Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Наз» мемлекеттік би театры өткен айда кезекті XIII маусымын жастарға арналған «Уақыт-Өмір» философиялық, хореографиялық спектаклімен ашты.
Онлайн форматта өткен жаңа маусымдағы қойылым – театр репертуарындағы алғашқы музыкалық туынды. Мұнда ән мен би қатар орындалатындықтан, жобаны театр әртістерінің сахнадағы тағы бір тың ізденісі деуге толық негіз бар. Замандастардың бүгінгі тыныс-тіршілігі бейнеленген заманауи сипаттағы философиялық ойға құрылған спектакльдің қоюшы-хореографы, бүгінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласында кәсіби біліктілігін жетілдіріп жүрген жас маман Светлана ДОМИНСКАЯ музыка мен пластиканың өзара үйлесімді үндестігінен туған сахналық қойылымның тәрбиелік мәні мен мұнан басқа да сан-сапат ерекшелігін тілге тиек етті.
– Спектакльдің атын «Уақыт-Өмір» деп атауға не себеп болды?
– Біз қазір қарапайым адамның жан-дүниесі қандай халде екенін, жеке басындағы қуанышы мен қайғысын онша елеп-ескере бермейміз. Өйткені оған көңіл бөлуге ешкімнің уақыты жоқ. Көкіректің, жүректің көзін өмірдің күйбең тіршілігі, жанбағу жанталасы, басқа да түрлі себептер жауып тастап жатқанын бағамдай алмаған әлжуаз пенделер әлденеге аптығып, асыққан күйде. Өмірдің мәнін күнделікті тіршіліктің әуре-сарсаңынан іздеп, табанынан тозған сондай жандардың ішкі рухани әлеміне осы қойылым арқылы сәл де болса әсер еткіміз келді. Түрлі мансап жолында жоғала бастаған адами қасиеттерге қайтадан бет бұрғызуға ниеттендік. Қойылым арқылы адамзат өміріндегі маңызды мәселелердің мәнін іздеп, мағынасын ашуға, көрерменнің санасын сілкінтуге тырыстық. Бір-біріміздің жан-дүниемізге үңілуден алшақтаған сайын түпкі құндылықтар ұмытыла бастаған алмағайып заманда мұндай қадамға барудың өзі зор тәуекелшілдікке жатады. Бірақ нәтижесі өзіме жаман емес сияқты.
– Уақытты қалай пайдалану керек, нені қадірлеуіміз керек, неден бойды аулақ салған абзал? Бұл – қазіргі жастар тәрбиесіндегі басты мәселенің бірі. Осындай ой саларлық өзекті тұстар ортаға салынатын қойылым көрерменді бейжай қалдырмаса керек-ті. «Уақыт-Өмір» тырнақалды туындың ба?
– Бұл менің қоюшы-хореограф ретіндегі алғашқы спектаклім. Жалпы, кез келген идеяны сахнаға алып шығу оңай шаруа емес. Мұндай қадамға бармас бұрын іштей ұзақ дайындалдым. Себебі 2-3 минуттық би қою үшін де он ойланып, жүз толғанасың. Би өнері шығармашыл адамнан көп ізденісті талап етеді. Ал енді сол ізденіп жүріп тапқан ойлары мен идеясын жүзеге асыру үшін адамға қанша уақыт керек, қанша күш-қайрат жұмсалады? Мұны бастан өткізбеген адам түсінбейді. Тырнақалды туындымды сахнаға әзірлеу үстіндегі ізденістер осыны санаға түйгізді. Мұны біз негізінен қоғамдағы өзгерістерге бей-жай қарай алмайтын, көзі ашық, көкірегі ояу көрермен үшін ұсындық. Онда қазіргі қоғамымыздағы адами құндылықтардың азаюы, экологияның бұзылып жатқаны қамтылады. Осы мәндес туындылар көрерменді өзінің ішкі жан дүниесіне үңілуге әрдайым ықпал ете алады.
– Спектакль қанша бөлімнен тұрады? Сахналық оқиғаларға қандай әдіс-тәсілдер қолданылды?
– Қойылымда бірнеше бөлім бар. Нақтырақ айтқанда, оқиғалар мейрамхана, сұлулық салоны, бақ, метро сияқты қала тұрғындары жиі бас сұғатын орындарда өтеді. Басты кейіпкерлер осы жерлерге барған сайын қазіргі қоғамның ащы шындығына көз жеткізеді. Дәулетті адамдардың балалары мен әйелдерінің ақша мен ас та төк дүниенің буына мас болып, ештеңенің қадіріне жетпей жүргені суреттеледі. Пенделердің бір-біріне деген сенімінің жоғалуы, сұлу табиғатымызды бағаламай, экологияны ластауы хореография тілімен өріледі.
Сондай-ақ заманауи сәннен қалмаймын деген сылтаумен тән сұлулығын құмартып жүріп, жан сұлулығын ұмыт қалдырған бойжеткен қыздар бейнесі, қоғамдық орындардағы көңіл құлазытатын түрлі келеңсіз жайттар, айналасына құрмет көрсетпейтін, жан-жағындағылармен санаспайтын, қоршаған ортаны сыйламайтын, безбүйректік пен астамшылық би қимылдары арқылы баяндалады.
– Сахналық қойылым немен түйінделеді?
– Қойылым соңында жағымсыз кейіпкерлердің ой-санасы түзеліп, ақиқат пен шындық жеңеді, мейірімділік салтанат құрады.
– Қазіргі замандас бейнесі арқылы ертеңге сенім артқызатын спектакль несімен құнды?
– Көбіміз құлдық пен әлденеге тәуелді болуды баяғыда жойылып кеткен ескіліктің сарқыншағы деп ойлаймыз. Шындығында олай емес. Мұндайлар қазір де арамыздан табылады. Тек сыртқы қабығы ғана басқа. Ішкі сұлбасының бұрынғыдан еш айырмашылығы жоқ. Өйткені тым астамсып, масайрап кеткендер көп... Біреуді кемсітуге, табалауға бойымыз үйренген, үлкендерді құрметтеуден қалып, тіпті қорлаудан тайынбаймыз. Олай болуы тиіс емес қой! Өз әлемімізді шексіз сүйе алсақ, мұндай жойсыздыққа жол жабылар еді. Бес күндік жалғанда бір-бірімізге тек мейірім шуағын төгіп жүрейік, жақындарымызды қадірлейік. Табиғат-Ананың жанын жараламайық.
Бұл дүниеге қонақ екенімізді ұмытпай, Жаратқанның өзімізге сыйлаған өміріне шүкіршілік ете білу де – әркімнің азаматтық парызы. Дүниенің түбіне жеткен ешкім жоқ! Сәннен қалмай, байлық қуғандардың бәрі үлкен жетістікке жете бермейді... Біреудің қуанышын қызғанбай, өз өміріміздің лайықты қожасы болуға ұмтылайық. Айналамызға ынтызар-ынтық жүрекпен, махаббатпен қарауды үйренейік деген идеяларды алға оздыруымен құнды.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»