Алматыда алдағы 10-11 қазанда алғаш рет кеңейтілген жәрмеңке өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz
Жаңа маусымды ашуға Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалалары және Алматы облысының 17 ауданының ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілері келеді, сонымен қатар жәрмеңкеге "Жетісу" ӘКК "ҰК" АҚ да қатысады.
Жәрмеңкеге қатысты шаралар қаланың бірден екі ауданында таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 17.00-ге дейін өтеді: "Астана" алаңында (Абылай хан даңғылынан Н.Назарбаев даңғылына дейін) және "Алатау" концерт залы аумағында (Нұркент ықшамауданы, 6).
Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына жалпы көлемі 400 тоннадан асатын 50-ден астам өнім түрлері ұсынылады, олар:
ет өнімдері – 60 тонна, жемістер мен көкөністер – 180 тонна, сүт өнімдері – 21 тонна, балық өнімдері – 16,2 тонна, басқа өнімдер – 126 тонна.Азық-түлік өнімдерінің бағасы нарықтағы орташа деңгейден 10-15%-ға төмен болады.
Еске салсақ, кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкелері азаматтарды қолжетімді баға бойынша сапалы және әртүрлі өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі.
Алматыда жақын күндері Жамбыл мен Түркістан облыстарының қатысуымен осындай шаралар өткізу жоспарлануда. Қосымша хабарлаймыз, шаралар өтетін нысандарда санитарлық-эпидемиялық нормаларды, оның ішінде "маскалық" режімді, қол гигиенасын (қолғаптар, антисептиктер) және әлеуметтік қашықтықты берік ұстану қатаң талап етіледі.