Басын ақ қар басқан Алатаудың баурайындағы ару Алматыда абаттандыру жұмыстары бүгінде қай деңгейде? Бұл туралы жақында Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында белгілі болды.
Баспасөз турына қатысқан БАҚ өкілдері қаладағы саябақтар мен гүлзарларды аралап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы мен «Бюджетке қатысу» жобасы аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінде қаладағы саябақтар мен гүлзарлар ересектер мен балалардың пайдалы уақыт өткізу орнына айналуы үшін қала тұрғындарының пікірлері ескеріліп, жұмыстар жүргізілуде.
Ең алдымен қаланың Бостандық ауданындағы Тимирязев-Шашкин көшелерінің қиылысында орналасқан «Достық» саябағына бардық. Мұнда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
– Саябақты абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Ендігі кезекте «workout» спорт алаңы, балалар ойын алаңы, итпен серуендейтін арнайы жер, жарықтандыру жұмыстары, жолға асфальт, текшетас төсеу жұмыстары қалды. Барлық жұмыс қараша айының соңында аяқталады деп күтілуде. Ал абаттандыру жұмыстары жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып жүргізілуде. Сондай-ақ 370 түп ағаш отырғызылатын болады, – деді «Достар» құрылыс компаниясының өкілі Азат Естаев.
Осыдан соң Алмалы ауданында орналасқан «Ганди» саябағының батысындағы гүлбақ пен «Махаббат» гүлзарына жол тарттық. Алмалы ауданының көріктендіру бөлімінің басшысы Төлеген Әкімхан «Ганди» саябағының батысындағы гүлбақты абаттандыру жұмыстары «Бюджетке қатысу» жобасы аясында тұрғындардың ұсынысымен жүзеге асып жатқанын жеткізді.
– Қазіргі таңда резеңке мен текшетастан төсем төселіп, аумақты асфальттау жұмыстары, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ саябақта «workout» спорт алаңы, тренажерлер, екі спорт аймағы, балалар алаңы орнатылды. Жарықтандырылған саябаққа сан түрлі сәуле шашатын тіреулер мен шамдар, 24 шырақ, сәнді сәуле үлгісіндегі 8 шырақ орнатылды. Бұдан бөлек 100 түп ағаш отырғызылды. «Махаббат» гүлзарында да көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаштар мен көпжылдық бұталар, көгалдар отырғызылды. Жарықтандыру қамтамасыз етілді.
Келесі кезекте Медеу ауданындағы «28 панфиловшы гвардияшылар» саябағына барып, саябақ аумағын абаттандыру жобасымен таныстық. Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Саябақ аумағын абаттандыру кезінде ауданы 17 мың шаршы метрден асатын асфальтбетон жабынын ауыстыру, 373 жарықтандыру тіректерін орнату, ауданы 3 600 шаршы метрден асатын тротуар плиткаларын орнату, 59 мың шаршы метрден асатын аумақты көгалдандыру көзделген. 103 жаңа орындық орнатылып, 23 ретро орындық қалпына келтіріледі, сондай-ақ ұзындығы 2100 п.м. дренаж жүйесін қайта құру бойынша жұмыстар орындалады, бүгінде жұмыс көлемінің 75%-дан астамы аяқталды. Шамамен аяқталу мерзімі қазан айының соңына дейін екен.
«Негізінен саябақ аумағында жарықтандыруды ауыстыру және жалпы жақсарту жұмыстары жүргізіледі. Жаяу жүргіншілер мен тротуарлық жолдарды ауыстыру қарастырылған. Шағын сәулет нысандары да ауыстырылады», деді қалалық жайлы орта бөлімінің басшысы Руслан Кемелбаев. Оның айтуынша, бүгінгі таңда саябақ аумағындағы ескі дуалдарды қалпына келтіру бойынша компаниямен келісімге қол қойылды. «Қалпына келтіру кезінде бұл жерде қоршауларда 20-дан астам бояу қабаты, бірінің үстіне бірі жағылғаны анықталды. Мердігер ұйым арнайы жабдықтарға ие кәсіби базасы бар компанияны тапты, ол қалпына келтіруді жүргізеді», деп түсіндірді Р.Кемелбаев.
Баспасөз турына қатысушылар осыдан соң Түрксіб ауданында орналасқан «Жас қанат» шағын ауданындағы саябақ пен «Маяк» ауылына рекреациялық аймақтар құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқан «Әуежай» көлінің аймағына барды. Қалалық «Жасыл экономика» басқармасының басшысы Наталья Ливинскаяның мәліметінше, көгалдандыру алаңы 170 мың шаршы метрді құрайды. Қайта құру кезеңінде 70 жұмыс орны құрылды. 22 976 шаршы метр алаңға абаттандыру және көгалдандыру жүргізілді. Автокөліктерге арналған 30 орындық тұрақ аймақтары және велосипедтерге арналған тұрақ бар. Аумақта спорттық нысандар, «workout» алаңдары, шағын футбол және стритбол алаңдары, паркур алаңдары, балалар алаңдары салынды. Сондай-ақ 125 орындық, 130 қоқыс салғыш, орындықтары бар 8 үстел орнатылды.
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турынан кейін тікелей эфирде өткен брифингте Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская қаланы көгалдандыру бойынша бүгінде нақты атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.
«Бүгіннен бастап біз күзгі көшет отырғызуға кірістік. Жұмыс биыл 20 қарашаға дейін созылады. Шамамен 290 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Жасыл желектердің басым бөлігі Алатау, Наурызбай, Жетісу аудандарына отырғызылады», деді Н. Ливинская.
Айта кету керек, жасыл желек отырғызуға ниетті әрбір қала тұрғыны бұл шараға қатыса алады. Ал желек отырғызу кестесі басқарманың ресми сайтында жарияланған.
Қазіргі таңда «Алматы-2050» даму стратегиясын атап айтқанда, «Адамдарға арналған қала» қағидатын іске асыру шеңберінде мегаполисте айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.
Думан АРҒЫНГЕЛДІ,
журналист