы жұрт. Кейінгі жастар сол жақсылықты білуі және қадірлеуі керек. Мен мұны ең алдымен азаматтық парыз деп есептер едім.

Ұстаз көкірегіндегі әдемі ойлар бұйығып жата бермей, тәмам жұрт құлақтансыншы деп негізгі сұлбасын сақтап, жаздық біз де. Әркім жергілікті ұлттың тілі мен дәстүрін дәл осылай дәріптесе, орысшасы орғытып тұрған өңірдің тіл тұрғысындағы мәселесі оп-оңай шешіліп кетер еді. Жалғыз тіл емес, елге деген құрметі де өзге түгіл өзімізге де өнеге емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы