Елорда төрінде қазақ халқының дара һәм дана ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай және адамзаттық гуманизм» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады. Абай шығармаларындағы өзекті тақырыптарды ғылыми тұрғыдан терең зерделеуге һәм абайтану саласындағы түрлі тенденцияларды саралауға арналған форумның бүгін – екінші күні.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз», деп басты назар той тойлауда емес, ой ойлауда екенін нықтап айтқан болатын. Онлайн форматта өтіп жатқан бұл форумның да әуелгі мақсаты хакімнің даналық һәм философиялық ойларын ғылыми негізде қарастыру болып отыр.
Назарбаев Университеттің Президенті Шигео Катсудың беташар сөзімен басталған форумға Нидерланды, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, т.б. шет мемлекеттерден әдебиетші ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Ауқымды шараның ашылу рәсімінде Абай шығармашылығын зерттеуге көп көңіл бөлетінін айтқан Назарбаев Университеттің Қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамиоғлу:
– Біздің кафедра абайтанумен белсенді түрде айналысып жүр. Алдағы уақытта басқа да профессорларды жұмысқа шақырып, қазақ әдебиеті бойынша тағы бір сабақ ашқым келеді, – деді. Сондай-ақ Америка және Еуропада оқыған түркітанушы ретінде Абайды халықаралық көзқарас тұрғысынан қалай зерттеуге болатыны туралы мағлұмат жинап жүргенін айтты. «Мен абайтанушы емеспін, бірақ Абайдың шығармашылығына қатысты халықаралық ғылыми қауымдастықтардың есігін ашу үшін қолдан келгеннің бәрін істеймін», деді профессор.
Елбасының бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды түркі әлемінде «Абай жылы» деп жариялаған. Бұл туралы форум барысында академия президенті Дархан Қыдырәлі айтты. «Абайдың өзі де кезінде әкесі Құнанбайдың асын өткізбей, оған жұмсалатын шығынды жас шәкірттерге шәкіртақы ретінде, кедей-кепшік, мұқтаж жандарға таратып бергені белгілі. Абай тағылымы сонысымен құнды, хакім аманатына адал болу, оның айтқан өсиетіне, асыл ісіне ұмтылуымыз басты мәселе ғой деп ойлаймын», деген Түркі академиясының президенті мерейтой аясында ақынның қара сөздері әзербайжан, түрік, өзбек тілдеріне аударылғанын һәм Абайдың академиялық жинағы Түркия мен Қырғызстанда жарық көргенін, т.б. академияның біршама ауқымды жұмыстарын атап өтті.
Форумның пленарлық мәжілісінде «Абайдың «Толық адам» ілімінің пайда болу себептері» тақырыбында баяндама жасаған абайтанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы:
– Қазақ әдебиеті тарихында ізгілік идеясына сүйенген кемел адам туралы ой алыптарынан қалған рухани мұралар желісінің іздері деп мыналарды атаймыз: Алып Ер Тоңаның «Ақи немесе жомарттық» ілімі, әл-Фарабидің парасатты адам ілімі, Жүсіп Баласағұнидің жәуанмәртілік ілімі, Ясауидің хәл ілімі, Абайдың толық адам ілімі және Шәкәрімнің ар ғылымы. Мен бұны жиырма жыл бойы зерттедім. Жақында «Абайдың «толық адам» ілімі» деген монография шығардым. Сол монографияда «толық адам» ілімінің барлық жүйесін қарастырдым, – дей келе, «толық адам» ілімінің барша түркі халықтарына рухани бағдаршам болатынына тоқталды.
Бұдан бөлек «Әл-Фараби және Абай даналығының үндестігі» тақырыбында философия ғылымдарының докторы Жақыпбек Алтаев, «Қазақ даласындағы «заманауи» ойлар: Абай әндері мен ғақлият» тақырыбында Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Әуезова (Нидерланды), «Абай өлеңіндегі әйел мәселесі: «Ханның қолындағы қыз» тақырыбында философия ғылымдарының докторы Орхан Сөйлемез (Кастамону университеті, Түркия), «Шағабуддин Маржани және Абай» тақырыбында филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, «Абай – біздің ұлы замандасымыз, гуманист» тақырыбында ақын Янгибой Кучкаров (Өзбекстан) һәм т.б. әдебиетші ғалымдар баяндама жасады.
Екі күн қатарынан өткен форум Назарбаев Университеттің Рухани жаңғыру мәдени орталығы мен Назарбаев Университеттің Қазақ тілі және Түркітану кафедрасының ұйымдастыруымен іске асырылып отыр.