Қоңыр күз – қарбаласы көп маусым. Солтүстік өңір үшін қысқа қапысыз қамданудың мәні ерекше. Бораны жиі, аязы қатты қыс аяуды білмейді. Сондықтан отын-көмірмен уақтылы қамданған абзал. Биыл көмірден тапшылық көрмейтін түріміз бар. Тек бағасына байыпты назар аударсақ...
Өткен жылдары көмір таситын вагондардың жетіспеушілігінен отын базаларында ұзын-сонар кезек орын алып, орынды өкпе-наз туындап, дүрбелең қатты болып еді. Биыл жағдай біршама тұрақты. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченконың айтуына қарағанда, облысқа 1,4 млн тонна көмір қажет екен. Оның 730 мың тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 662 мың тоннасы жергілікті тұрғындарға тиесілі.
Қазіргі күні жергілікті тұрғындар үшін 412 мың тонна көмір жеткізілген. Бұл жалпы қажетті көлемнің 62 пайызын құрайды. Облыста 52 отын базасында көмір іркіліссіз сатылуда. Енді бір ауыз сөз баға туралы. Облыстағы көмірдің әр тоннасының орташа бағасы 12 мың теңгені құрайды. Мәселен, жақсы жанатын, тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі – 14 250, Майкөбе – 10 740, Қаражыра – 12 870, Богатырь 9 790 теңгеден сатылуда. Демек, өткен жылмен салыстырғанда, көмір бағасы өзгерген жоқ. Тіпті, бірқатар ауданда көмірдің кей сұрпының сәл-пәл арзандағаны да байқалды. Коммуналдық-тұрмыстық сектор 368 мың тонна көмір қорын жинақтаған. Бұл қысқа қажетті барлық көлемнің тең жартысы. Қазір белгіленген кесте бойынша қалған көлем жеткізілуде.
Кейбір қазандықтар отын ретінде мазутты да пайдаланады. Облысқа 46 мың тонна мазут қажет. Павлодар мұнай зауытымен келісімшарт жасалып, мазут жеткізіле бастады. Қазір 500 тонна қор жинақталған. Қазан айында мазут қоры 3 мың тоннаға жеткізілмек.
Көпшілікті толғандырып отырған баға мәселесі туралы айтқан кезде мына бір жайды ескерген жөн. Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмат Фазылдың айтуына қарағанда, көмір тұтынушыға жеткенше қымбаттап кетеді. Оның негізгі себебі, екі ортадағы делдалдардың бағаны үстемелеуі. Мәселен, облыста қатты отынмен 70 пайызға қамтамасыз ететін көтерме сауда иелері жұрт үстінен жонып жеп, табысқа кенеліп отыр. Мәселен, Шұбаркөл көмірі разрезде әр тоннасы 5 819 теңгеден босатылады. Көмір тасумен айналысатын 17 көтерме сауда кәсіпорындарының иелері үстеме бағасын қосқан кезде әлгі баға 12 500 теңге болып шығады. Барлық көмір түрінің қымбаттап кетуінің негізгі себебі осыдан болып отыр.
Шағын отын базасындағылар мұндай есеп-қисапты біле бермеуі де мүмкін. Көмірді көтерме сауда арқылы толайым сатып алу үшін қыруар қаржы қажет. Оған екінің бірінің шамасы келе бермейді. Демек, ел жайын екшеп, қалтасын қақпау үшін осы мәселеге мұқият назар аудару қажет.
Ақмола облысы