• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қазан, 2020

"Ауыл – ел бесігі" жобасында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ескерілмеген - сенатор

196 рет
көрсетілді

Сенат отырысында Әли Бектаев Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Өз сауалында сенатор "Ауыл – ел бесігі" жобасын іске асыру кезіндегі олқылықтар мен осы бағыттағы өзекті проблемаларға назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ә.Бектаевтың айтуынша, жобаға енгізілген тіректі және спутниктік елдімекендерді іріктеу қағидалары түсініксіз. Бүгінде бұл тізімге 3561 елдімекен енгізілген. Олар негізінен аудан орталықтары мен олардың айналасындағы ауылдар. Ал шалғайдағы елдімекендердің қамтылуы нашар.

"Ең сорақысы, "Ауыл – ел бесігі" жобасын дайындау барысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ескерілмеген. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "ҚазАгро" акционерлік қоғамының қаржы институттары осы жобадан тыс қалған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 2019 жылы 448 миллиард теңге бөлінді. Оның 1,6 миллиард теңгесі ғана ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашуға арналған 22 жобаға жұмсалған. Ал 2020 жылы ауылдық жерлерде ашылатын 20 мың жұмыс орнының тек 800-і тұрақты болмақ. Бұл орта есеппен әр төрт елдімекенде бір ғана тұрақты жұмыс орны құрылады деген сөз", деген Ә.Бектаев осы бағыттағы инвестициялық жобалардың әлеуметтік тиімділігі төмен екенін жеткізді.

Депутаттың сөзіне қарағанда, бұл жұмыстар "Нұрлы жол", "Нұрлы жер", "Еңбек", "Бизнестің жол картасы-2025" сияқты мемлекеттік бағдарламалармен үйлестірілмеген. Сондай-ақ ауылдардың инфрақұрылымдық проблемаларын түбегейлі шешуге арналған бастамалар жүйелі жоспарланбаған. Осыған орай сенатор өзін толғандырған бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтті.

"Жобаны дайындап, іске асырар алдында ауылдық елдімекендердің өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестігін зерттейтін, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін анықтайтын кешенді жұмыстар жүргізілді ме? Осы жобаға енгізілген әлеуеті бар 1173 тіректі, 2388 спутниктік елдімекен қандай критерийлермен анықталды?" – делінген депутаттық сауалда.

Сонымен қатар Ә.Бектаев Үкімет басшысынан аталған жобаны ұлттық бағдарлама ретінде қайта қабылдауға және ауылдық аумақтарды дамыту саясатына жауапты ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігін қайта бекітуге қатысты пікір білдіруін сұраған.