Бүгінде мына әлем «қанша жазушы болса, сонша оқырман қалды» деп дүрлігуде. Сөз-ақ. Бұл дабыл, әсіресе қазақ қоғамына шақ келіп тұр (һәм бұнымыз «оқымайдылап» өзеурегеніміз емес). Тіпті бұдан да ауыр «қылмысымызды» еске түсіріп, жүректі сыздатады. Ол қайсы десеңіз, айналамызда кітап оқымайтындар көп, ал оқитындары қазақ авторларын оқымайды. Біздің мәселе ішіндегі мәселеміз осы.
Қоғамның қазақ ақын-жазушыларын оқымайтынына бүгінде көз үйренді, көңіл суыды. «Бұ не сұмдық?» деп туласаңыз да, шындық осы. Ал бұл мәселеге тереңдеп барсақ, мемлекеттік тілдің мәртебесіне келіп тірелеміз. Ұлттық уайымға айналған қазақ тілінің «жыры» да үңгірден шыққандай ешкімге естілмейді. Әйтпесе ел Президентінен бастап айтудай-ақ айтылып жүрген мәселе-тін. Әлқисса. Негізгі айтпағымыз, қазақтілді қоғамдағы жазушы мен оқырман туралы еді.
Кейде шынталанты бар, кемталанты бар – ақын-жазушылар көбейді деп дабыл қағамыз. Қаламақысы аз мына қоғамда неге сонша кітап шығаруға құмар деп тағы сөгеміз. Осы жазғыштық қазақпен бірге туған ба деп әлімсаққа бір үңілеміз. Баспалардан қисапсыз шығып жатқан белгілі-белгісіз, лайықты-лайықсыз кітаптардың деңгейін шамалап, терең күрсінеміз. Бір қарағанда, қазіргі әдебиетте ақын-жазушылар көп болып көрінгенімен, жазылып жатқан шығармалардың көркемдігіне һәм әдеби ортаның кеңістігінен шығып, жалпы ракурстан қарағанда «тәуір жазатын қаламгерлер аз екен ғой» дейсің. Яғни біздің көп дегеніміз уақыт сарабынан өткізгенде түк болмауы мүмкін.
Кешегі Кеңес уақытында да күніне бірнеше кітап шыққан. Бірақ қазір сол авторларды ешкім оқымайды, тіпті танымайды. Мәселен, 1901 жылы Әдебиет саласы бойынша ең алғашқы Нобель сыйлығын алған ақынды бүгінде ешкім білмейді. Және сол кездің өзінде батыс әдебиетінде танымал болған-болмағаны күмәнді. Жалпы, осы автордың өз дәуірінен кейін де оқылуын талап ететініміз дұрыс па? Қазіргі жағдайда әр жазушы өз қоғамында оқылса, бұның өзі тым жақсы-ақ нәтиже һәм әр дәуірдің өз үні болатыны тағы бар. Әуезов пен Толстой ғасырда бір тумайтынына көзіміз жеткен сияқты.
Алпысыншы жылдықтардың жетістігін қайталамаса да белгілі бір деңгейде қай уақытта да әдебиетте қозғалыс болады. Осы бір ізгі ойға келгенде жақсы шығармаларды оқи қалып, азын-аулақ бақытқа кенелетініміз тағы бар. Әлгі әлемдік пайымға салсақ, бізде де аз жазарманның аз оқырманы бар. Бір-бірінің үдесінен бірде шығып, бірде шығуға таяп, әйтеуір тырмысып жүр (бәзбіреулер айтқандай, өлген жоқ). Бірақ ең өкініштісі, қандай жағдайда да көптің аты көп. Аз оқырманмен кітап оқымайтын көпшілікті жеңу жоқ. Әсіресе дәл қазіргі дамыған заманда. Өйткені біздің халық үшін әдебиет Абаймен басталып, Мұқағалимен бітеді. Өкінішке қарай, қоғамның санасы осы деңгейде. Бұл әрине, әдебиетке тау етегінен жантая жатып, алыстан аңду салған барлаушы кейіпіндегі адамдардың жалаң пікірі болса да, бар ойды ескермеуге хақымыз жоқ.
Ал қазіргі әдебиеттен, газет-журнал оқудан, жалпы жазу-сызудан халықтың хабары жоқтығынан, жазып жүрген бәріміздің өз әлеміміз, ал рухани өмірден тым алыс қарапайым жұрттың өз әлемі қалыптасты. Саны аз кішкентай халық бола тұра екі арада тас қамал пайда болғандай. Және уақыт өткен сайын қарапайым халық руханияттан алыстап барады. Бұл – қасірет. Ақынның өлеңін әдеби ортадағы қауымнан басқа жұрт оқымайды. Әрине салыстырмалы түрде алғанда. Жазушының жан азабынан туған шығармасының да халі осындай. Түптеп келгенде, газет оқитын адам сиреді: ал журналистер кім үшін жазады?
Үңгірдің ішінен қанша айқайласа да естілмейді екен. Қазақ қоғамындағы қалам ұстап жүрген қауым – біз бәріміз сол үңгірдің ішінде сияқтымыз. Айтасың – естімейді, жазасың – оқымайды.