• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қазан, 2020

Елорда жастары белсенді

166 рет
көрсетілді

Астаналық жас волонтерлер жыл он екі ай бойы тынымсыз еңбек етеді. Қыс пен көктемде жалғызбасты қариялардың ауласын қардан, қоқыстан тазартып, азық-түлігін тасып береді. Одан өзге игі істерімен де әрдайым тұрғындардың алғысына бөленіп жүреді.

 

Жыл санап елордадағы волонтерлер саны да көбейіп ке­леді. Жағдайы қиын жандарға қолұшын созып, көмегін аямай­тын жастардың қатары қалың екен­дігі қуантады.  «Астана жас­тарының» өзінде 2,5 мың­нан ас­там ерікті бар. Олар во­лон­терліктің бір реттік шара емес, күнделікті өмірдің біріне  айнал­ғанын айтады.

«Бүкіл әлемде еріктілер қыз­метіне ерекше назар ауда­ры­лады. Шетелдік ЖОО-ға оқу­ға­ түсу кезінде волонтерлік тә­жі­ри­­бе­нің артықшылығы бар. Бас­қаларға көмектесуге дайын, қамқор азаматтарымыздың көп екеніне қуаныштымын», дейді волонтер Мирас Мұратов. Ол бұл қызметте қариялардың ба­та­сын алу ең үлкен құрмет еке­нін жеткізді. «Өзім қа­тысқан алғашқы үлкен шарада бізді бір күштің біріктіргенін сездім. Ол бірлік еді. Қыста және көктем кел­генде жеке тұрғын үйлердің аумағын қар мен мұздан тазарту үшін қыздар мен ұлдар болып көмекке жиі баратынбыз. Көбіне көмекке жалғызбасты қарттар мұқ­таж. Топтың ең кішісі болған соң үнемі үйлердің шатырын қардан та­зартуға мені жіберетін. Кейбір әжелер бізді естен шы­ғармай, қар таза­лағаннан кейін шайға шақырады. Мен үшін волонтерліктен алатын ең құн­ды нәрсе – адамдардың шынайы алғысы», дейді Мирас.

«Астана жастары» волонтер­лерді қатарына қабылдамастан бұрын оларды арнайы мектепте оқытады. Биыл 300-ге жуық во­лонт­ерді оқытуды жоспарлап отыр екен. Ұйымда волонтер бол­ғы­сы келетіндер үш кезеңнен тұра­тын оқудан өтуі керек. «Алдымен бастапқы дайындық курсынан өтеді. Онда алғашқы медициналық кө­мек көрсетуді үйретеді, түрлі психологиялық тренингтер де бар», дейді Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Ас­тана жастары» басшысы Шыңғыс Тілеулин.

Бастапқы дайындық шама­мен он сабақтан тұрады. Одан кейін мамандандыру курсы өтеді. Волонтерлер бағыт­тар­ға бөлінеді. «Төтенше жағдай­лардағы көмекке қатыс­қысы келетіндер мамандармен бірге даярлықтан өтіп, оқу-жаттығу жиындарына барады. Сонымен қатар халықаралық еріктілер мен әлеуметтік еріктілерге ар­нал­ған тренингтер өткізіледі. Әрі қарай тікелей акциялар кезінде практикалық сабақтар болады», деді «Астана жас­тарының» басшысы.

Ұйымда 2014 жылдан бастап 2 мыңнан астам волонтер даярлықтан өтіпті. Олар Арыс қаласын қалпына келтіруге көмектесті, пандемия ке­зінде мұқтаждарға көмек көр­сетіп, маскалар таратты және бұған дейін Қазақстанның астанасында өткен халықаралық іс-шараларға да белсене қатысқан.

Жақында қалалық волонтерлер штабы Алматы ауда­ны әкімдігімен бірлесе отырып, аудандағы 50 қарт­қа әлеу­меттік көмек көрсеткен. Жал­пы, егде жастағы тұрғын­дарға кө­мек беру – елордалық жас­тардың жылдағы дәстүрі. Қыркүйек-қазан айларында да көмекке мұқтаж жандардың ауласын, үй-ішін тазалап, 30-ға жуығына арнайы азық-түлік себеті жеткізіледі. Ал ардагерлерге қандай көмек қажет екені туралы ақпаратты аудандық Ардагерлер кеңесі беріп отырады.

«Жыл басынан бері жүз­ден астам қарттың ауласын қоқыс­тан тазартып, үй-ша­руа­сына көмектесу, азық-түлік алып келу секілді жұ­мыс­­тарды атқарып келеміз. Же­ңіс­тің 75 жылдығына арнап арда­герлердің ауласында Мем­лекеттік академиялық филар­мониясымен бірге шағын кон­церттік бағдарлама да ұсын­дық. Тұрмысқа қажетті әлеу­­мет­тік се­беттер де таратылды. Қор­­ға­ныс министрлігімен бірі­гіп, тыл арда­герлеріне ме­даль­­дарын табыс етумен де айна­лыстық. Себебі карантин кезін­де қарттардың сырт­қа шығуы қауіпті еді. Сонымен қа­тар дәрі-дәрмектер мен ви­рус­тан қор­ғану құралдарын жеткізіп бердік», дейді Нұр-Сұлтан қалалық Жастар саясаты басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір.

Бүгінге дейін аз қамтылған 150-ден астам қартқа азық-түлік себеті табысталған. Көмек қажет ететін егде жастағы азаматтар 109 IКomek орталығына өтініш берсе де болады.