• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Қазан, 2020

Елбасы кітапханасының виртуалды көрмесі әлем мәдениетінің құнды мұрасы «Пазырық кілемі» жәдігерін ұсынды

787 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы «Бір жәдігер тарихы» жобасы аясында «Пазырық кілемі» атты виртуалды көрмесін көпшіліктің көзайымына айналдырды.

 

Әлем тарихында «Пазырық мәдениеті» деген атпен белгілі Еуразия археологиясының ай­рықша жаңалығына баланып келген б.з.б V-III ғасырға тән ежелгі оба, қорғандар – Ресей Федерациясы Тау­лы Алтай аймағы, Ула­ган ауда­ны жерінде теңіз дең­гейінен 1600 метр биікте орналасқан һәм мәңгі мұз­дақта бүлінбей сақталған бес үлкен оба. Мұндағы тоң-мұз­дақ­тың арқасында табиғи бальзамдалған адам мүрдесі мен металл, тері, был­ғары, ағаштан жасалған бұйым, сонымен қатар малдың жүнінен тоқылған керемет кілемдер жақсы сақталған.

Солардың бірі – Елбасы кітапханасы көпшілікке ұсы­нып отырған мына кілем. Бұл жәдігерді Нұрсұлтан Әбіш­ұлына 2010 жылы бір­қатар мемлекет елшілерінің сенім грамоталарын тапсыру рәсі­мі кезінде солардың бірі ұсын­ған екен. Сөйтіп аталған ди­п­ломатиялық сый біз­дің елі­міздің халықаралық қа­ты­нас­тарының ауқымды гео­­­­гра­фиясын сипаттау­мен­ қа­тар, ежелгі заманнан бері Еура­зия аумағын ме­­кен­де­ген халықтардың жаһан­дық тарихи-мәдени қоғам­дастығының айнымас символы ретінде Қа­зақстан Рес­публикасының Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы кі­тап­ха­насы қорынан орын алған.

Дәл осы кілемді 1949 жы­лы орыс археологі, техника ғылымдарының докторы Сер­гей Руденко басқарған КСРО ҒА Археология инс­ти­туты­ның экспедициясы тайпалық ақ­сүйектердің отбасылық зира­ты болып табылатын бес үл­кен тасобаның бірі – бесінші қорғаннан тапқан.

Кілемнің пішіні шаршыға жақын, яғни 183х200 см. Қой­­дың иленген терісінен жасал­ған. Ортасы бедерлі төрт­бұрыш шаршылармен безен­діріліп, шеті бұлан мүсінді бейнелермен жиектелген. Жәді­герді тоқы­ған ашық қы­зыл, жасыл, сары түстес жіп­­тер өңін бұз­бай жақсы сақтал­ған.

Сырт­қы жиегінде қанатты гри­фондардың фигуралары орна­ласқан. Келесі кең белдеулі жиекте ат үстінде және жан-жағында жетіден қызыл фонда шабандоздардың шеруі бейнеленген. Орталық өріспен шектесетін қиылыста бүркіт грифонының қайта­ланатын бейнелері тоқылған. Кілемнің орталық қызыл фонында үшбұрыш пішіндес жапы­рақ­шалар және оларды толық­тыратын жиырма төрт шаршы орналасқан.

«Мұндағы барлық элемент­терді орындаудың ше­берлігі сол кезеңдегі кілем то­қу­­дың жоғары деңгейін көр­се­теді» деп жазған екен жәді­герді қай­та қалпына келтіру ісіне бас­шылық жасаған ғалым-рес­тавратор Н.Н.Семенович. Бұл кілемнің түпнұсқасы Санкт-Петер­бургтегі Мемлекеттік Эр­ми­таж музейінде сақтаулы тұр.

– Кілемнің шығу тегі туралы әртүрлі көзқарастар бар, – дейді көрмені ұйым­­д­ас­тырушылар. Яғни, жәдігер­дің пайда болуы біздің дә­уі­рімізге дейінгі бірін­ші мың­жылдықта Еуразия аума­ғын­­да болған жаһандық мә­дени байланыстардың дәле­лі іспеттес. Сонымен қатар бұл кілем ежелгі өнер тари­хы мен семантикасының баға жетпес қайнар көзі. Өз зама­нының басқа да көрнекті ес­керт­кіштерімен қатар, ерте темір дәуіріндегі көшпенділер мәдениетінің жоғары деңгейі­нің көзге көрінетін үлгісі болып табылмақ.