Дүниені дүрбелеңге салған дауасыз дерттің қайта соғуы ықтимал дауылына қарсы дайындықты пысықтау өте маңызды. Бүгінде әлемнің бірқатар елінде індеттің таралу көрсеткішінің көтеріле бастағаны көпшілікті алаңдатып отыр. Қазір Қазақстанда індетке қарсы күрес барынша күшейтіліп, қауіп-қатердің алдын алу үшін қам-қарекет жасалуда.
«Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, елімізге ауыр тиген індетті ауыздықтау үшін өткеннен сабақ алып, жіберген қателіктерге қайта ұрынбай, неғұрлым сақ қимылдаған жөн. Осыған баса мән беріп отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде арнайы кеңес өткізіп, түйткілді мәселелерге кеңінен тоқталды.
Алдымен қауіптің алдын алған маңызды. Яғни індет ошағының тұтанбауын, вирус тасымалдаушылардың көбеймеуін барынша қадағаланған жөн. Бізге бұл бәлекет о баста басқа жақтан келгені рас. Жер-жаһанды жайлаған жаманат індетті алғаш шекара асқан отандастарымыз жамады. Сондықтан індет қайта күшіне мініп, шекемізге таяқ болып тимеуі үшін шекарадағы шектеу шараларын пысықтаудың маңызы зор.
«Біріншіден, шектес мемлекеттердегі эпидемиялық ахуалдың нашарлағанын ескеріп, мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылауды күшейту керек. 2020 жылғы 5 қазандағы жағдай бойынша Ресейде 12 608 коронавирус жұқтыру жағдайы анықталды, өсім – шамамен 1%, Өзбекстанда – 374 жағдай, өсім – 0,5%, Қырғызстанда – 244 жағдай, өсім – 0,5%. Әуежайлар мен темір жол вокзалдарында эпидемиялық бақылаудың қатаң режімін қалпына келтіріп, «қызыл аймақтан» келетін адамдарды экспресс-тестілеуден өткізуді жолға қою қажет. Үкімет шетелдермен, әсіресе жағдай күрделеніп тұрған аймақтармен жол қатынасын оңтайландыру нұсқаларын мұқият зерделеуі тиіс», деді Президент.
Өткен аптада Италия, Германия сияқты Еуропа елдерінде коронавируспен ауырған адамдар саны 60%-ға артқан. Ресейде соңғы тәулікте 11 615 адам ауруға шалдықса, Түркияда кейінгі күні 1603 жағдай тіркелді. Жалпы, Еуроодаққа кіретін елдерде Қазақстанмен салыстырғанда коронавируспен ауырған адамдардың саны 13 есе көп. Сондықтан шетелдегі жағдайдың нашарлауы ескеріліп, инфекция таралуының алдын алу мақсатында 5 қазаннан бастап басқа елдермен әуе қатынастарын қалпына келтіруді тоқтата тұру, әуе қатынасы жандандырылған елдермен әуе рейстерінің санын ұлғайтпау және Түркияға ұшулар санын азайту ұсынылған еді. Сондай-ақ екінші санаттағы елдерден келетін адамдар үшін термометрия, сауалдама, алынған күні 3 тәуліктен аспаған уақытқа дейінгі COVID-19-ға тексеру туралы анықтамасының болуы сияқты міндетті талаптар белгіленді. Анықтамасы болмаған жағдайда сырттан келгендер карантиндік стационарда COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін оқшауланады. Осындай талаптарды ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен автоөткел жолдарында өткізу пункттерінде мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға қолдану ұсынылды.
Сөйтіп, 6 қазаннан бастап Қазақстанға шетелден келетіндер коронавируспен ауырмайтыны ПТР тестпен дәлелденген анықтама әкелуі керек деген шешім қабылданды. Өткен аптада қабылданған бұл шешім бойынша елге кез келген көлікпен (ұшақ, пойыз) келген жолаушының дене қызуы болса, дереу стационарлық изоляторға орналастырылады. Ол жерде дене қызуы не үшін көтеріліп тұрғанын, қандай аурумен ауыратынын анықтайды. Қазақстанға келген шетелдік және қазақстандық азаматтардың ұялы телефон нөмірі тіркеледі. Бір көлікпен келген азаматтардың біреуінен 14 күн ішінде коронавирус дерті анықталса, ол адаммен бірге келген барлық жолаушы, байланыста болған барлық адам анықталып, тиісті шаралар қолданылады.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің айтуынша, шешім күшіне енген бірінші тәулік ішінде Нұр-Сұлтан қаласына 510 жолаушы ұшып келді, оның 177-сі карантинге жатқызылды. Алматыға ұшып келген 1228 жолаушының 278-і анықтамасыз келген. Олар да карантинге жатқызылды. Атырау қаласына ұшып келген 28 адам карантиндік стационарға жатқызылды. Сонымен бірінші тәулік ішінде елімізге 1 912 жолаушы ұшып келсе, 1428-інде коронавируспен ауырмайтыны туралы анықтама болып, қалған 484 жолаушыда ондай анықтама болмаған. 483 жолаушы екі күндік карантинге жатқызылды. Анықтамасы жоқ жолаушылардың біреуі консул қызметінің өкілі болған. Талап бойынша ол үй жағдайындағы карантинде болды.
Бұл шаралардың сырттан келетін аурудың алдын алу үшін жасалып жатқаны анық. Ал өз ішіміздегі індеттің одан әрі кең жайылмауына жол бермеудің амалдарын орындау да өте маңызды. Яғни эпидемиялық жағдай әбден тұрақтанып, індетінің беті қайтқанша маска тағу, әлеуметтік арақашықтық сақтау сияқты қазіргі күннің алтын ережелерін ескерусіз қалдыруға болмайды. Өкінішке қарай, бұл талаптардың ұдайы сақтала бермейтінін көз көріп отыр. Сондықтан індетке байланысты белгіленген бұл тәртіптің сақталуы арнайы қадағаланып жатыр. Қауіпсіздік шарасына құлықсыз қараған, құлақ аспағандарға айыппұл да салынуда, ай сайын айыппұл саны артып келеді. Бір апта бұрын Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой арнайы жүргізілген рейдтердің нәтижесінде карантин режімі әлсіреген сәттен бастап шектеу шараларын бұзу 30,4%-дан 40,7%-ға дейін ұлғайып жатқаны байқалғанын айтты. 10 өңірде карантинді бұзу көрсеткіші өсе бастаған. Сондай-ақ азаматтардың маска тағу режімін бұзуы да азаймай отыр. 5-27 қыркүйек аралығында 1131 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Санитарлық-эпидемиялық талаптарды бұзғаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдар көбейіп жатыр. 5 шілдеден бастап 894,8 млн теңге сомасына 15 817 хаттама толтырылды. Оның ішінде жеке тұлғалар 307,4 млн теңге көлемінде жауапкершілікке тартылды. Бұл тәртіпті бұзушылықтар саны бойынша Алматы қаласы (3837 хаттама), Түркістан облысы (2974 хаттама) және Қостанай облысы (1323 хаттама) көш бастап тұр. Жалпы, қауіпсіздік шараларын сақтамағандарға айыппұл салып, жазаны қатаңдату зауал шақтың залал, зардабына әлі де бейжай қарайтындардың жауапкершілігін күшейте түседі.
Ал егер тиісті талаптар орындалмай, эпидемиялық ахуал ушыға бастаса, қатаң карантин режіміне оралуымыз мүмкін. Президенттің төрағалығымен өткен кеңесте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус індетінің жаңа толқыны үш сценарий бойынша өрбуі мүмкін екенін алға тартты. Оның айтуынша, пессимистік сценарийге сәйкес, маска тағу режімі тек 60 пайыз қамтамасыз етілгенде 2020 жылдың қазан-желтоқсанында вирус жұқтырғандар шамамен 190 мың адамды құрап, 65 мың адамды ауруханаға жатқызу қажет болады. Мұндай жағдайда желтоқсан айының ортасында локдаун енгізу болжанады.
Екінші, шынайы сценарий бойынша әлеуметтік арақашықтық шаралары қамтамасыз етіліп, маска режімі 70 пайызға орындалған жағдайда қазан-желтоқсанда тіркелген жағдай саны шамамен 90 мың адамды құрайды. Ал ауруханаға жатқызуды қажет ететін науқастар саны 30 мың адам болады. Бұл ретте локдаун 2021 жылдың қаңтарында енгізілуі мүмкін.
Арақашықтық ережесі сақталып, маска режімі 100 пайыз қамтамасыз етілген жағдайда ең жоғары төсектік орын қоры деңгейінің 70 пайызына жеткен кездегі іс-әрекет қолданылатын қатаң карантинге жүгіну қажет болмайды. Осы оптимистік сценарий бойынша қазан-желтоқсанда тіркелген жағдайлар саны шамамен 40 мың адамды құрап, 15 мың адамды ауруханаға жатқызуды қажет етеді.
Мұның бәрі – ауырмайтын жол іздеудің амалы. Алда-жалда індет қайта күшіне еніп, жағдай күрделенетін болса, бұған да дайын болудың қарекеті жасалып жатыр. Қазір өңірлерде жеткілікті дәрі-дәрмек қоры жасақталып, инфекциялық және провизорлық стационарларда төсектік орын қамтамасыз етіліп, жасанды тыныс алуға көмектесетін аппараттар да алынып жатыр.