Құрманғазы – Қазақстан-Ресей шекарасындағы аудан. Енді бұл ауданның тұрғындары мелмекеттік қызметтің түрлерін бір орталықтан алатын болды, Өйткені, мұнда "Ашық әкімдік" кеңсесі ашылды.
Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың пікіріне сүйенсек, тұрғындарға жедел әрі сапалы қызмет көрсету арқылы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу көзделіп отыр. Осы орайда аудан тұрғындарының бір орталықтағы мемлекеттік органдардың өкілдерінен құқықтық және әлеуметтік көмек алуына қолайлы жағдай жасалды.
"Президент "Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Осыған орай өңірде "Ашық әкімдік" жобасы қолға алынды. Ашық форматтағы кеңседе ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа салалар бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Біздің мақсатымыз – мемлекеттік қызметтерді бір орталыққа шоғырландыру.
Мұнда "Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы" жасақталып, ғаламтор желісімен қамтылды. Дербес компьютерді қолдану арқылы әр тұрғын өзіне қажетті қызметті алады. Арнайы күту залы, балалардың ойын алаңы жасақталып отыр, деді облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілханов.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Қанат Қожахметов бұл кеңсенің тиімді тұстарына тоқталды.
"Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында екі арада адам емес, қағаздың жүгіруі қажеттігін алға тартты. Ашықтық, адалдық, парасаттылық – әділдіктің басты қағидалары. Сол себептен, осындай форматтағы "Ашық әкімдік" кеңсесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сәйкес келеді", деді ол.
Аталған департамент басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыттың айтуынша, "Ашық әкімдік" кеңсесі – тұрғындар үшін қажетті ақпараттар беретін, мемлекеттік қызмет көрсететін алаң.
"Мақсатымыз – мемлекеттік қызметкер мен қарапайым халықтың арасында тікелей диалог орнату. Мұны "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" құру концепциясының негізгі қағидаттарының бірі деуге болады. Тұрғындар осы кеңседен мемлекеттік қызметтерге баға бере алады" деді Айдос Мамыт.