Бүгін Алматыдағы «Абылай хан» спорт кешенінде кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өтеді. Таяуда ғана тұсауы кесілген «Дарын» және «Nev Names» промоутерлік компаниялары ұйымдастырып отырған айтулы жарыста Қазақстанның бірқатар аймағы және Әзербайжан мен Беларусь елінен келген былғары қолғап шеберлері бақ сынайды.
Алатау баурайында өтетін жарыста атыраулық Бекболат Құрамысов кәсіпқой рингтегі өзінің тұсаукесер кездесуін өткізеді. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасовтың төл шәкірті әуесқой рингте жүргенде 69 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, елеулі табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, студенттер арасында Чианг-Май мен Элистада өткен әлем чемпионаттарының финалисі болды, Азия біріншілігінде қола медальды иеленді. Ересектердің ел чемпионатында жүлдегелер санатына қосылып, Дүниежүзілік бокс сериясында (WSB) «Астана» арландары» клубының намысын абыроймен қорғады. Енді Бекболат кәсіпқойлармен күш сынасуды құп көріп отыр. Ол алғашқы жекпе-жегін алматылық Батыржан Тұхтаевқа қарсы өткізеді.
Танымал бапкер Сағатбек Мұсахановтың қол астында жаттығатын Ескендір Харсан Андрей Нурчинскимен қолғап түйістіреді. 31 жастағы Беларусь елінің өкілі – өте тәжірибелі боксшы. Ол осы күнге дейін кәсіпқой рингте 50-ге жуық жекпе-жек өткізді. Ал 23 жастағы қандасымыз жеті рет шаршы алаңға шығып, соның алтауында жеңіске жетті.
– Алматыдағы бокс кешенінде өнер көрсететін жігіттердің үш-төртеуінің ғана есімі көпшілікке танымал. Ал қалғандары кәсіпқойлар арасында өздерінің тұсаукесер кездесулерін өткізгелі отыр. Осылайша, біз жастарға өз-өздерін мойындатуға жақсы мүмкіндік беріп отырмыз. Оның үстіне, «Дарын промоушен» компаниясы жуырда ғана құрылды. Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының арнайы лицензиясын ресми түрде алғаннан кейін бірден дүбірлі дода ұйымдастыруға бел будық. Бұл реттегі біздің басты мақсатымыз – осы спорт түрін таңдаған жастарға жол ашу, олардың үлкен аренаға шығуына барынша жағдай жасау. Айтулы жарыс көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймыз, – дейді «Дарын» промоутерлік компаниясының президенті Дархан Қабыланбаев.
Сондай-ақ турнирде Қанат Сүмебайұлы мен Дәуіт Ынтымақ, Бауыржан Бейілдинов пен Ерлан Махмұд, Ғани Спатаев пен Исмат Еюнулаеев (Әзербайжан), Сергей Крапшила (Беларусь) мен Адлан Селмұрзаев және Асхат Жантұрсынов пен Казим Умудов (Әзербайжан) секілді боксшылар жұдырықтасады.