Қойнауы мұнай мен газ секілді табиғи байлыққа мол болғанымен, Атырау жұртшылығын толғандыратын басты проблема бар. Бұл – экология мәселесі. Өйткені жел екпіні күшейсе, Атырауды шаңды дауыл басады. Ал жаздың аптап ыстығында сая болар жасыл желегі тым аз. Өңірдегі осы мәселеге алаңдаған қоғам белсенділері қаланың бірнеше шағын ауданынан саябақ ашуды ұсынып келеді. Бұл мәселе облыс басшыларын да ойландырып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың айтуынша, Атырау қаласын көгалдандыру жобасына қоршаған ортаға зиянды ластаушы заттар шығаратын ірі кәсіпорындарды тарту жоспарланыпты. Осыған орай он жыл бойы іске асырылатын жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді жаппай көгалдандыру туралы тапсырмасына орай қолға алынып отыр.
– Президенттің тапсырмасына байланысты облыс әкімдігі Атырау қаласы мен оның айналасында тал егуді жүзеге асыратын іргелі жобаны дайындады. Бұл – он жылға созылатын жоба. Жақында көгалдандыруға арналған учаскелер, жауапты орындаушы, сондай-ақ тал егу кестесі айқындалады, – дейді Е.Әбілханов.
Әрине, аталған жобаны жүзеге асыру оңай емес. Өйткені жобаға инвестиция қажет. Сол себептен жабаға атмосфералық ауаға қалдық шығаратын мұнай-газ өндіру және мұнай өңдеу кәсіпорындарын инвестор ретінде атсалысуға тарту көзделіп отыр. Осы орайда «Ластаушы қалпына келтіреді» қағидасы ескеріліпті. Соған сәйкес «Теңізшевройл», NCOC, «Ембімұнайгаз», Атырау мұнай өңдеу зауыты секілді жетекші кәсіпорындар анықталды. Бұл кәсіпорындарға көгалдандыруды жүргізу, үш-бес жыл бойы алғашқы күтім жасау үшін арнайы учаскелер бекітілмек. Бұл учаскелер қалалық немесе орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балансына беріледі.
Жобаны ұсынушылардың айтуынша, келесі жылы Атырау қаласының маңынан «жасыл белдеу» құру идеясы іске асырыла бастайды. Оны облыстың орман шаруашылығында өсірілген, Атыраудың қатал климатына бейімделген көшеттермен қамту жоспары бар. Бұл жобаға қазірдің өзінде «Теңізшевройл», NCOC, Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Eмбімұнайгаз», өзге де компаниялар қатысатынын растап отыр. Жақында мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындармен меморандумға қол қойылып, жұмыс бастау алады.
– Бұл жобаны іске асыру аймақтағы экологиялық ахуалды жақсартады. Қала тұрғындары үшін жаңадан демалыс әрі серуендейтін орындар пайда болады. Көп ұзамай біз қаламызды «Жасыл Атырау» деп айтатын күнге жетеміз, – дейді облыс әкімінің орынбасары Е.Әбілханов.
Ал Атырау қаласының әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шаһарды көгалдандыру жұмысына 4,69 млрд теңге бөлініп отыр. Осы орайда жасыл желек егуді мемлекет-жеке меншік әріптестігі бағдарламасы аясында жеке серіктеске беру туралы шешім қабылданыпты.
– Жобаны іске асыру мерзімі – 5 жыл, жалпы сомасы – 4,69 млрд теңгеден астам. Биыл «Атырау қаласын көгалдандыру» мемлекет-жекеменшік әріптестік жобасы аясында 375 мың гүл егілді. Сондай-ақ қаланың 38 көшесінде, 15 саябағы мен алаңында егілген өскіндерге, ағаштарға, жалпы алаңы 40 612 шаршы метрлік гүлзарларға, бұталы қоршауларға күтім жасау қолға алынды. Бірнеше жылдық тарихы бар «Сутягин бағы» аумағының 1,5 гектары қайта жанданды. Жеңіс саябағында жеміс ағаштары егілді. Қазір оның 900-ы тамыр жайды. Сондай-ақ қаланың 12 көшесінде 200 шақырымдық суару желісін жаңғыртуды аяқтау көзделіп отыр, – деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Өткен аптада Атырау қаласының «Балықшы» шағын ауданындағы жаңа саябаққа 1 мың жеміс ағашының көшетін егу акцясы басталды. Алғашқы күні саябақтың 2 гектар аумағына 380 көшет егілді. Саябаққа көшет еккендердің қатарында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов те бар.
– Жыл басынан бері қаланы көгалдандыру жоспарына сәйкес, 20 мыңға жуық тал егілген еді. Атырауды жасыл қалаға айналдыру алда да жалғасады. Осыған орай нақты жобамыз бар, – дейді Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.
Атырау облысы