• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 13 Қазан, 2020

Бас қала басылымы «Астана ақшамының» ақпарат айдынына шыққанына отыз жыл

729 рет
көрсетілді

Тоқыраудың толғағы жетіп, Кеңес өкіметі құрдымға кетер алдындағы аласапыран кезеңде ашылған «Ақмола ақиқаты» атына заты сай болды. Жариялылықты жалаулатып, шындықтың шырағын жақты. Тоталитарлық жүйе тұсында жаншылған қазақтың қайсар рухын қайта көтеруге көп еңбек сіңірді. Қасиетті Қараөткел жұртының келімсектерде кеткен есесін қайтаруға аянбай атсалысты. Газеттің тұңғыш редакторы Кенже Жұмағұлов бастаған журналистер хал-қадерінше қалам тербеп, оқырман жүрегін оятар ойлы дүниелер жазуға ден қойды. Егемендіктің елең-алаңындағы елдік мәселелерді екшеп, тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан тұсындағы кейбір келеңсіздіктерді ашып көрсетті. Целиноградтағы сеңі бұзыла қоймаған кеңестік солақай саясаттың зардаптарымен күреске аз күш жұмсалған жоқ. Бірақ ақмолалық әріптестеріміз бұл сынақтан сүрінбеді.

 

Басына бақ қонып астаналық мәртебеге ие болған басылым тізгі­нін 1998 жылдың басынан ұс­та­ған Жұмагүл Саухат жан-жақтан баспа­сөз саласында бай тәжірибесі бар май­талман мамандарды жинады. Алматыдан аттай қалап, Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Ерғазы Әсембековтей қабырғалы қаламгерлерді шақырды. Торғайдан Өріс Яшүкірқызы, Жезқазғаннан Айтқадыр Тілеуов, Оралдан Таңа­тар Төлеу­ғалиев, Атыраудан Темір­хан Ра­ма­занов, Байөлкеден Бекен Қайрат, Көкшетаудан Жанғали Ха­се­нов жетті, жаңа елорданың рухани көкжиегін кеңейтуді көздеп. Редакцияда бұрын­нан жұмыс істейтін Ғалым Қожабеков, Сағат Ошақбаев, Аман­гелді Қияс, Гүлбаршын Өкешқызы және басқалар сырттан келген «сырттандарды» құ­шақ жая қарсы алды.

Осынау ойдан-қырдан жиналған­дарына қарамастан аса ұйымшыл ұжымға тарап кеткен Талдықорған облысынан біз де келіп қосылған едік. Желтоқсан көшесінде орналасқан екі қабатты ескілеу ғимараттың есі­гін алғаш ашқанда, алып ұшқан көңі­ліміздің құлазып-ақ қалғанын несіне жасырайық. Ертеректе мұнда бала­бақша болған екен. Тоқсаныншы жылдардың опыр-топырында жабылып тынған көрінеді. Енді міне, бәленбай мекеменің мекеніне айнал­ған сыңайлы. Қысылып-қымтырылып бір бұрышында «ақшамдықтар» отыр­ды.

Кеңсе тар, жалақы төмен, үй алудан үміт аз. Қаптаған қиындықтар қаумаласа да жұмысымыз өнімді, тұр­мысымыз көңілді болатын. Бәлкім, бұған біреу сенер, біреу сенбес. Ежелгі Есіл жағасына қазығы қағылған ақор­далы астананың бозжайнақ бола­ша­ғына деген берік сенім бойымызға қуат құятын. Қиялымызды қияларға сермететін. Басшымыз әйел заты болса да ер азаматқа тән мінез танытып, қара­мағындағы қызметкерлерінің қаламдарын еркінірек сілтеуіне мүмкіндік туғызды. Содан демо­кра­тияның десі жүре бастады. Қо­ғам­дық-саяси, әлеуметтік-эко­но­микалық, мәдени-рухани тақы­рып­тарда өте өткір дүниелер жа­рық көріп жатты. Тіпті кейде тиісті шеңберден шы­ғыңқырап кеткен сәттеріміз де болды. Мәселен, «SOS» айдарымен қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін Вячеслав су қоймасының жағасында Мәжіліс төрағасының қызметтік көлі­гін жуып жатқан жүргізушінің суре­тін газеттің бірінші бетіне бастық. Са­лынған екпе кері әсерін тигізіп, кеселге ұшыраған балаларының зар-мұңын жазған жаңатастық аналардың ми­нистрге жолдаған ашық хатын шығардық. Биліктегілер ұната қой­майтын мұндай «қолайсыздау» материалдарды жариялауға мемлекеттік ақпарат құралдарының әдетте батылы бара бермейтін.

Көктегі күнге шылым тұтат­қан­дай астамсынған атқамінер­лер­дің қа­рапайым халыққа жасаған қиянат­тары да журналистердің қаламынан тыс қалмады. Бірде от ауызды, орақ тілді Өріс Яшүкірқызының «Ба­ған басында жанған жігіт» атты жанай­­қайы жарық көрді. Редакция жұ­мыс барысында ауыр жарақат алып, мүгедектікке ұшыраса да, жергілікті бишікештер тарапынан ешқандай көмек көрмеген электриктің аянышты хал-ахуалына көпшілік назарын аудару үшін «Адамгершілік акциясын» жариялады. Соның арқасында әжептәуір қаржы жиналып, әлгі бейбаққа әлеу­мет­тік жәрдем жасалынды. Құқық мәсе­лесінің «түбін түсіретін» Таңатар Төлеуғалиев астанада құрылыс салатын түрік компанияларының бірінде істейтін Тұран бей дейтін біреудің қаракөз қарындастарымызға қорлық-зорлық көрсетпек болған азғындық әрекетін аяусыз түйреді. Айғай-шу­­дың ақыры шетелдік азаматтың Қазақстаннан қуылуымен аяқталды.

Ресейдің баспасөзі де, басқа сөзі де санкциялық жаңалықты жарқ еткізді. Оны іле-шала қазақстандық БАҚ біткен іліп әкетті. Сөйтсек, Екін­­ші дүние жүзілік соғыста ерен ерлік үлгісіне айналған Гастеллоның ерлігінен ептеген «шикілік» шығыпты. Жауын жаныштай құлаған ұшақтың командирі Гастелло емес, капитан Маслов, ал экипаж мү­ше­лерінің бірі – қазақ Бақтыораз Бейсекбаев екен! Барлығына Ресейдің Батыры атағы беріліпті. Соған үн қосу сыңайында Бекен Қайрат «Бар қазақ­тың Бақтыоразы» деп ой тол­ғап, Астанадағы Гастелло көшесін Бейсекбаевтың атына аударып беру керектігі жөнінде әңгіме қозғады. Сола-ақ екен, депутаттар бастап, қал­ғандары қостап қолдау білдірді. Бұл өзі елорданы қазақтандыру саясатына сай бола кетті ме, білмеймін, әйтеуір қала әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджанов хабар­ласып, ономастикалық комиссия­ға редак­ция атынан жедел ұсыныс түсіру қажеттігін жеткізді. Көп ұзамай өтінішіміз өрге басып, бүгінгі «Egemen Qazaqstan» газеті көшесімен іргелес көшеге Бақтыораз Бейсекбаевтың есімі берілді.

Осы орайда басылымның біртіндеп бедел алуына бас редактордың орынбасары міндетін абыроймен атқарған екі ағамыз – Жанболат Аупбаев пен Дидахмет Әшімханұлының қомақты үлес қосқанын атап өткеніміз абзал.­ Бірі газетті кәсіби арнаға салып, көр­кемдік деңгейін көтерсе, бірі жария­ланымдардың діттеген нысанаға дөп тиетін өткірлігін ұштады.

Басылымға Мағжан Садыханұлы бас­шылық еткен кезеңде қала тірлі­гі кеңірек қамтылып, өндірістік мәсе­ле­лер жан-жақты қаузалды. Ескі Ақ­моланың өткен-кеткені жайлы ес­теліктер шежіре болып шертілді. Айт­пақшы, газет бұл уақытта «Астана хабары» деген атпен шығып тұрды.

2006 жылдың аяғына қарай газет басына Нұртөре Жүсіптің келуі елорданың рухани өміріндегі елеулі өзгерістер енгендігінен орын алды. Рес­пуб­ликалық «Жас Алаш», «Ақ жол» газеттеріндегі редакторлық шеберлігі көзі қарақты көпшіліктің көңіл төрінен табылған көшелі замандасымыз бірден іргелі ізденістерге жол ашты. Бірінші орынбасар лауазымына қазіргі қазақ журналистикасының хас жүйрігі, танымал ғалым, шенеунік шекпенін шешіп, қаламына қайта қол созған Бауыржан Омаровты тағайындады. Қос корифей тізе қосқан соң, іс ілгері баспай қайтеді. Оның үстіне осы шаңырақта Қымбат Тоқтамұрат, Нәзира Байырбек, Гүлмира Аймағам­бет, Айнұр Шошаева, Шынар Доса­нова, Гүлжан Рахман, Серікгүл Сұл­танқажы секілді жалынды жастар жазудың жасынын ой­натып, оқырман атаулыны арбап алған-ды. Талай тың идеялар жүзеге асып, жүректерге жол тауып­ үлгерді. Арада ұзамай-ақ екеуі бірі­­нен соң бірі «Айқынның» бас редакторлығына ауысып, Алматыға қо­ныс аударғанда тәлімін көрген талантты іні-қарындастары қимай шыға­рып салғаны есімізде қалып қойыпты.

1998-дің ақ қар, көк мұздың көбесі сөгілген ерте көктемінде таққа отырған, санаткерлігі мен сауаттылығы бірінен-бірі өтетін білікті ғалым Амантай Шәріп басылымның шығармашылық шырайын арттырып, «Астана ақшамы» деген әлеумет алқалаған әдемі атауын қайтарды. Сондай-ақ «Айналайын», «Айқаракөз», «Алқоңыр» сияқты «газет ішіндегі газеттерді» көбейтті. Та­рихи-танымдық сипаттағы мәйек­­ті мақалалар жиілеп, терең тебі­реністі толғаныстар толас таппады. Есімдері елге таныс Мақсот Ізім­ұлы, Раушан Төленқызы, Аман­гелді Жұмабек соң­дарынан ерген ізбасарларына үздік үрдістерді барынша үйретіп бақты. 

Ойхой жиырма бесті орталай бе­ре атқа мінген Ерболат Қаменді сырт­­тан «бала бастық» дегенімізбен сындарлы сәттерде сүрінбегені бәрімізді сүй­сіндіретін. Өзінің алдындағы әріп­тес­терінің өнегелі жолын өзінше жал­ғастырған өршіл өрен «Астана ақшамын» сол жағалаудағы көркемдігі көз сүйіндірер сулы-нулы желекжол бойындағы ғажап ғимаратқа көшірді. Редакцияның әбден тозығы жеткен мүлік-мүкәмалын есептеп шығарып, келісті кеңсемізді заманауи мебельдермен жабдықтады. «Жақсы жерде жатсаң, жақсы түс көресің» деген емес пе, тұрмысы түзелген қа­ламдастарымыздың қабақтары ашылып, жұмысы да өнімді болғанын көз­бен көрдік. Ең бастысы, ол ұжым­ның ұстыны саналатын аға буын мен керегесін кеңейткен кейінгі толқын арасындағы дәстүр сабақтастығын сақ­тай білді. Сондықтан да еңбегі жемісті болды деп есептейміз.

Кейін заман ағымымен «Астана ақшамы» түрлі құрылымдық өзгеріс­терге ұшырып, басшылық жиі ауысатын жағдайға тап болды. Ол енді құрылтайшылардың құзырындағы шаруа. Оған билік ататын әрине, біз емес. Әртүрлі жолдармен басылымды «билеген» адамдардың бәрін түгендеуді мақсат етпедік. Тек өзі орыстілді бола тұра ұлтжандылығы ұлықтауға лайық Аяған Сандыбай ағамызды айрықша атамасақ азаматт­ығымызға сын.

«Астана ақшамы» қай кезде де еңсесі биік елордамыздың қалыптасу қадамдарын, даму динамикасын, өсу-өркендеу жолдарын тарих бетіне таңбалаудан танбады. Оның уақыт уытынан сарғайған беттерінен қазіргі Нұр-Сұлтанның тағылымды шежіресін табарыңыз анық.

Бүгінде жақсы ініміз Жарқын Түсіп­бек жетекшілік ететін «Елорда ақ­парат» ЖШС-ға бағынысты бас қала басылымын «Egemen Qazaqstannyń» өкілі Еркін Қыдыр бас­­қарып отырғанын біз орынды мақ­тан тұ­тамыз. Шығармашылық топтағы Амангелді Қалжан, Азамат Есенжол, Төлен Тілеубайдың қалам қарымы алысқа сілтер арғымақ арынын ағартады. Жалпы, екі газеттің ара­лас-құраластығы бұрыннан бар. «Egemenniń» ерен кадрлары арасында Жанболат Аупбаев, Ерболат Қамен, Амангелді Қияс, Ерлан Омар, Қымбат Тоқтамұрат, Зәуреш Нұғ­манова, Орынбек Өтемұрат және тағы басқа «ақшамдықтар» атойлап жүр­геніне екпін түсіре айтсақ, айып­қа бұйырмассыз, ағайын. Өз кезе­гінде «Астана ақшамын» басқарған Мағжан Сады­хан, Нұртөре Жүсіп «Egemenniń» мек­тебінен өткен мық­тылар.

Ақпарат айдынында отыз жыл ойқастаған «Астана ақшамының» алдынан ақ күн туып, абыройы асқақтай беруіне тілектестік білдіреміз!