Соңғы бірнеше күн қатарынан АҚШ президенті Дональд Трамптың коронавирусқа тапсырған тест сынамалары теріс нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
"Президенттің COVID-19-ға қатысты тапсырған тест сынамалары бірнеше күн қатарынан теріс болды", - делінген Ақ үйдің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Америкалық көшбасшының дәрігері Шон Конли президенттің дәл қай күндері тест тапсырғанын көрсетпеген. Дәрігер атап өткендей, Трамптың соңғы зерттеу нәтижелері теріс шыққандықтан, қазір оның айналасындағыларға індетті жұқтыру қаупі жоқ.
Еске сала кетейік, 2 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп және оның әйелі Меланья коронавирус жұқтырды. Президенттің індеттен емделуіне 100 мың доллардан аса қаражат кеткен.