• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 12 Қазан, 2020

Жалынды жастар жарады

225 рет
көрсетілді

Алматыда кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өтті. «Nev Names» пен «Дарын» промоутерлік компаниялары ұйымдастырған жарысты тамашалау үшін Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Виктор Демьяненко, КСРО кубогінің қола жүлдегері Болат Манкенов, көптеген дүбірлі додада дараланған Серік Ешмағамбетов пен Жанқош Тұраров, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Алмас Өтешов сынды саңлақтар «Абылай хан» спорт кешеніне арнайы ат басын бұрды.

Кештің басты жекпе-жегінде дарын­ды жас боксшыларымыздың бірі Ескен­дір Харсан беларуссиялық Андрей Нур­чинскимен күш сынасты. Шаршы алаң­да 50 кездесу өткізіп үлгерген 31 жас­тағы сақа спортшыға қарсы дұрыс так­тика қолдана білген Сағатбек Мұ­са­ха­новтың шәкірті бұл бәсекеде ұпай са­­нымен жеңіске жетті. Бұл Ескен­дір­дің кә­сіп­қойлар арасындағы сегізінші жек­пе-жегі. Соның жетеуінде ол жеңіске жетті.

– Жуырда ғана тұсауы кесілген «Дарын» промоутерлік компаниясы алғаш рет осындай халықаралық дең­гейде жарыс ұйымдастырып отыр. Біздің басты мақсатымыз – осы спорт түрін таңдаған жастарға жол ашу, олардың үлкен аренаға шығуына барынша жағдай жасау. Бұл бастамаға жан-жақты қолдау көр­сеткен республикалық кәсіпқой бокс федерациясына, «Nev Names» компаниясына, «Абылай хан» спорт клубына, Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына қарасты Көшек ауы­лының азаматтарына және жеке кәсіпкерлер – Гүлнар Жауыншынова мен Гамза Гейдаровқа зор алғысымызды білдіреміз. Бұйыртса, алдағы уақытта да аталған турнир өз жалғасын табады, – дейді «Дарын» промоутерлік ком­паниясының президенті Дархан Қабыланбаев. 

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дастан Сәдуақасовтың үш бірдей шәкірті сол кеште рингке көтерілді. Үшеуі де қар­сыластарын сұлатып салды. Атап айтсақ, Бекболат Құрамысов Ба­тыр­жан Тұхтаевты үшінші раундта ұрып жықты. Бұл нәтиже ешкімді таңдандыра қойған жоқ. Себебі Бек­болаттың есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол – студенттер арасында әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегері, Қа­зақстан чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, Дүниежүзілік бокс сериясы додасында бірер жыл «Астана ар­ландарының» намысын қорғады. Ал­ғашқы раундтарда Батыржан оған ла­­йықты қарсылық көрсеткеніне қа­рамастан, бәсеке бел ортадан ауған тұс­та Бекболат қарқынын күрт күшейтті. Бір­неше ауыр соққы дарығаннан кейін қарсы жақтың бапкерлері рингке ақ орамал тастауға мәжбүр болды.

Жас дарын Бауыржан Бейілдинов Ерлан Махмұдтың осал тұсын тапты. Бойы мен қолының ұзындағын ұтым­ды пайдаланған ол, қарсыласына бас көтертпеді. Төрешілер бәсекені екін­­ші раундта тоқтатты. Ал Дәуіт Ын­­ты­­мақ Қанат Сүмебайұлынан айласын асырды. Бұл – айтулы былғары қолғап шеберлерінің кәсіпқой рингтегі тұсау­кесер кездесулері. Сондай-ақ атал­­­ған турнирде Ғани Спатаев әзер­бай­жан­дық Исмат Еюнулаеевты және Адлан Сел­мұрзаев белоруссиялық Сер­гей Крап­шиланы жеңіп, жергілікті жан­күйерлерді бір желпіндіріп тастады.