• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қазан, 2020

МӘМС жүйесінде балалар мен жүкті әйелдерге тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі

731 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың 8 айында көрсетілген 156539 стоматологиялық қызмет үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  266 миллион теңге төледі, деп хабарлайды Egemen.kz "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2020 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында  21 жеткізуші стоматологиялық қызмет көрсетті. Олардың ішінде, мемлекеттік – 11, жекеменшік клиникалар - 10. Биыл Қор жеткізушілерінің саны 2019 жылмен салыстырғанда біраз өсті, өткен жылы 1 мемлекеттік және 4 жекеменшік клиника, барлығы 5 жеткізуші стоматологиялық көмек көрсеткен болатын", делінген хабарламада.

МӘМС жүйесінде жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге тегін көрсетіледі.

Шұғыл стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратындар, мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар ала алады.

Ортодонтиялық көмек жақсүйек-бет аномалияларын жоюға арналған аппаратты пайдалана отырып, жақсүйек-бет аймағының туа біткен патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі.

Сондай-ақ биылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС пакеті бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды – атаулы әлеуметтік көмек алушыларды қолдауды қарастырған. 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға түрлі жақсүйек-бет аймағының ауытқулары (тістем бұзылулары, жақтың микрогнотиясы) кезінде ортодонтиялық көмек көрсетілетін болады.

"Елордада тегін стоматологиялық көмек алуға құқылы пациент емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгіне алады. Бұл ретте стоматологиялық қызмет көрсететін клиника Қордың әлеуетті қызмет жеткізушісі және әлеуетті қызмет жеткізушілер тізілімінде болуы маңызды. Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмек көрсету пациенттің еркін таңдауы негізінде жүзеге асырылады (бала – ата-ана немесе заңды өкіл болған жағдайда) және пациенттің тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігердің жолдамасының болуы талап етілмейді. Қызмет көрсету фактісі және стоматологиялық көмек көлемі ақпараттық жүйеде тіркеледі, бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы мен стоматологиялық клиникалар арасында бірлесіп орындау шартын жасасуға негіз болады, ол ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптастырылады", - деп түсіндіреді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

Көрсетілген қызметтерге ақы төлеу пациенттің тіркелген жері бойынша  алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы (емхана) арқылы жүргізіледі.

Көрсетілген қызметтер нақты қызмет көрсету дерегі (факт) бойынша ақпараттық жүйеге енгізіледі.

Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы жүгіну қажет, қосымшаны Play Market және App Store арқылы  орнатуға болады.