• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Саясат 08 Қазан, 2020

Қазақстан және Испания арасындағы ынтымақтастық нығая береді

204 рет
көрсетілді

Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Константин Жигалов Испания Премьер-министрі кабинетінің халықаралық істер жөніндегі бас директоры Эмма Апарисимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгіме барысында тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және Қазақстан мен Испания арасындағы стратегиялық серіктестік негізінде шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейту келешегін қоса алғанда екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасу шеңберінде тараптар Қазақстан мен Испанияның БҰҰ-ның қазіргі кезеңдегі қызметіне қатысты негізгі ұстанымдарына бөлек тоқталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Испания Премьер-министрі Педро Санчестің БҰҰ Бас Ассамблеясының 75- сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлеген сөздерінің негізгі бағыттарын егжей-тегжейлі талқылады. Тараптар Қазақстан мен Испанияның өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарының ұқсастығын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Сонымен қатар К. Жигалов сұхбаттасын Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» Жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырды. Испан тарапы бұған дейін аталған құжатпен танысқанын және оның экономикалық өсу мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тұтастығы мен практикалық сипатына назар аударғанын айтты.

Екіжақты күн тәртібін талқылау барысында қазіргі жағдайдың күрделілігіне қарамастан, тараптар екіжақты саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тиісті деңгейде жалғастырып келе жатқандығы және жоғары деңгейдегі сапарларды ұйымдастыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендігі ерекше атап өтілді.

Тараптар әскери-техникалық, тау-кен, көлік және ауыл шаруашылық өнеркәсіптері, логистика және тағы басқа да салалардағы ынтымақтастықтың белсенділігі және пысықталып жатқан жобалардың мазмұндылығы атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың жемісті дамып келуіне назарға ала отырып, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеуді қоса алғанда түрлі іс-шаралар өткізудің  оң динамикасын қанағаттанушылықпен атап өтті. Осы орайда Елші сұхбаттасына испан тіліне аударылған «Қара сөз» бен өлеңдер енген «Абай» кітабын сыйға тартты.