• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 14 Қазан, 2020

Қарияны 7 минутта аяғынан тұрғызды

364 рет
көрсетілді

Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлеріне омыртқаның диск жарығын алып тастап, науқасты аяғына тұрғызу үшін бар болғаны 7 минут қажет болды.

Елорданың іргесіндегі Қараөткел ауылының 72 жастағы тұрғыны Аман­гелді Үсейінов белі қатты ауырып, ая­ғын баса алмай қалған еді. Жүріп-тұрмақ түгілі, жанына ауру батқанда ұйқыдан да қалады. Адам төзгісіз азапты ауру ақсақалды Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандарына алып келді. Оны орталықтың Жұлын нейрохирургиясы және шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің дәрігерлері қарап, пациенттің МРТ сурет­терінен бел омыртқасының деге­неративті-дистрофиялық өзгеріс­терін анықтады. Медицина тілімен айт­қанда төртінші және бесін­ші бел омыртқалары арасындағы дискінің сол жақ фораминальды жарығы бар бо­лып шықты.

Қарияның ауруын және жасының ұлғайғанын есепке алған бөлімше дәрігерлері омыртқалардың L4-L5 дискі­сінің жарығын эндоскопиялық-трансфораминалдық жолмен алып тас­тауды ұйғарады.

Жұлын нейрохирургиясы бөлім­шесі­нің меңгерушісі, профессор Тал­ғат Керімбаевтың айтуынша, бұл па­­­цинетке жарықты алып тас­тау опе­­­рациясын жүргізудің өзіндік қиын­­дығы болған. Жарық қол жетуі қиын жерде орналасқан екен. Бұл жағ­дайда дәрігерлер өте жылдам және жара­қатсыз, ең бастысы тиімді емдеу әдісін таңдайды. Әдетте мұндай оқшауланған жарықтар кезінде сегментті имплантты бекіту жолымен омыртқа құрылымының бөлігін алып тастайтын жарақаттаушы әдісті қол­данатын. Ал бұл жолы басқаша жол таң­далып, операция уақыты бар бол­ғаны жеті минуттан астам уақытты алды.

«Біз, нейрохирургтер омыртқа және жұлын ауруларын емдеудің осындай заманауи, жоғары технологиялық, кіші инвазиялы әдістерін қолдану арқылы операция уақытын қысқартумен қа­тар емдеу нәтижелерін жақсартуға, сондай-ақ пациенттерді операциядан кейін ертерек аяққа тұруына және олар­ды күнделікті өмірге қайта оралуына мүмкіндік беретінін есепке аламыз. Сондықтан операция жергілікті анес­тезиямен, науқастың есін толық сақ­тай отырып жасалды. Бұл операция аяқтала сала пациенттің өз ая­ғына тұрып жүріп кетуіне мүмкіндік бер­ді. Айта кетерлік жайт, науқасты алаң­дататын барлық белгі толығымен жойыл­ды», дейді орта­лық мамандары.

Ал ауруынан 7 минут ішінде айық­­қан 72 жастағы Амангелді Үсейі­нов «Жұлын нейрохирургия­сы бөлім­шесінің дәрігерлеріне, мейір­гер­лері­не жүрекжарды алғыстан бас­қа айтарым жоқ, сауығып келе жатқаныма қуанышым шексіз! Осы орталыққа келгенде өз аяғыммен жүре алмадым, балаларым мені мүгедектер арбасымен алып келді. Жиырма күннен астам уақыт жүре алмау былай тұрсын, тіпті ешқандай қозғала алмай қалдым. Қазір ақырындап жүре бастадым, жақында үйдегі шаруаларыммен де айналыса бастаймын деп ойлаймын. Барлығына шын көңілден үлкен рахмет!» дейді ағынан жарылып.