Түркістан облысы бойынша барлық нысандардағы санитарлық талаптың сақталуын қоғамдық бақылау мүшелерінен құрылған арнайы мониторингтік топ бақылайды. Рейдтік тексеріске шығып, бас санитар дәрігердің қаулысын елемегендерге әкімшілік шара қолдануда. 53 мобильді топ карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын нысандарды аралады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында жүргізілген арнайы рейд кезінде мобильді топ кәсіпкерлік нысандарды аралап, белгіленген санитарлық нормалардың сақталуын тексерді. Талап бұзғандарға ескерту жасалды. 5 шілде мен 10 қазан аралығында 30 мыңға жуық нысан аралаған мобильді топ карантин талаптарын бұзған 3701 нысан анықтады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 150 млн 217 470 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Той-томалаққа тыйым салынғанына қарамастан өңірде жекелеген азаматтар келін түсіріп, қыз ұзатып, жиын өткізуді тоқтатпай тұр. Мобильді топтың тексеруімен жалпы 236 отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталып, той уақытынан бұрын тоқтатылды.