• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Оқиға 13 Қазан, 2020

Анд тауындағы апат

955 рет
көрсетілді

Осыдан дәл 48 жыл бұрын, яғни 1972 жылдың 13 қазанында Уругвайдың астанасы – Монтевидеодан Чилидің бас шаһары – Сантьягоға бағыт алған Fairchild FH-227 ұшағы Анд тауында апатқа ұшырады. Бортта барлығы 45 адам болды. Олардың дені «Old Cristians» регби клубының ойыншылары мен бапкерлері және олардың туыстары мен команданың демеушілері еді.

 

Уругвай Қарулы күштерінің меншігіндегі ұшақ Анд тауын­а соғылып, 12 адам сол мезетте көз жұмса, келесі күні бес жолау­шы жарақаттан және аяздан үсіп өлді. Үш мемлекеттің құзырлы органдары тарапынан іздестіру шаралары жүргізілгенімен, одан еш нәтиже шықпады. Олар не ұшақ­тың қаңқасын, не тау-таста қалған адамдарды таба алмады. Се­гізінші күні іздестіру жұмыс­тары тоқтатылды.

Биік таудың төбесінде қалған адамдардың тамақтары таусылған соң олар шарасыздықтан өліктер­дің етін жей бастады. Қарды ерітіп ішті. Түрлі заттарды өрттеп, жылынды. Бірер күннен кейін тағы 11 адам қар көшкінінің астында қалып, мерт болды. Осылайша екі айдан аса уақыт өтті. Құтқарушылардан еш қайыр болмайтынына анық көз жеткізген соң олар осы қиын жағдайдан құтылудың амалын ойластырды. Ақыры Нандо Паррадо, Роберто Канесса және Антонио Визинтин есімді үш азамат тәуекелге бел буып, жолға шықты. Олар 10 тәулік бойы тау-тас­тың арасын аралап, адам төз­гісіз суық пен толассыз соққан жел мен боранға төтеп беріп, ақы­ры тау етегінде мал жайып жүр­ген бір бақташыға жолықты. Дәл сол малшы жағдайдың мән-жайын жергілікті билікке жеткізді. Нәти­жесінде апат болған жерге арнайы ұшақ жіберіліп, тірі қалған 16 адам құтқарылды. Олар дереу ауруханаға жеткізіліп, қажетті ем-дом алды. Осы 72 күнге созылған тозақты күндер мен түндер жайын­да кейіннен түрлі фильмдер түсі­ріліп, бірнеше кітап жазылды.

Анд тауындағы қайғылы жағ­дайдан бұрын да және одан кейін де әуе апатынан тұтас бір команданың қаза табу оқиғасы бір емес, бірнеше рет тіркелгені мәлім. Атап айтсақ, 1948 жылы Ла-Манш бұғазындағы апаттан Чехословакияның алты хоккейшісі қаза тапты. 1949 жылы Италияның «Торино» клубының 18 футболшысы бақилық болды.

1950 жылдың 5 қаңтарында Мәскеудің даңқты ВВС МВО клубының 13 ойыншысы мен «ЛИ-2» ұшағының алты экипаж мүшесі қазіргі Екатеринбург қала­сының маңында ажал тырнағына ілікті. Дәл осы рейспен Всеволод Бобров та ұшуы керек еді. Алайда даңқты спортшы сол күні ұйықтап қалып, белгіленген уақытта әуе­жай­ға келмеді. Команданың бап­кері Борис Бочарников өзінің көмек­шілерінің бірі Николай Коль­чугинге аталған ойыншыны қалай да тауып әкелуді мін­деттейді. Бірақ екеуінің де қарасы көрінбейді. Арада екі сағат өткеннен кейін ұшақ аспанға көтеріледі. Бірер уақыттан кейін қайғылы хабар Жер-жаһанға тарайды. Ал жоғарыда есімдері аталған екі азамат аман қалады.

1958 жылы Англияның әйгілі «Манчестер Юнайтед» клубы Белградта өткен жауапты матчтан қайтып келе жатып, Германияның Мюнхен қаласындағы әуежайда апатқа ұшырайды. 1960 жылы Дания құрамасының 8 аяқдоп шебері опат болды. 1961 жылы мәнерлеп сырғанаудан АҚШ командасы Брюссельде көз жұмды.

1979 жылдың 15 тамызында Днепродзержинск қаласының төбесінде екі «Ту-154» ұшағы соқтығысты. Қаза тапқандардың жалпы саны – 178 адам, соның 17-сі Ташкенттің «Пахтакор» фут­бол клубының бапкерлері мен ойын­шылары еді. Сол қаралы күні «Пахтакордың» ойыншылары Минскіге аттанып бара жатты. КСРО чемпионатындағы ке­зекті турда аталған команда жер­гілікті «Динамомен» ойнауға тиіс еді. Алайда 8 400 метрлік биік­тікте олар Челябі – Кишинев бағы­тын­дағы тағы бір «Ту-134А» ұша­ғы­мен соқтығысады. Борттағы адам­дардың барлығы да қаза табады. Сол оқиға жайында КСРО басшылары тіс жармауға қанша жерден ұм­тылғанымен, шындықты жасырып қалу мүмкін болмады. Қаралы хабар төрткүл дүниеге тарады.

Көп ұзамай тексеру жұмыс­тарының қорытындысы жарияланып, диспетчерлерден қате кеткені анықталды. Солардың ағаттығы орны толмас қасыретке әкеліп соқтырды. Арада 9 ай өткен соң диспетчерлерге қатысты сот үкімі шықты. Николай Жуковский мен Владимир Сумской 15 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Бірақ олардың одан кейінгі тағ­дыры адам қызығарлықтай болма­ды. Елдің қарғысы жібермеді. Сум­ской аурушаң болып қалса, Жу­ковский өз-өзіне қол жұмсады. Ал осы іске тікелей жауапты Сер­гей Сергеев барлық кінәні қара­ма­ғын­дағы қызметкерлерге жауып, өзі жауапкершіліктен құтылып кетті.

Қаза болған футболшылардың көбі Ташкенттегі Боткин зиратында жерленді. Кейбірінің денесі өз Отанында жер қойнауына тапсырылды. Кейіннен апат бол­ған жерде, яғни Куриловка ауы­лында ескерткіш орнатыл­ды. Тұтас команда апатқа ұшы­рап, Өзбекстан халқы қан жылап жатқанда КСРО-ның құрамын­дағы барлық республика «Пах­та­корға» қолұшын берді. Сол жылы бірқатар команданың ойын­шылары өз еріктерімен атал­ған ұжымның сапына ауысты. Тер­мез, Минск, Мәскеу, Тула, Львов, Ферғана, Душанбе, Ку­таиси, Одесса, Гүлстан, Дондағы Ростовтан келген теңбіл доп ше­берлері «Пахтакордың» сапында өнер көрсетті. Солардың арасын­да Ақтөбенің «Актюбинец» клу­бының ойыншысы Владимир Кар­ман да бар еді. Сонымен қатар КСРО футбол федерациясының бас­шылары «Пахтакор» қажетті ұпай жинай алмаған жағдайдың өзінде үш жыл бойы Жоғары топта ойнай беретіндігі жайында шешім шығарды.

1980 жылы Нью-Йорктен Вар­шаваға бағыт алған «Ил-62» Окенце әуежайының маңында құлады. Ұшақтағы 87 адамның барлығы жарық дүниемен қош айтысты. Солардың арасында АҚШ-тың 14 белді былғары қолғап шебері болған. 1987 жылы Перудың «Альянса Лима» клубының футболшылары түгелдей қаза тапты. 1989 жылы Суринамға сапар шеккен Голландияның 23 футболшысы көз жұмды. Тегі суринамдық ойын­шылар өздерінің тарихи отандарына барып, жергілікті командалармен бірқатар жолдастық кездесу өткізуді көздеген. Солардың арасында Рууд Гуллит, Франк Райкаард, Арон Винтер, Брайан Рой сынды жұлдыздар да болуға тиіс еді. Бірақ оларды бапкерлері жібермей қояды. Соның арқасында атақты футболшылар тірі қалды.

2008 жылы Бішкектен Тегеран­ға аттанған ұшақ «Манас» әуежа­йынан алыстамай жатып-ақ апат­қа ұшырады. Борттағы 90 адам­ның 75-і сол жерде тіл тартпай кетті. Солардың арасында Қыр­ғыз­станның 17 баскетболшысы және Қазақстанның 3 азаматы болды.

2011 жылдың 7 қыркүйегінде Ярославльдің «Локомотив» клу­бының хоккейшілері мінген «Як-42Д» ұшағы жергілікті «Ту­ношна» әуежайынан аспан­ға көтерілген бетте жерге қайта құлады. Бортта 45 адам болған. Олардың дені аталған клубтың ойыншылары еді. Олар Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұсаукесер бәсекесінде Минскінің «Динамосымен» күш сынасуға тиіс болатын. Бірақ бет алған бағытына олар жете алмады. «Локомотивтің» сапында тек Ресей ойыншылары ғана емес, Украина, Словакия, Германия, Швеция, Беларусь, Латвия және Канада азаматтары да болды. Барлығының да мәйіті өздерінің туған жерлеріне жеткізіліп, жер қойнына табыс етілді.

Сол ұшақта болған 45 адамның арасынан екеуі тірі қалған еді. Оның бірі – 26 жастағы шабуылшы Александр Галимов. Ол өз күшімен ұшақтан шықты. Галимов дереу ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер қанша тырысқанымен 26 жастағы жі­гітті ажал тырнағынан аман алып қала алмады. Арада бес күн өткеннен кейін Александр Мәскеудегі Склифосовский атын­дағы жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институтында көз жұмды. Ал инженер Александр Сизовтың көретін жарығы бар екен. Ол да біраз уақыт дәрігерлер көмегіне жүгініп, ақырында аяғынан тік тұрып кетті.