Евгений Сидоркин – Кеңес дәуірінің көрнекті суретшісі. Қылқаламдағы даралығы мен таланты, құштарлығы пен рухының күші оны шығармашылығы қазақ бейнелеу өнерінің әлемдік мәдениет шыңына көтерілуіне септігін тигізген танымал классик-шеберлердің қатарына қосты.
Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде Кеңес одағының халық суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған бірегей шебердің туғанына 90 жыл толуына орай «Менің Қазақстаным» атты жеке көрме ашылды. Экспозицияға «Көңілді алдағыштар», «Қазақ эпосы», «Сәкен Сейфуллинді оқығанда», «Қазақтың ұлттық ойындары» секілді суретшінің ең үздік топтамалары қойылған. Кәсіби дарын иесінің Қазақстандағы алғашқы жұмысы саналатын – «Көңілді алдағыштар» топтамасының акварельдік парақтары көрермен көңілін күлкі мен юморға толтырады. Оның басты кейіпкерлері – есімдері аңызға айналған дала данышпандары Алдаркөсе мен Тазша бала, Жиренше шешен.
«Евгений Сидоркиннің туындылары қазақ графика өнерінің жарқын беттерін құрайды. Оның шығармашылығына тән өте жоғары кәсіби және орындаушылық шеберлігі Қазан көркемсурет училищесінің, Ригадағы Көркемсурет академиясының, И. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтының білім ошақтарында қаланды. Дәуір үнін дәл жеткізген философиялық мәні терең картиналардың уақыт өткен сайын маңыздылығы артып келеді. Кенептегі әр жағыс, өткен тарихымыздың қайталанбас ізі», дейді музейдің Қазақстан бейнелеу өнері бөлімінің жетекшісі Күлжазира Мұқажанова.
Айталық, көрме төрінен орын алған «Ғасырлар түнегінен» топтамасын Сидоркин 8 жыл бойы кенепке түсірген. Аталған картиналар тізбегі – суретшінің қазақ халқының тарихы жайлы ойлары кейіптелген қондырғылы қолтаңбасы. Ол шығармасында қақтығысқа, қара күш пен соғысқа табынған «қатыгез ғасыр» – феодалдық өзара тартыстар кезеңін таңдап алған. Ал суретшінің Байқоңырға, Теміртау Магниткасына, Қазақстан егіншілеріне арналған сюжеттері кірген «Қазақстан жерінде» топтамасы жолсапардан алған әсерінің күшімен дүниеге келіпті. Шебер қаламына ілігіп, топтама қаһармандарына айналған қарапайым жұмысшылар мен олардың қоңырқай тіршілігі көрерменді өткен күннің елесімен қауыштырады.
– Сидоркин шығармасындағы өзінің шұрық-тесік тонын айқара ашып тұрған Алдаркөсенің тапқыр да айлакер жүзінде қаншалықты сенім бар десеңізші. Оның жанындағы салтанатпен сәнді киінген бай мүсәпірлеу көрінеді. Кейінірек суретші осы топтаманы түсті автолитография тәсілінде екінші рет орындайды. 1960 жылы ол М.Әуезовтің шоқтығы биік «Абай жолы» шығармасын көркемдеуге ақ-қара линогравюраны таңдайды, арада он жыл өткеннен кейін 1970 жылы екінші рет автолитография тәсілінде орындап шығады. Өз дәуірінің энциклопедиясы аталған осы үлкен эпопеядағы ең басты оқиғаларды қамтуға тырысады. Роман бірнеше рет оқылып, Абай, Тоғжан, Құнанбайлардың немесе өзге де бас кейіпкерлердің портреттері суреттелген жолдар ерекше назарға алынып, парасат пен философияға толы болмыс-бітіміндегі қайталанбас образдары сомдалған. Сонымен қатар Сидоркин романның аса маңызды тұстарын таңдап алып («Базар», «Аналар», «Әбіш бейітінің басында», «Жұт»), шығарма оқиғасының және тұлғалардың эмоциялық тереңдігін көз алдымызға елестете алатындай керемет айқындаған, – деп пікір білдірді өнертанушы Самал Мамытова.
АЛМАТЫ