• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Қазан, 2020

Келін болып түскен ауылын басқарып жүр

2703 рет
көрсетілді

Жарма ауданы, Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаева республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауында топ жарғандардың ішінде жалғыз нәзік жан.

 

Сонау Атыраудың қызы осыдан отыз жыл бұрын Жарма ауданына, Есембаевтардың шаңырағына келін болып түскен. Содан бері Шалабай ауылынан табан аудармай еңбек етіп келеді. Бүгінде Жанар Сәкенқызы Шалабай ауылының білдей әкімі.

– 1991 жылы келін болып түстім. Жолдасым екеуміз бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Алғашында мектепте химия-биологиядан сабақ бердім. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, 2009 жылдан бері Шалабай ауылдық округін басқарып жүрмін, – дейді Жанар Сәкенқызы. 

Тоғыз жолдың торабында тұрған Шалабай ауылының өзінде ғана 266 аула, он шақты үйлі стансасы бар. Маңайындағы ауылдар қысқарып кеткен. Халықтың тіршілік көзі – мал шаруашылығы. Мұндағы шаруа қожалықтардың көбі асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Соған қарай «Ата­мекен» кәсіпкерлік палатасының көмегімен 120 млн теңгеге асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатында арнайы зертхана салынып жатыр.

Ауыл әкімінің айтуынша, Шалабайда бос тұрған үйлер жоқ. Халықтың тұрмыс сапасы тәуір. Тұрғындарды негізінен «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», темір жол стансасы, «Шалабай» сынды шаруа қожалықтар жұмыспен қамтып отыр. Қалаға қоныс аударып жатқандар некен-саяқ. Өйткені облыс орталығына дейін 105 шақырым ғана. Қажет болса, күнбе-күн барып келулеріне болады.    

Ауыл жастары үшін «Шалабай» ЖШС басшылығы бос тұрған азық-түлік дүкенін жөндеп, «Shalabay.kz» атты жаттығу залын ашып қойған. Осы уақыт ішінде ауыл­ды абаттандыру үшін «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» және «Шалабай» ЖШС-мен меморандумға отырып, көптеген жұмыстар атқарылған. Келісім-шарт бойынша «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ауылдық жастарға арнап би алаңын, заманға сай ойын алаңын салып берген. Сондай-ақ дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, медициналық құрал­дармен жабдықталды. Екі жақты келісімнің арқасында ауылдың бес көшесі түнгі уақытта самаладай жарақырап тұр. Көше-көшеге су құбыры да тартылған. Ал бағдарламаға енбей қалған бір көшенің мәселесін ауыл әкімі демеушілердің көмегімен шешкен.

– Ауылымызда аралас орта мектебіміз бар. Енді жастар алаңсыз жұмыс істеуі үшін балабақша керек. «Үздік ауыл әкімі» байқауына да 30 орындық балабақша ашу туралы жобамды ұсынған едім. «Шалабай» ЖШС балансында тұрған дәмхананы балабақшаға лайықтап жөндесек, жеті адамға жұмыс орны ашылар еді, – дейді Жанар Есембаева.

Ауылдық округ әкімі алпыс жыл жөндеу көрмеген ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуді де жоспарлап отыр. Ол үшін 27 млн теңгеге жобалық сметалық құжатын дайындап қойған. Шағын футбол алаңын ашуды да ойластырып жүр.

Мінеки, Жанар Сәкенқызы «Үздік ауыл әкімі» байқауына жүзеге асқан жұмыстар мен жоспардағы жобаларды облысқа, одан өтіп республикаға ұсынған. «Мен неге «Үздік ауыл әкімі» атағына лайықпын?» тақырыбында эссе жазған. Нәтижесінде, 14 облыстың ішінен іріктеліп шығып, үздік үштіктен көрінді. 

Конкурстың алғашқы кезеңінде облыстың Әдеп жөніндегі уәкілдерімен бірлесіп, арнайы сауалдама әзірленді, тұрғындардың пікірі еске­рілді. Әкімдердің халықпен кері байланыс­ты жолға қою жөніндегі қызметі баға­ланды, сол бойынша қол жеткізген нәти­желері зерделенді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасын іске асыру, яғни халықпен кері байланыс орнату және мәсе­лелерді уақ­тылы шешу мақсатында ауыл тұрғындары үшін «Ашық әкімдік», «Ашық диалог» формат­тарында тоқсан сайынғы кездесулер өткізу тәжірибесі енгізілді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бас­тамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы өз мәресіне жетіп, жүлдегерлер марапатталды. Нәтижесінде, ауылы үшін аянбай еңбек етіп жүрген Шалабай ауыл­дық округінің әкімі Жанар Есембаева жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы